АРАҚСЫЗ АҚТОҒАЙ – БЕРЕКЕЛІ АҚТОҒАЙ

АРАҚСЫЗ АҚТОҒАЙ – БЕРЕКЕЛІ АҚТОҒАЙ

2717
4 мин
АРАҚСЫЗ АҚТОҒАЙ – БЕРЕКЕЛІ АҚТОҒАЙ

Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттердің бірі – ізгілік пен берекені сақтап, салауатты өмір салтын ұстану. Осы құндылықтарды жаңғырту мақсатында Ақтоғай өңірінде “Арақсыз Ақтоғай” атты игі бастама қолға алынды. Бұл акция – тек бір күндік шара емес, бүтіндей бір қауымның рухани жаңғыруына бастайтын үлкен қадам.

Арақ пен ішімдік ғасырлар бойы талай шаңырақтың шайқалуына, қоғамдағы келеңсіздіктерге себеп болып келеді. Ақтоғай ауданындық Мәдениет үйінде өткен сұхбат-кеш осы өзекті мәселені кеңінен талқылап, халықты дұрыс таңдау жасауға шақырды. Шараның негізгі мақсаты – ішімдіктің зиянын түсіндіру, ислам тұрғысынан оған тыйым салынғанын еске салу және ұлттық дәстүріміздегі салауатты өмір салтының маңызын дәріптеу.

Кештің алғашқы бөлімінде халықтың ішімдікке деген көзқарасы кеңінен талқыланды. Ақтоғай аудандық мешітінің бас имамы Ахметолла қажы Қожахметов ата-бабаларымыздың ішімдікке қатаң тыйым салғанын атап өтті. Қазақта «Арақ ішкеннің ақылы азаяды, ақылы азайғанның айбары қашады» деген нақыл сөз бар. Яғни, ішімдік тек денсаулыққа емес, адамның рухани кемелденуіне де кері әсер етеді.

«Әбу Бәкір Сыддық» медресе колледжінің ұстазы Нұрсұлтан Қуатұлы қазіргі қоғамда «аздап ішудің зияны жоқ» деген қате пікір бар екенін айтып, оның қауіптілігін түсіндірді. Себебі аз мөлшерде ішкеннің өзі бірте-бірте әдетке айналып, адамды маскүнемдікке жетелейді. Бүгінгі таңда қазақ халқы арақсыз да той жасап, қуанышын таза көңілмен атап өтуге болатынын дәлелдеп келеді.

Ислам дінінде ішімдікке қатаң тыйым салынған. Құранда:

Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма? (Мәида сүресі, 91-аят).

Ішімдіктің тек діни тұрғыдан ғана емес, денсаулыққа да өте зиян екенін аудандық аурухананың дәрігері Жадыра Жылқыбаева атап өтті. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, ішімдік бауыр мен жүйке жүйесін зақымдап, адамның ойлау қабілетін төмендетеді. Сол себепті ислам діні ішімдікке мүлде тыйым салады.

Жүргізілген талқылауларда ішімдіктің бүкіл қоғамға әсер ететіні айтылды. Ішімдік тек жеке адамның емес, тұтас отбасының, тіпті бүкіл ұлттың қасіретіне айналуы мүмкін. Көптеген қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасулар мен кедейшіліктің негізгі себептерінің бірі – ішімдікке салыну. Сондықтан жастарды бұл жаман әдеттен қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

«Арақсыз Ақтоғай» бастамасын жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалуы тиіс. Имамның айтуынша, ең алдымен, отбасы тәрбиесіне ерекше мән беру керек. Балаларымызды салауатты өмір салтына баулу – олардың болашағына жасалған ең үлкен инвестиция. Сонымен қатар, халық арасында ішімдіксіз жиын-той өткізу мәдениетін дамыту қажет.

Павлодар медресесінің ұстазының пікірінше, мұндай шаралар тек бір өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан көлемінде өткізілсе, қоғамда оң өзгерістер болатыны анық. Ақтоғай жұрты бұл бастаманы қолдап, ішімдіксіз өмір сүруді дәстүрге айналдыруы керек.

Шара соңында тұрғындарға «Арақсыз Ақтоғай» акциясын қолдау бойынша сауалнама жүргізілді. Бұл – әр адамның саналы түрде дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік берген маңызды қадам.

Шараға қатысқан 60 адамның 55-і бастаманы «қолдаймыз» деді, 5 адам «қарсы» деп дауыс берді.

Кеш Арман Бердалидың «Қазақ пен Арақ» әнімен қорытындыланды. Орындаған Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Бауыржан Ерашұлы. Әннің әр жолы халықты терең ойға салып, ішімдіктің залалын жүректеріне жеткізді.

Кеш соңында Ертіс ауданының Ержан мештінің бас имамы Бақытбек қажы Төлегенге эстафета табыс етілді.

Ақтоғай жұрты осындай игі бастамаларды қолдау арқылы келешек ұрпаққа жарқын болашақ қалдырады. Арақсыз өмір – амандық пен берекенің кепілі. Олай болса, «Арақсыз Ақтоғай – берекелі Ақтоғай» болуға бірге атсалысайық!

1.jpg

2.jpg

3.jpg

4.jpg

5.jpg

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс