Қазақ халқының қанға сіңген дәстүрінде сәлемдесудің орны ерекше. Екі адам жолыққанда алдымен жасы кіші кісі «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем беріп, үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қайтарған. Одан кейін бір-бірінің амандығын, хал-жағдайын сұрасқан. Бұл – жай ғана әдеп емес, сыйластық пен ізеттің белгісі.
Қазақ қоғамында мұсылманша сәлемдесу тек таныстар арасында ғана емес, бір-бірін танымайтын адамдар үшін де қалыпты мәдениет болған. Кейін атеизм идеологиясын ұстанған кезеңдерде бұл дәстүр әлсіретуге ұшырағанымен, халық жадынан өшкен жоқ.
Бүгінде кей жағдайда сәлемдесудің мазмұны әлсіреп, формалды сипат алып бара жатқандай көрінеді. Ал қазақы һәм мұсылмандық түсінікте амандасу – бір-біріне игі тілек айту, ізет білдіру және рухани байланысты нығайту.
Қазақ халқы кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем берген. Қос қолдап амандасу, үлкенге құрмет көрсету, көпшілікке бірінші болып сәлем беру – ұлттық тәрбиенің көрінісі болған. Әйел адамдарға көбіне «Есенсіз бе?» деп ізетті түрде хал сұрасқан. Осындай әдеп ұрпақ тәрбиесінің бір бөлшегіне айналды.
Бұқар жырау:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы, – деп, сәлемнің тәрбиелік маңызын ерекше көрсеткен.
«Ассалаумағалейкүм» сөзі араб тіліндегі «Ассаламу алейкум» тіркесінен шығып, «Сізге тыныштық болсын» деген мағынаны білдіреді. Яғни мұсылмандықтағы сәлем – дұға, ізгі тілек және бейбітшілікке шақыру.
Қасиетті Құранда да сәлемдесудің әдебі баяндалған. Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат сұрап, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер…»
(«Нұр» сүресі, 27-аят) деп бұйырады.
Тағы бір аятта: «Егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсырақ немесе дәл солай жауап қайтарыңдар…» («Ниса» сүресі, 86-аят) делінген.
Сәлемдесудің мәні – адамдар арасындағы салқындықты жою, жүректерді жақындату, ізгі ниетті білдіру және амандық тілеу. Бұл – қоғамдағы татулық пен рухани байланыстың бастауы.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде де сәлемдесудің маңызы ерекше аталады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:
«Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Бір-біріңді жақсы көрмейінше толық иманға жетпейсіңдер. Сендерге араларыңдағы сүйіспеншілікті арттыратын бір істі көрсетейін бе? Араларыңда сәлемдесуді жайыңдар», делінген.
Исламмен біте қайнасқан қазақ дәстүрінде де «Сәлем – сөздің анасы», «Сөздің басы – сәлем», «Сәлеміміз түзу болсын» деген нақылдар кең тараған.
Бауыржан Момышұлы да сәлемдесудің мәдени маңызына тоқталып: «Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру сөз бастаудың беташары, танысудың, достасудың дәнекері», деп бағалаған.
Соңғы уақытта амандасу мәдениетіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Қазақтың дәстүрлі сөздері мен мұсылмандық амандасу үлгілерін бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. «Армысыз», «Есенсіз бе?» сияқты ұлттық үлгілер де, «Ассалаумағалейкүм» секілді мұсылмандық амандасу да халқымыздың рухани кеңістігінде өз орны бар сөздер.
Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам өркениетімен сабақтасып, өз дәстүрін қалыптастырды. Сондықтан ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды қарама-қарсы емес, бірін-бірі толықтыратын мұра ретінде қарастырған жөн.
Ендеше, сәлемнің қадірін арттырып, ізет пен сыйластықты өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырайық.
Ассалаумағалейкүм, замандас бауырым!
Бақытбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
(Ертіс ауданы «Ержан» мешітінің бас имамы)