ҚМДБ-ның Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Шымкент қалалық «Halifa al-Nahayan» орталық мешітінің ұстазы Нұрсұлтан Орымбасарұлы Павлодар облысында екі күндік іс-сапармен болды. Сапар аясында дін қызметкері облыс орталығы мен аудандарда бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
16 сәуір: Түзету мекемелері мен жамағатпен кездесу
Сапардың алғашқы күні Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінен басталды. Түске дейін №63 мекемеде (СИЗО) болып, Құран оқудың артықшылықтары жайында насихат айтса, түстен кейін №45 мекемеде «Көркем мінез» тақырыбында уағыз жүргізді. Күн соңында қалалық «Ғазиз» мешітінде құфтан намазынан кейін жамағатпен жүздесіп, «Ұят – иманнан» тақырыбында тағылымды әңгіме өрбітті.
17 сәуір: Білім ордасы мен Баянауылға сапар
Екінші күні ұстаз «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің шәкірттерімен кездесіп, уақыттың қадірі жайлы ой бөлісті. Бұдан кейін сапар Баянауыл ауданында жалғасып «Мұса Мырза» мешітінде жұма уағызында «Тазалық – иманнан, таза қоғам – мұсылмандықтан» атты маңызды тақырыпты қозғады.
Майқайын кентінде түстен кейін жергілікті мешіт жамағатымен кездесу өткізді.
Іс-сапар Екібастұз қалалық мешітінде құфтан намазынан кейінгі жамағатпен болған рухани кездесумен қорытындыланды. РАНТ мүшесінің бұл сапары өңірдегі ағартушылық жұмыстарға тың серпін беріп, халықтың рухани сұранысына жауап берген мазмұнды шара болды.






