МЕШІТ ЖАНЫНАН АШЫЛҒАН КІТАП ОҚУ БӨЛМЕСІ

МЕШІТ ЖАНЫНАН АШЫЛҒАН КІТАП ОҚУ БӨЛМЕСІ

4 мин
МЕШІТ ЖАНЫНАН АШЫЛҒАН КІТАП ОҚУ БӨЛМЕСІ

Қасиетті Рамазан айының берекелі күндерінің бірі – 13 наурызда Ақтоғай аудандық «Жандарбек» мешітінде тағылымы мол, мәні терең рухани шара өтті.

Мешіт жанынан ашылған кітап оқу бөлмесінің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, бұл игі бастама жиналған жамағаттың көңілінен шықты. Рухани шараға мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығына тоқталды.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Ақтоғай ауданының бас имамы Ахметолла Қожахметов осындай игі істің жүзеге асуына қолдау білдірген азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді. Ол өз сөзінде мешіт тек құлшылық ететін орын ғана емес, сонымен бірге білім мен тәрбие беретін рухани орталық екенін атап өтті. Бас имамның айтуынша, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – жастарды ізгілікке, білімге және парасаттылыққа бастайтын маңызды қадам.

Салтанатты шараның әсерлі сәттерінің бірі – лента қию рәсімі болды. Жаңа кітап оқу бөлмесінің лентасын намазхан Баймырза Қаппасов пен аудандық мәслихаттың бас маманы Санат Сейпадамов қиды.

Рамазан айы – мұсылман жұртшылығы үшін тек ораза ұстайтын кезең ғана емес, жүректі тазартып, адамды ізгілікке, сабыр мен білімге жетелейтін қасиетті уақыт. Осындай берекелі айда мешіт жанынан кітап оқу бөлмесінің ашылуы – үлкен сауапты іс әрі келешек ұрпаққа бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.

Шара барысында қасиетті Құран Кәрімдегі білімге үндейтін аяттар мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадистері еске алынды. Қасиетті кітаптағы «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы» деген алғашқы аяттың өзі ислам дінінде білім алудың айрықша маңызға ие екенін көрсететіні айтылды. Сондай-ақ «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» деген аят арқылы білімнің адам өміріндегі орны ерекше екені тілге тиек етілді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадистерінде де білімнің қадірі жоғары бағаланған. «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деген хадис арқылы әрбір адамның білім іздеуі маңызды міндет екені айтылса, тағы бір хадисте «Кім білім іздеп жолға шықса, Алла оған жәннатқа апаратын жолды жеңілдетеді» деп білім жолының қадірі айрықша екені жеткізілген.

Шара барысында халқымыздың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының да білім мен кітап туралы айтқан тағылымды сөздері еске алынды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп жастарды білімге шақырса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек» деп оқу мен ізденістің қоғамдағы маңызын айқындап кеткен.

Жаңа ашылған кітап оқу бөлмесі тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білімге ұмтылған жастардың, ізденген жамағаттың бас қосатын рухани орталығына айналатыны атап өтілді. Мұнда діни әдебиеттермен қатар тарихи еңбектер, тәрбиелік мазмұндағы кітаптар және жастарға арналған танымдық шығармалар орналастырылған.

Шара барысында Рамазан айының алғашқы күні Ақтоғай ауылына арнайы келген, Алматы қаласындағы қарилар мектебінде білім алып жүрген қари Жақсыбек Рамазан Маратұлы жамағатпен кездесті. Ол қасиетті Құранды жаттау жолы жайында тағылымды әңгіме өрбітті. Қысқаша сұхбат барысында қарилық жолдың жауапкершілігі, Құран жаттаудың ерекшеліктері және жастардың діни білімге деген қызығушылығы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар жас буынға сабыр мен табандылық танытып, білімге ұмтылудың маңызын жеткізді.

Кездесу соңында жиналған жамағатқа ақ батасын беріп, қасиетті Рамазан айының берекесі мол, сауапқа толы болуын тіледі.

Рухани шараның соңында жамағатқа ауызашар дастарханы жайылып, қасиетті айдың бірлігі мен берекесі тағы бір мәрте сезілді. Жиналған көпшілік мешіт жанынан ашылған кітап оқу бөлмесі алдағы уақытта талай жастың білімге деген қызығушылығын арттырып, рухани тәрбиенің маңызды орталығына айналатынына сенім білдірді.

1.jpeg

2.jpeg

3.jpeg

4.jpeg

5.jpeg

6.jpeg

7.jpeg

8.jpeg

9.jpeg

10.jpeg

11.jpeg

13.jpeg

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс