Құран – рас, Алланың сөзі-дүр ол
(Абай)
Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Алланың адамзат қауымына жолдаған өмір сүру нұсқаулығы. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.
Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни, амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені, Алла оларға тиісті сауаптарын толық береді. Сондай-ақ, Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйларын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни, әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», - дейді (Фатыр сүресі, 29 аят), яғни, Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді, Алла Тағала оның бұл амалына еселенген сауаптар жазатындығын уәде етіп тұр.
Бұл ақиқатты ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай баяндайды: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған он сауап жазылады»(Имам Тирмизи риуаят еткен).
Ал, басқа бір өсиетінде «Кімде-кім Құранды оқыса және оған амал қылса, қиямет күні ол адамның ата-анасына нұры күннің нұрынан да әдемі болған тәж кигізіледі. Ендеше, амал қылған адамның өзі жайлы не ойлайсыңдар?!» - деген (Әбу Дәуід риуаят еткен). Демек, Құранды оқып, оған амал қылған адамның өзіне бұдан да артық сый-сияпат көрсетілетін болып тұр ғой.
Ал, Алланың сөзі Құранды оқитын мұсылман мен Құранды оқымайтын мұсылманның арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бұл айырмашылықты «Құран оқитын мұсылман – дәмі тәтті, әрі, хош иісті тәтті лимон секілді. Ал, Құран оқымайтын мұсылман – дәмі тәтті, бірақ, хош иісі жоқ құрма секілді», - деп атап өтеді (Бұхари, Муслим риуаяты). Бұл жердегі «дәмі тәтті» деген сөз иманды білдіреді. Себебі, кез келген мұсылман Құранға иман келтіріп, оның Алланың сөзі екендігіне сенеді. Ал, «хош иіс» - Құран оқуды білдіреді. Өйткені, Құран оқыған адам өзінің де, тыңдаушылардың да жанынан рақат сыйлайды, сондай-ақ, өзін де, тыңдаушыларды да сауапқа кенелтеді. Бұл турасында Алла Тағала «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үнсіз тыңдаңдар! Сол кезде Алланың рақымына бөленесіңдер», - деген (Ағраф сүресі, 204 аят).
Ал, Құранды үйрену және оны басқаларға үйрету – бізді ең жақсы адамдардың қатарынан қылады. Себебі, Алла елшісі «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренген және басқаларға үйреткендерің», - деп айтқан (Бұхари риуаяты).
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде «Адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Алланың кітабын оқыса және бәрі бірге үйренсе, оларға тыныштық түседі (жүректерін тыныштық баурайды), оларды мейірім қаптап, жан-жақтарынан періштелер қоршап алады және Алла Тағала оларды өз құзырындағы періштелердің ішінде еске алады», - деген (Муслим риуаяты). Бұл хадистен Құранды көпшілікпен бірге оқып, Құранның үкімдерін көпшілікпен бірге үйренудің қаншалықты маңызды байқаймыз.
Міне, Құран оқудың осындай артықшылықтары себепті, үмметіне деген махаббаты ерекше Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бізді Құран оқуға шақырып «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі, ол қиямет күні өз иелеріне (яғни, Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады», - дейді (Муслим риуаяты).
Пайғамбарымыздың өзі де Құранды әркез оқитын. Әсіресе, түнгі намаздарында ұзақ сүрелерді оқуды жақсы көретін. Алла елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабаларының бірі Хузәйфә ибн Иәмән (р.а.) мынадай риуаят жеткізген: Бір күні түнде Пайғамбарымызбен (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бірге намаз оқыдым. Ол кісі Фатихадан кейін Бақара сүресін оқып бастады. Мен жүз аят оқыған соң рукуға баратын шығар деп ойладым. Одан өтіп кетті. Бақарамен осы ракатты тамамдайтын шығар деп ойладым. Одан да өтіп Ниса сүресін бастап кетті. Оны оқып бітті де, Әли Имран сүресін бастады. Соны оқып біткен соң барып рукуға барды (Муслим риуаяты).
Сахабалардың да Құран оқуға деген махаббаттары ерекше болған. Тіпті, Абдулла ибн Амр есімді сахаба күн сайын ораза ұстап, түн сайын Құранды басынан бастап, соңына дейін толықтай оқып шығатын болған екен. Ол кісінің бұл жағдайы Пайғамбарымызға (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) айтылғанда Алла елшісі ол кісіні шақырып алып, әрбір адамда жұбайының ақысы, тіпті, өз денесінің ақысы бар екенін ескертіп, айына үш күн ораза ұстауын өсиет етеді. Одан да артық ораза ұстағысы келетінін айтқан соң, күн ара ораза ұстауға рұқсат береді. Сондай-ақ, Құранды бір айда толық оқуды, ол болмаса 10 күнде, ең ұзағанда бір аптада бір рет толық оқуын, одан асырмауын өсиет қылады (Муслим риуаяты). Бұл риуаяттан аталмыш сахабаның Ораза мен Құранға деген махаббатының молдығы соншалықты, тіпті, өзін ұмытып кететіндей дәрежеде болғандығын, Алла елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) ол кісіге белгілі бір ережелерді түсіндіріп, қалыпқа салғандығын көреміз.
Сөзімізді қорытындылар болсақ, Алла елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) «Кімде-кімнің ішінде Құраннан титтей де нәрсе болмаса, ол қираған үйге ұқсайды», - деген екен (Тирмизи риуаяты). Ендеше, Алланың сөзін оқуды білсек, жиірек оқығанымыз жөн болады. Ал, оқи білмесек, үйренуге ден қоюымыз керек.
Ең бастысы Құранға амал қылу, Құранның дегенімен жүріп, адалдықтың ақ жібінен аттамау, адамдық атымызға кір келтірмеу екенін есімізден шығармайық.
Нұрсейіт ОМАРОВ,
Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы