Құнанбайдың туысын ел былай баяндайды: Қарлы боранды қыста, ақпанның қақаған аязында қыран жартасты шыңның заңғар басына аяздың өтіне, тастың үстіне бір жұмыртқа туып тастайды екен.
Ол жұмыртқа қатты аязда шыдамай жарылып кетсе, анасы көріп, ол жарылған жұмыртқаны құздан төмен қарай атып жіберіп, келесі қыста және бір жұмыртқа туады екен. Сөйтіп, тек аяздан жарылмай қалған жұмыртқаны ғана басып шығарады екен.
Ол балапан құстың құмайы болып шығады. Ата-анасы сол балапанды асырап, қанаттандырып, баулып жетілтеді екен. Құнанбайдың туысы сондай, - деседі. Және елдің айтысы: «Құнанбай ел тілегіне туды.
Ол елі үшін еңбек ететін болады. Соның үшін жұрт болып тілеп, оны екі ажалдан, екі айдаудан алып қалдық. Құнанбай ажал мен айдаудың қармағына ілінгенде халық болып құдайдан жалынып тілеп, көз жасымызды көлдей төгіп, оның жанын алып қалдық» деседі. Мұны жас немересіне Құнанбайдың өзі де айтқан.
Тағы өзінің: «Елімнің менде өтелмес қарызы бар. Мені екі өлім ажалынан, екі айдаудан алып қалған елімнің тілеуі», - деген сөзі бар. Өскенбайдың әкесі Ырғызбай өте балуан батыр болған адам.
Атақты Керей Ер Жәнібекке жолдас болып, талай жорықта ерлік көрсеткен. Сол ел қорғаудағы және ел намысын жібермеудегі ерлік-батырлығына сүйсініп Ер Жәнібек ағасы Есіргеміс батырдың қызы - қарындасы Ермекті Ырғызбайға қалыңсыз берген. Екі асылдан ер туар деген ойда болған.
1766 жылы Абылай хан мен Әбілпейіс ұлы жүзге болысып, Қоқанның қоған бегін қуып, Ташкенді босатқан тойында Ырғызбай балуанға түсіп, атақты қоңыраулы балуанды жығып, бәйгеге тіккен көп астықты алып, барған әскерлер азық қылған.
Құнанбай да 15 жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзі құрбы балуан дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жастар шамасында Құнанбай жауырыны жерге тимеген Көтібақ руынан шыққан 15 жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады.
Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын. Сеңгірбайға келіп: «Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпалық, жықсам да жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім», - дейді.
Сөйтіп қазіргі Жарқымбай биігі деген таудың сайында екеуі кездесіп күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмеген. Олар айтпаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алған. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап кеткен.
Сеңгірбай өлген соң қайсыңыз жықтыңыздар деген құрбы - достарына Құнанбай: Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес, - деп жауап берген.
Құнанбайдың өз айтысы: -Бір үлкен жиын той болып Найман, Тобықты арасындағы балуанға түстім, қарсыласқан балуанға күшім жететінін сезген соң, тез шалып алдым, қайырып тастай бергенде, аяғым тайып кетіп, өр жағыма шығып кеткен балуанның астына түсіп қалдым.
Сөйтіп, қазақ күресі көбінесе қапы кетіреді екен және балуандықты қуғаннан басқа бір жол іздейін деп, жиырма жасымда күресті қойдым,- дейді.
Өскенбай Құнанбайға Найман табының Терістаңбалы руынан шыққан атақты Ағанас бидің қызы Күңкені айттырады. Өскенбай көбінесе, ел ішінде жиын, съезде жүреді. Не басқа елдің шақыруымен сонда барып, дау-шарды бітіреді.
Осындай кезеңдерде Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділдік, билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады. Сол билікті кексе билер естігенде қисық деп айта алмайды.
Құнанбай билік айтқанда мынау би, мынау жуан, мынау аталы деп, олардың ажарына мансап - дәрежесіне қарамайды, тек істің ағына қарайды.
Сондықтан, ел Құнанбайды әділ мырза деп атандырады. Құнанбайды қашан қажыға барғанша халық «Мырза» деп атаған. Оның екі түрлі жайты болды дейді ел: Ол басында бай болған жоқ, малы аз болған.
Бірақ шын мұқтаж адамнан мал аяп көрген жоқ. Тай-жабағысымен әкесінен он екі жылқы енші алған, солардың мінуге жарайтындарының бәрін аты жоқ кедейлерге май ғып беретін болған.
Тамағы жоқтарға асынан бөлгізіп беріп, жалаңаш адамдарға екі киімнің бірін беретін болған,- дейді. Екінші мырзалығы: «Дауласып келген адамдарға адал билігін айтып, ақылсұрағандардан таза кеңесін аямайтын еді,- деседі.
Құнанбайдың уәдеге берік, ұстамдылығы, қайратты, жігерлілігін, сабырлы, шешен, болжампаздығын ел аңыз етеді.
Ахат ШӘКӘРІМҰЛЫ