Қасиетті Рамазан айының келу қарсаңында Шарбақты ауданындағы «Қызыр» мешіті үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Мешіттің іші-сырты толық тазартылып, ауласы ретке келтірілді. Алдындағы жарық шамдар жаңартылып орнатылып, Алла үйінің көркі арта түсті.
Рамазанның алғашқы күндерінен бастап қасиетті тарауық намаздары оқылып, жамағаттың рухани құлшынысы күшейе түсті. Сонымен қатар, мешіттен тәлім алып жүрген бес азаматқа Құранға түскендігі туралы арнайы сертификаттар табысталды. Бұл – мешітіміздегі діни білім беру жұмысының жемісті нәтижесі.
Мешітімізде Рамазан айының 30 күні бойы қайырымдылық ауызашар ұйымдастыру жоспарлануда. Айта кету керек, мешітте жеке азаматтардың өз қонақтарын шақырып ауызашар беруіне де мүмкіндік қарастырылған. Бір мезетте 50 адамға дейін ауызашар өткізуге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, қайырымдылық ауызашар жасаймын деген жандарды осы сауапты амалдан құр қалмауға шақырамыз. Рамазан – сауап еселенетін ай. Бір ауыз су мен бір құрмамен болса да ауыз аштырған жанға үлкен сауап жазылары сөзсіз.
Алла Тағала қасиетті айда жасалған барлық игі амалдарды қабыл етіп, аудан жұртшылығына береке мен бірлік нәсіп етсін!




