НАУАИ

НАУАИ

891
9 мин
НАУАИ

Низамеддин Мир Әлішер ретінде танымал Әлішер Науаи (парсы: علیشیر نوای – Әлішир Навойи ; 9 ақпан 1441 жыл, Ғират 3 қаңтар 1501 жыл, сонда) Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мемлекеттік қайраткер. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 12 жасар Науаиды Бабыр өз тәрбиесіне алған. Науаи 15 жасында түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын белгілі ақын ретінде танылды.

***

Ғашық ісі – жалбарыну өмірде,

Кішілікті сен себесің көңілге.

Махаббат ол – азап шегу, қайғыру,

Көбелектей ес-түсіңнен айрылу.

Содан кейін бұлбұл болып жылайсың,

Әлің құрып, шамаң жетпей құлайсың.

Майшам менен алмастырма жалынды,

Қоятын жер таба алмассың жаныңды.

***

Адам болсаң бұл өмірде, жарқыным,

Тағдырына мән берместі халқының,

Атамағын ешқашанда адам деп.

***

Әлемдегі барлық білім жол ашарын сатылап,

Біліп алдым надандардың істерін мен бақылап.

***

Оңбағанды сығалатпа бақшасына жаныңның,

Кілемшеге гүл салсаң да бағы болмас арыңның.

Раушан гүлге тезекқоңыз ешқашан тең болмайды,

Көбелек те батпаққа кеп өздігінен қонбайды.

***

Кеңесулер – әрқашанда сенімділік кепілі,

Айтылады онда дәйім сан пікірлер не түрлі.

Қалсын сонда естігенің, сөз тасыма өзгеге,

Табылады сатқындарды салатындар тезге де.

Айрыласың бостан-босқа мінезіңнен бар асыл,

Көпшілікке содан кейін сенімсіз боп қаласың.

***

Қаласаң сен құрметті – жаман сөзді айтпағын.

Денсаулықты қаласаң – тамақтан жөн қайтқаның.

***

Қап-қара бұлт айымды кеп жасырды,

Қараңғылық көктен нұрды қашырды.

Қараңғыда өлер болдық тұншығып,

Жарық қылар екен қашан күн шығып?!

***

Кітап деген – ақы алмас мұғалім,

Одан сенің тек даналық ұғарың.

Аямайды сұқбаттарын ол сенен,

Кеңес берер үнсіз ғана мол терең.

***

Сабырлы жан жапырақтан жібек жасап шыға алар,

Раушанның гүлдерінен тәтті балды сыға алар.

***

Мейлі бай бол, мейлі өзің жарлы бол,

Өміріңде көретінің зарлы жол.

Адамсың ба – өкінішпен достасқын,

Өкініштер өзіңменен қоштассын.

***

Ашқарақпен бөліспегін тамақты,

Сол секілді ит те жалар табақты.

Сыр айтпағын ақымаққа десек те,

Жөн болмайды сөз айтқаның есекке.

***

Адамдардың ең жақсысы кім деп егер сұраса,

Жан дер едім өз халқына пайда берер тым аса.

***

Тіршілікте барлық адам мәңгі тірі жүрмейді,

Аты қалған бақытты жан, болса да ол кім мейлі.

***

Қиындықсыз сүрмек болсаң өмірді,

Қолөнер мен ғылымға бөл көңілді.

***

Надан адам қор етеді өзін де,

Ешқандай да оқу, білім алмастан.

Өмір сүрер есек сынды сезімде,

Ақыруды ғана білер талмастан.

***

Өзгелерге таратқан жан өсегін,

Барлық жанның арқалайды күнәсін.

Түсіне ме осы айтқанды көсемің,

Жалған сөзді көріп жүрген шын асыл?!.

***

Ерегіскен жандарға жұдырықпен жауап берсең күйіне,

Жыртық-жыртық шапанмен көз көгеріп ораласың үйіңе.

***

Бай кезіңде қасыңда жүрген жандар қатарлас,

Бәрі бірдей шынайы дос болып та аталмас.

***

Ашкөздік түгел жойылмай,

Құмарлық тезге қойылмай,

Зұлымның көзі ойылмай,

Ешқандай ел де гүлдемес.

***

Жақсылық та, жамандық та Тәңірден,

Жіберілер адамзатқа әмірмен.

Жақсылықты қарсы алғын сәнімен,

Қашық болғын жамандықтың бәрінен.

Қателессең жақсы менен жаманнан,

Ит өмірді кешесің сен таланған.

***

Қатыгездік танытпағын күнә үшін аз ғана,

Өкініште қалмас үшін өлім орын қазба да.

***

Егерде сен жөндемесең сөзіңді,

Зұлымдықпен зұлымдықты табасың.

Жақсылыққа сендірмесең өзіңді,

Өзгелерге қалай нала боласың?!.

***

Жылы сөздер – жүректерге тек шекерін сыйлайды,

Балалар да бал беретін жанды дәйім қимайды.

 

***

Теңгелерің еңбекпенен жиналған,

Қазынадан қымбат болар сыйға алған.

***

Көктем гүлдеп жатқан шақта ғаламда,

Жасыл раң жайқалғанда даламда,

Мейірімін Хақ та төгер маған да,

Бұл сұлулық бәрімізге бұйырсын!

***

Аздау сөйлеу – даналықтың белгісі,

Аз тамақтан – денсаулықтың еншісі.

Ойлағанның бәрін айтар ақымақ,

Тойғызады мал да қарнын жатып-ақ.

***

Ең жақсы үй – әйел болса үйіңде,

Жылу шашып, көтерілер күйің де,

Шаңырақта егер әйел болмаса,

Күн кешкенің құр әйтеуір далбаса.

***

Бір-ақ рет айтқан адам өтірік.

Өмір бойы өтер бәлкім өкініп.

Сенбес оған айтса дағы шындықты,

Атанады өтірікші, сұм тіпті.

***

Өлтіруге болар сөзбен адамды,

Тірілтесің өліп қалған жаранды.

***

Бір кездері өзім сенген жандардан

Зардап шегіп, қысым көріп келемін.

Талай менің көмегімді алғаннан

Қиындыққа душар болған мен едім.

***

Қараңғылық ұласады жарыққа,

Үміт үзіп, бостан-босқа тарықпа.

Тағдырыңда жаузлы ғой бүкілі.

От жылытар болғанымен түтіні.

***

Өтірікке дағдыланған жанға дәйім сенбеңіз,

Шындық айтып тұрса дағы алдауына көнбеңіз.

***

Құл болуға дайын жанды қашанда,

Өртеп жібер, қама дағы қашарға.

***

Берілетін атақ емес бұл сый-құрмет дегенің,

Алғандық боп табылады тәрбиеден керегін.

***

Шын қыран құс көкте еркін самғайды,

Ұяларын ойпаттарға салмайды.

***

Жақсылықты зұлым жанға әдейілеп жасаған,

Жақсылардың жолын кесер өне бойы қас адам.

Көгершінді өлтіргенің аяймын деп мысықты,

Тауықтарды қырғызғаның еркелетіп күшікті.

***

Құлыптаулы рухани қазына бұл – тіл деген,

Ал сөз деген – ашатын кілт қазынаны сүрлеген.

***

Тұз да, қант та бір-біріне өте ұқсас болғанмен,

Бір емесі білінеді татқан кезде ол дәмнен.

***

Жағымсыз жан сөйлей алмас ақырын,

Бос сөзбенен мезі етер жақынын.

Құлағыңа түрпідейін тиеді,

Елестетер құрбақаның бақылын.

***

Дана жандар шынайы сөз айтып жүрер талайға,

Шындықта да алғың келмес сөздер болар алайда.

***

Даңқ болмайды байлық пенен атақта,

Ал ашкөздік ұрындырар шатаққа.

***

Бөлінулер ауыртпалық түсіреді жүрекке,

Кеудеңізді тесіп өтер жебедейін іреп те.

Бір денені аямастан айырады екіге,

Күл қып шашар ағып жатқан дарияның бетіне.

***

Күліп тұрып қулық жасар досыңнан,

Ашық келген жауың жақсы тосыннан.

***

Өтірікші, зұлым жаннан қашқайсың,

Жамандықты жүрген жақсы баспай шын.

***

Сабырлылық барлығын да жеңеді,

Шыдамсыздық қиындықтың себебі.

***

"Бұл зұлымдық кімнен шықса тегінде,

Зұлымдықтар орнар соның көгінде.

***

Жақсылықты жасағанда мақтанба,

Мақтанышың түсіреді тақтан да.

***

Қиындыққа тап келгенде нақ анық,

Көмектесер ақыл менен даналық.

***

Қуанышқа кенеледі жақсы сөзден бар адам,

Бойыңдағы удың күші содан қайтып, тараған.

***

Адам ғой деп шақырғаның қол бұлғап,

Жанға ұқсас сағым болар ол құрғақ.

***

Ақылдысың, сен өзгеше данасың,

Өзгелердің жүрегінде жанасың.

Ешқандай да теңдесі жоқ жансың ғой,

Төрт өтірік айттым соған таңсың ғой!

***

Ұнатпайды көп сөйлеуді кішіпейіл жан мүлде,

Көп сөйлеуден тыңдағаны құлақ салып жөн оған.

Кемелденер даналарды тыңдап жүрген әркім де,

Ақымақ боп қала берер бос сөз қуған көп адам.

Көп сүрінген адам бір күн мертігіп те қалады,

Көп сөйлеген жан да қалар өз жолынан адасып.

Шамадан тыс ашкөз жанның болар тәні жаралы.

Кете алмас бейпіл ауыз рухына жол ашып.

Бос көпіру, мақтаншақтық – жазылмайтын дерт сынды,

Ашқарақтық – өз нәпсіңді тыя алмаудан туады.

Бұл қасиет – адамдарды жалмайтұғын өрт сынды,

Соңында оның көкіректік, менмендіктер тұрады.

***

Достарымның қасіретін мен де көрдім көптеген,

Оларменен бірге талай көз жасын да төккен ем.

Өлер болсам бұл шақтарға келмес едім қайтадан,

Одан дағы оралмайтын мен сол жақтан жай табам.

***

Жауабыңды күтуде – айтылсыншы бар шындық,

Өтірік пен қулықта жатар ылғи нар сұмдық.

***

Шешен сөйле көсіліп әрқашанда кәделі,

Шындық сөзді қысқаша қайырғаның әдемі.

***

Кітаптан жақын дос болмас,

Өмірің онсыз хош болмас.

***

Жақсы істер жасап жүрген жанға ылғи ерекше,

Құр мақтау мен даңғазалық, айтшы, оған керек пе?

***

Көмейіңде әлі толық піспеген,

Сөздеріңді айтуға сен асықпа.

Құпияңды шайнап таста тіспенен,

Барам десең шалдықпастан қашыққа.

***

Дос болғыңыз келсе егер өзгемен,

Жанды ізде дос болуды көздеген.

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс