Бұрын үйлеріміз шағын болса да, жанға жайлы, рухқа кең еді. Ал қазір еңселі, зәулім үйлер көбейді, бірақ іші суық, көңілге қонымсыз - қабірдей қысады.
- Бұрын үйлер қарапайым болатын, бірақ жүрекке жылу сыйлайтын. Ал қазір италиялық үлгідегі, шетелдік, геометриялық сән көп, алайда бәрі бірдей жанға жақын емес, кейде адамды қажытып жібереді.
- Бұрын электр жарығы жоқ шақта бәріміз керосин шамының айналасына жиналып, әңгіме-дүкен құрып, ақыл-ой, тәлім-тәрбие бөлісетінбіз. Ал қазір жарық бар, бірақ сол отырыстардың жылуы азайды.
- Бұрын қонақ келетінін алдын ала айтпайтын, есік қаққан жанды қуана қарсы алып, төрге шығарып, ақ дастарқан жайып, әңгіме мен күлкіге кенелетінбіз. Ал қазір қонақ алдын ала хабар береді, бірақ баяғыдай кең пейіл, ақжарқын қарсы алу сирей түсті.
- Бұрын ана таңсәріден тұрып, үйдің берекесін кіргізіп, тірлігін түгендейтін. Ал қазір күн ұзаққа созылып, үй ішінің тіршілігі баяу басталатын күндер жиіледі.
- Бұрын бәріміз бір теледидардың алдына жиналып, отбасылық фильм көріп, бір сезімді бірге кешетінбіз. Ал қазір әркімнің өз экраны — қолындағы телефоны; ал үлкен теледидар көбіне үнсіз. Бір шаңырақтың астында отырсақ та, әрқайсымыз өз әлеміміздеміз.
- Бұрын әдепке жат көріністер шықса, жұртшылық ұялып, теріс айналатын. Ал қазір ондай дүниелер көзге үйреншікті болып, тіпті жасөспірімдерге дейін әсер етіп отыр.
- Бұрын телефон біреу ғана еді, бір үйге ортақ болатын. Ал қазір әр адамның бірнеше телефоны, сан түрлі нөмірі бар. Бұрын телефонға біз иелік етсек, бүгінде телефон бізге иелік еткендей.
Abdulakhad SMANOV