МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАНҒА БАУЫР

МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАНҒА БАУЫР

9 мин
МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАНҒА БАУЫР

 25 ақпан

Сегізінші күн

МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАНҒА БАУЫР

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Адам баласы жалғыз өзі жеке өмір сүре алмасы белгілі. Себебі адам болмысынан көппен, қоғаммен күнелтуге жаралған. Бабаларымыдың «Адамның күні адаммен» дейтіні де осыдан болса керек.  «Бауыр» сөзі бір әке, бір анадан туған ағайындармен қатар, бір сенімде, бір дінде болған имани бауыр деген ұғымда да қолданылады. Алла Тағала иман келтіргендердің жүрегін бауырмалдық арқылы бір-біріне бекіткен. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Бірлік мәселесінде бауырлар тоғайдың бұтақтары іспеттес болуы керек. Бұтағы көбейген сайын тоғай қуаттала түсіп, оған қатты жел әсер ете алмайтынындай ауызбіршілігі мен бауырмалдығы мығым елге ешқандай қара жамандық әсер ете алмайды. Бұндай бекем бауырмалдықтың негізгі нәрі имандылықта. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

«Расында, мүміндер – бауырлар», – деп айтқан («Хұжұрат» сүресі, 10-аят). Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл аяттарды: «Бауырмалдық – иман келтіргендердің өзара сүйіспеншілік пен дін насихатында ортақ болуы», – деп түсінік берген»[1].

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны секілді, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا وَشَبَّكَ بَيْنَ أَصَابِعِهِ

«Мүміннің мүмінге қатысы – бір-бірін қатайтып тұрған бүтін ғимарат іспеттес», – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне кіргізіп айқастырғандығы айтылады (имам Бұхари, Мүслим). Демек, дененің бір жері ауырса, сол дертті бүкіл дене сезетініндей, мұсылмандар да  қайғы мен қуанышта бір дене іспеттес бола білуі керек. «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас» – деп, халқымыз да өзара жәрдемші болуды өмірлік ұстанымы етіп бекіткен.

Бауырмалдықты арттыратын істердің бірі – бауырлар бір-бірін риясыз көңілмен, Алланың ризалығы үшін жақсы көруі керек. Бұндай өзара сүйіспеншілікте болған пенделер үшін көптеген игіліктер мен сауаптар әзірленген. Мысалы, Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде мынадай қисса баяндалған:

«Бір адам өзге ауылда тұратын бауырымен көрісу үшін жолға шығады, ал Алла Тағала оған жолда кездесетін бір періштені жібереді. Періште әлгі адаммен кездесіп: «Қайда бара жатырсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын», – деп жауап береді. Періште: «Сен оған бір жақсылық жасап, енді сол жақсылығыңнан бір пайда тапқың келіп бара жатқан шығарсың?» – дейді. Ол адам: «Жоқ, расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін», – деп жауап береді. Сонда періште: «Расында мен, сен ол адамды Алланың ризалығы үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көреді! – деп айту үшін саған Алладан жіберілген (періштемін)», – дейді» (имам Мүслим).

Шынайы бауыр болу үшін мұсылман адам өзін ойлағанындай, өзге мұсылмандарды уайымдап, ойлай білуі қажет. Хадисте:

لَا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبَّ لأخِيهِ مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ

«Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше, ешқайсыларың иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).

Хазірет Осман (Алла оған разы болсын) бір күні көшеде шекер таратып жүреді. Сонда одан неге бұлай істеп жүргендігін сұрағандарға: «Мен шекер жеуді жақсы көруші едім, енді оны бауырларым үшін де жақсы көріп, олар да жесін деген ниетпен осылай істеп жатырмын», – дейді.

Абай атамыз он төртінші қара сөздерінің бірінде: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», – дейді.  Демек мұсылман адам бауыры үшін жүрегімен уайымдап, керек кезде қасынан табылып, оған деген ақыларын орындауға бар ынта-жігерін салуы қажет. Тіпті құлшылығының өзінде өзі үшін дұға етуімен қатар бауыры үшін де дұға жасап жүргені дұрыс. Қасиетті Құранда:

وَاسْتَغْفِرْ لِذَنبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ

«Күнәларыңның кешірілуін тіле. Әрі мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге де (олардың күнәлары үшін жарылқау тіле)», – деп айтылған («Мұхаммед» сүресі, 19-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

دَعْوَةُ الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ لأخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيْبِ مُسْتَجَابَةٌ ، عِنْدَ رَأْسِهِ مَلَكٌ مُوَكَّلٌ ، كُلَّمَا دَعَا لأخِيهِ بِخَيْرٍ قَالَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ : آمِينَ وَلَك بِمِثْلٍ

«Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені)  оның басының жанында өкілетті періште тұрып, ол бауырына жақсылық дұға тілеген сайын, өкілетті періште де: «Әмин, сағанда сол нәсіп болсын», – деп айтады», – деп айтылған (имам Мүслим, Әбу Дәуід).

Алла Тағала баршамызды Өзінің жолында шынайы бауыр болуды нәсіп етсін.

[1] Фатху-л-бари (7/314), Муфрадату әр-рағиб (13), Әл-куллиату ли-лкафауи (63), Әт-тауқиф ғала муһиммати әт-тағарифи ли-л-манау (41);


  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс