Баяғыда бір дана ұлына үш өсиет айтқан екен:
1. Жесең, ең дәмді тағамдарды же;
2. Ұйықтасаң, ең рахат төсекте ұйықта;
3. Өмір сүрсең, бай болып өмір сүр.
Ұлы әкесінен:
- Әке, ең дәмді тағамды қайдан табамын? - деп сұраса, әкесі:
- Адал жолмен тап. Қарның ашпастан тамақ жеме. Қарның қатты ашса, қалаған тамақ дәмді болады.
- Ең жұмсақ төсекті қайдан аламын? - десе, әкесі лезде:
- Еңбекқор бол! Қатты шаршасаң саған қалаған жер жұмсақ төсектей болады.
- Қалай бай болайын? - деген соңғы сұрағына:
- Басқалардың дүниесіне тамсана қарама, өзіңнің мүлкіңе қанағат жаса. Сол кезде сенен бай адам болмайды, балам. - деп жауап беріпті әкесі.