ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ДА ӨЛШЕМ КЕРЕК

ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ДА ӨЛШЕМ КЕРЕК

1447
3 мин
ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ДА ӨЛШЕМ КЕРЕК

Адамды адамдық қалыпта ұстап, сақтап қалатын оның ары, еркі мен жігері.

Арлы адамда өзіне деген құрметі мен өзгеге махаббаты болады.

Ерікті адамда да жауапкершілік пен таңдау, қалау мүмкіндігі болады.

Жігерлі адамда шешім, қарар, іс-әрекет болады.

Бірақ адам адамсыз, қоғамсыз, қауымсыз тағы өмір сүре алмайды. Адам тез жаттанғыш, тез айнығыш, құбылмалы, тұрақсыз сипатқа да бейім тұрады. Демек адам тек адаммен ғана адам. Яғни онда топ, жамағат, қарым қатынас, психо-әлеуметтік орта шарт.

Міне осындай және басқа қысымдардан адамды адам қылып тұрған танымдық қабаттары: дін, мәдениет, тіл, ойлау, өнер, кәсіп, әдет-ғұрып, мораль, құқық сияқты уақыт пен кеңістікке қарай әртүрлі қысым көрсетеді. Адам рас саяси мақұлық. Қысымдар негізінен саяси жүйелік, шарттық, бағдарлық, танымдық, экономикалық т.б. болып кете береді. Осындай ортада адамды анықтайтын "измдер мен шылықтар" басымдығын көрсете бастайды.

Мысалы діншілдік, ұлтшылдық, жершілдік, рушылдық, мемлекетшілдік, текшілдік, нәсілшілдік, материализм, идеялизм, атеизм, феминизм тб. Қарап отырсаңыз бұлардың барлығы адамнан шыққан, адамға керекті, оған сан салалы қуат беретін құндылықтық тұғырлар. Демек құндылықтарға да өлшем керек екен.

Діншілдік емес діндарлық, ұлтшылдық емес, құндылықтық, жершілдік емес отандық, рушылдық емес ұлттық сияқты. Енді осы шылықтардың табиғатын ашып қарасаңыз негізінен саяси тұғырдағы топтасу не қауымдасуға барып тіреледі.

Әрбір топтың мақсат мүддесі бар. Ол өздерінің өмір сүру кеңісітігіндегі саяси билік уақытына деген жауап болып шығады. Яғни кез келген топта саясатқа қарсы саяси жауап алтернативасы бар. Мейлі оның ықпалы ауқымы қандай болса болсын, аз ба көп пе айырмашылығы жоқ.

Адамды қалыпта ұстап тұратын ең басты әлем ол тілі, мәдениеті, салты, құндылығы. Саяси жүйесі де осы шеңберге сай үйлесімді болса құба-құп. Болмаса адамды алдау, арбау не қысыммен ұстау мүмкін емес. Адам маусыммен үндес. Маусымға бейімделгіш. Ол табиғат. Сол сияқты адамға да саяси тұғырда да маусымдық сенім мен шарт сезімі берілу керек. Адамның еркіндігі саяси жүйесінің берген мүмкіндігі, құқықтық нормасы деп қарасаңыз егер, қазақты кешегі "отарлық" және бүгінгі "егемендік" маусымы арасына айырмашылық көрсетілуі тиіс. Қазақ отаршылықты "қар басқан қыс" деп білсе, егмендікті де "көктем" деп білсе, онда оның үміті де, сенімі де, сезімі де көктемге сай ортаны аңсайды.

Ал енді сол көктемде де кешегі қар жатып алса әрине небір шылықтар мен былықтар шыға береді. Ең болмаса саяси жүйе "көктемде" де не себепті қар жатқандығын ғылыми тәсілдермен, уәжді негіздемелермен түсіндірсе, қазақ сабырмен тағы алдан үміт күтеді...күте береді.

Сондықтан билік пен халық арасындағы диалог ашық әрі әділ болса дамудан үміт үзілмес, болмаса, қазақ құндылықтарындағы өлшемнің айнығаны айныған...соңы болмайды. Ол кезде тек "Шылықтар мен былықтар" жасасын деген лозунгілер үстемдік етеді. (7 жыл бұрын осы жерде жазылған екен)

Досай КЕНЖЕТАЙ-дың фб парақшасынан

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс