ҚҰНАНБАЙ

ҚҰНАНБАЙ

1
3 мин
ҚҰНАНБАЙ

"Иә, Қодар мен Қамқаны дарға астырған да – Құнанбай. Мұсақұл-Тоқпамбет соғысын ашып, лаң салған да – Құнанбай, қаралы көшті шапқан да – Құнанбай, немересінің тамағынан «салалы саусақтарымен сығымдай қылқындырған да» - Құнанбай, туған төліне, ұлына алақанын теріс жайып, қарғыс батасын берген де – Құнанбай, өзінің үш жасар мүбәрәк қызын құн орнына берген де – Құнанбай.

Сонымен қатар, күллі қазақтың Мағрип пен Машрухта баспанасыз сандалып жүргеніне намыстанып, пайғамбардың мекені Байтолланың жанына, Меккеге «Тақия» салдырған да – Құнанбай, Қарқаралыда «ығылым іздеген қыр баласы» көзін ашатын медресе-мектеп тұрғызған да – Құнанбай, «Еуропа ғылымына пейілі құлап, ұлдарын бірінен соң бірін орыс оқуына» берген де –Құнанбай, «мәдени елдің етегіне жармаспасақ жабайылықтан айырылмаймыз» деген де – Құнанбай, Кенесары ханға қарсы шығып, Кенесарының батырын найзаламақ болған бауырын сабап, намаз оқып жатқан ханның ордасына шабуыл жасатпаған да – Құнанбай...

М.Әуезов: "Құнанбай мінезінің бірбеткей, берік, ұстамдылығын оның өмірінің соңғы жылдары әсіресе айқын көрсетеді. Ұзақ өмірінде талай алыс-жұлысты басынан атқарып кеп, ақыры Меккеге барып қайтады да, өз-өзіне серт беріп, "дүние сөзіне енді араласпаймын" деп шымылдық түсіріп, елден аулақ отырып алады. Сол күйде дау-шарға шынымен де араласпай, жеті жыл анық тыйылып отырып барып қайтыс болады. Заманында хатқа жазып қалдырған адамдар болмағандықтан, Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары сақталып қалмаған. Бірақ анық Құнанбайдың өзі айтты деген сөздер сонда да жоқ емес. "Арымнан - жаным садаға, жанымнан - малым садаға", "Жарлы кісі жамалар, жамалар да қуанар", "Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады", "Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын" - деген сияқты сөздері Құнанбайдың өз ортасына үлгі айтам деген адам екенін танытады"...

Құнанбай 1886 жылы тамыз, екінші естелікте мизам айында 82 жасында қайтыс болған. Шәкерімнің жазбасында:

"Қажы марқұм 1885 жылы август айында 81 жасында - тауық жылы өтті" - делінген. Біздің пайымдауымызша, мұндағы парық қолжазбаны оқыған адамның араб санын дұрыс айыра алмағандығында, не баспаның қатесі деп қарау керек. Тіпті қазақша жыл қайырудан кеткен жаңсақтық та болуы мүмкін...

Құнекеңнің зиратының ұзыны – 13,5 метр, ені -10 метр. Шикі кірпіштен қаланған. 1977 жылы тастан қайта тұрғызылған, ұзыны мен енінің бұрынғы қалпы сақталған. Зираттың тау жақтағы бөлігі – Кәкітайдың бейіті, Құнекеңнің зиратына жалғас тұрғызылған. Оның ұзындығы – 17 метр. Екі зираттың ені бірдей – 10 метрден. Сырт қарағанда тұтас бір-ақ зират боп көрінеді...

Құнанбайдың Жылын Семей қаласында беріп, 40 молдаға қатым түсіртіпті-мыс деген сөз бар. Құнанбай өзінің қыстауы – кіші Ақшоқыда жерленді".

@Тұрсын Жұртбай, «Рух сұлтандары» кітабынан.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс