Қазіргі таңда сауда орындарында, банктерде және түрлі мобильді қосымшаларда сатып алушыларға кэшбэк пен бонус ұсыну кеңінен таралған. Тұтынушы тауар немесе қызмет сатып алған кезде жұмсаған қаражатының белгілі бір бөлігі қайтарылады немесе арнайы бонус түрінде есептеледі. Жиналған бонустарды кейіннен тауар сатып алуға, қызмет ақысын төлеуге немесе басқа да мақсаттарға пайдалануға болады. Осыған байланысты мұсылман қауымы арасында кэшбэк пен бонустық карталарды қолданудың шариғаттағы үкіміне қатысты сұрақтар туындайды.
Бұл мәселенің үкімін анықтау үшін кэшбэк пен бонустың қандай мақсатта, қандай шарттармен берілетініне және оның қандай қаржылық мәмілеге байланысты екеніне назар аудару қажет.
Исламдағы сауда мен сыйлықтың негізі
Ислам діні адал сауда жасауға, өзара келісімге және адамдардың мал-мүлкін заңды жолмен иеленуге рұқсат береді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
﴿وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا﴾
«Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара» сүресі, 275-аят), – деп баяндайды.
Бұл аятта сауда мен өсімнің ара-жігі ажыратылып, адал саудаға рұқсат етілгені, ал өсімге тыйым салынғаны көрсетілген. Демек, сатушының сатып алушыға жеңілдік жасауы, сыйлық беруі немесе адалдық бағдарламасы арқылы бонус ұсынуы өздігінен харам болып саналмайды. Алайда мұндай жеңілдіктер мен сыйлықтар шариғат талаптарына қайшы келмейтін шарттар негізінде берілуі керек.
Бонустық карталарды қолдануға бола ма?
Бонустық карта – сатып алушының сауда жасағаны үшін белгілі бір мөлшерде балл немесе бонус жинауына мүмкіндік беретін құрал. Мұндай карталарды сатушы кәсіпорынның өзі немесе арнайы кэшбэк сервистері арқылы ұсына алады. Жиналған бонустарды белгіленген ережелерге сәйкес тауар сатып алуға немесе қызмет ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Мысалы, адам дүкеннен 20 000 теңгеге азық-түлік сатып алып, сауда бағдарламасы бойынша 1 000 теңге көлемінде бонус жинады делік. Егер бұл бонус сатушының клиенттерді ынталандыру мақсатында беретін сыйлығы болса, сатып алушыдан ол үшін қосымша ақы алынбаса және басқа да тыйым салынған шарттар болмаса, мұндай бонусты пайдалануға негізінен рұқсат етіледі.
Дегенмен бонустық карталарды қолдануда төмендегі шариғи талаптарды ескерген жөн.
Біріншіден, төлем картасы шариғат талаптарына сай болуы керек.
Кэшбэк немесе бонус алу үшін қолданылатын төлем картасының шарттары шариғатқа қайшы келмеуі тиіс. Егер карта кәдімгі дебеттік карта болып, оның қолданылуы өсімге негізделмесе, оны пайдалану арқылы адал сауда жасағаны үшін берілетін бонусты алуға рұқсат етіледі.
Ал пайыздық несиеге негізделген кредиттік карталарға қатысты мәселе бөлек қарастырылады. Егер мұндай картада өсім шарты болса, оны пайдалануға және сол арқылы бонус алуға байланысты мәміленің үкімін картаның келісімшартын зерттемей анықтау дұрыс емес. Сондықтан пайыздық қарызға негізделген кредиттік карталарды пайдалану арқылы бонус жинаудан сақтанған жөн.
Екіншіден, бонусты шариғатта рұқсат етілген нәрселерге жұмсау қажет.
Жиналған бонус адал тауарлар мен рұқсат етілген қызметтерді сатып алуға жұмсалуы керек. Егер бонус алкоголь, құмар ойындар немесе басқа да шариғатта тыйым салынған тауарлар мен қызметтерге пайдаланылса, мұндай әрекетке рұқсат етілмейді. Өйткені мұсылманның табысы мен шығыны да адалдық қағидаларына сай болуы тиіс.
Үшіншіден, бонус үшін клиенттен қосымша комиссия алынбауы керек.
Егер дүкен немесе бонус жүйесін ұсынушы ұйым сатып алушыдан бонус жинағаны немесе оны пайдаланғаны үшін қосымша ақы алмаса, бұл сыйақының рұқсат етілуіне негіз болады. Ал егер бонус алу үшін арнайы төлем жасау, ақылы мүшелікке қосылу немесе өзге де қаржылық міндеттеме жүктелсе, онда келісімнің мазмұнын жеке қарастыру қажет. Мұндай төлемнің болуы мәмілені автоматты түрде харам етпейді, бірақ оның қандай қызмет үшін алынатыны және шариғатқа қайшы шарттардың бар-жоғы анықталуы керек.
Төртіншіден, бонус сатып алушыға сый ретінде берілуі тиіс.
Егер сатушы клиентті өзіне тарту, тұрақты сатып алушыларын ынталандыру немесе сауда көлемін арттыру мақсатында бонус берсе, бұл жеңілдік немесе сыйлық ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алушы тауарды белгіленген бағамен сатып алады, ал сатушы оған қосымша артықшылық ұсынады.
Мысалы, дүкен әрбір сатып алуға 5 пайыз бонус есептейтінін алдын ала жариялады делік. Сатып алушы осы шартпен тауар сатып алып, кейін жиналған бонусты пайдаланса, мәміледе шариғатқа қайшы жағдайлар болмаса, мұндай жеңілдікті қолдануға болады.
Алайда бонус пайыздық қарыз берудің шарты ретінде ұсынылса немесе өсімге негізделген қаржылық мәміледен туындаса, оны қарапайым сыйлықпен теңестіруге болмайды.
Бесіншіден, бонус беру себепті тауардың бағасы негізсіз қымбаттамауы керек.
Сатушы бонус ұсынатынын сылтау етіп, тауардың бағасын негізсіз көтермеуі тиіс. Мәселен, нарықта 10 000 теңге тұратын тауарды сатушы 12 000 теңгеге ұсынып, оның 2 000 теңгесін бонус ретінде қайтарамын десе, сатып алушы үшін мұндай ұсыныстың шынайы тиімділігін бағалау қажет. Егер бонус бағдарламасы тұтынушыны алдауға, бағаны жасыруға немесе жалған жеңілдік көрсетуге негізделсе, бұл шариғаттың әділдік пен адалдық қағидаларына қайшы келеді.
Сондықтан сатушы тауардың бағасын ашық көрсетіп, бонус беру шарттарын алдын ала түсіндіруі керек. Ал сатып алушы тек бонус үшін қажетсіз зат сатып алудан және өз мүмкіндігінен тыс шығынданудан сақтанғаны жөн.
Кэшбэк пен бонустың айырмашылығы
Кэшбэк – сатып алушының жұмсаған қаражатының белгілі бір бөлігінің қайтарылуы. Ал бонус – кейіннен тауар немесе қызмет сатып алуға пайдаланылатын балл, жеңілдік немесе шартты бірлік түріндегі сыйақы. Екеуінің де шариғаттағы үкімі атауына қарап емес, мәміленің мазмұнына және келісімшарт талаптарына қарай анықталады.
Егер кэшбэк кәдімгі сауда жеңілдігі ретінде берілсе және онда өсім, алдау немесе басқа тыйым салынған шарттар болмаса, оны алуға негізінен рұқсат етіледі. Ал егер ол пайыздық қарызға немесе шариғатқа қайшы қаржылық келісімге байланысты болса, онда мұндай кэшбэктің үкімін жеке қарастыру қажет.
Сонымен бірге мұсылман кэшбэк пен бонус жинауды негізгі мақсатқа айналдырмауы керек. Қажетсіз заттарды сатып алу, қарызға кіру немесе артық шығындану арқылы бонус жинау қаржылық жауапкершілікке қайшы келеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
﴿وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ﴾
«Ысырап етпеңдер. Расында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Әнғам» сүресі, 141-аят), – деп ескертеді.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, бонустық карталар мен кэшбэк жүйелерін қолдануға, егер олар шариғат талаптарына қайшы келмесе, негізінен рұқсат етіледі. Ол үшін төлем картасының шарттары дұрыс болуы, бонус адал тауарлар мен қызметтерге жұмсалуы, оны алу немесе пайдалану үшін тыйым салынған қосымша ақы талап етілмеуі, сыйақы сый немесе сауда жеңілдігі ретінде берілуі және бонус себепті тауар бағасы негізсіз қымбаттамауы қажет
Ал пайыздық қарызға негізделген кредиттік карталар, ақылы бонус бағдарламалары немесе күрделі қаржылық өнімдер бойынша нақты үкім шығару үшін олардың келісімшарттарын мұқият зерттеу керек. Күмәнді жағдайларда білікті дін маманынан кеңес алған жөн.
Мұсылман үшін басты өлшем – қандай да бір бонусқа ие болу емес, табысы мен шығысының адалдығын сақтау. Саудадағы жеңілдік пен сыйлықты шариғат шеңберінде пайдалану – адалдыққа, үнемшілдікке және қаржылық жауапкершілікке негізделген ұстаным.
Арман АЙДАРҒАЗЫҰЛЫ,
Павлодар облыстық орталық мешітінің найб имамы