“Құдайға құл болу” дегенді қабылдай алмаймын.
Кейбір кісілер “Құл болу – адам еркіндгіне қайшы. Сондықтан Құдайға құл болу дегенді мүлдем қабылдай алмаймын” секілді уәжді алдыға тартып жүр.
Ұлы Жаратушыға сенген адам үшін Құдай оның ұлы Иесі. Себібі Құдай оны жоқтан жаратып, өмір сыйлады. Түрлі қабілет-қарым берді. Ал Құдай адамның Иесі болса, онда адам да Оған тиесілі, Оның иелігіндегі жаратылыс. Яғни иелік бар жерде тиесілік ұғымы да қатар жүреді. Міне құл болу дегеніміз сол тиесілікті білдіреді. Басқаша айтқанда, иелік пен құлдық, Ие мен құл осы тұрғыдан қарағанда – антоним ұғым.
Бұл жерде негізгі мәселе, иман мәселесі. Яғни, Жаратушыға сеніп, сенбеу мәселесі. Сондықтан атеист біреудің мұндай уәжі құдайға иман келтірген кісіге әлбетте жүрмейді.
Иман еткен адам мына дүниеде ойына келгенін істей алмайды. Өйткені Құдай адамға өз атынан әрекет ету өкілдігін берген. Ал кез келген өкілеттілікте рұқсатпен бірге шектеу де қатар жүреді.
Яғни, ұлы Иеміз тарапынан адамға кең көлемде еркіндік берілген. Бірақ бұл дегеніміз ешбір шектеусіз қалағаныңды істейтіндей еркінсің дегенді білдірмейді. Оны былай тәпсірлеп көрелік.
Мына дүниеде барлық мемлекеттердің адамның кейбір әрекеттерін шектейтін әртүрлі заңдары бар. Тіпті көлік жүргізудің де өзіндік ереже-тәртібі бар. Заң болмаса, хаос, анархия орнайды. Сондықтан Ұлы иеміз Алланың кейбір қалауларымызды шектейтін “адал-арам” қағидаларының болуы да заңдылық.
Кейбір адамдар Құдайға құл болуды адамның адамға құл болуымен шатастыратын сияқты. Әсілінде екеуі салыстыруға келмейтіндей мүлдем бөлек нәрсе. Өйткені адам адамға иелік ете алмайды. Демек бір-біріне қожайын-құл болуы да мүмкін емес.
Шынтуайтында адам Құдайға шынайы құл болғанда, яғни өзінің ақиқи Иесін тапқан кезде бүкіл жалған құлдықтан да, түрлі тәуелділіктерден де құтылып, нағыз азаттыққа жетеді. Бұл енді өз басына жеке тақырып.
Kairat Zholdybaiuly Mambetbay