Жиреншенің әйелі дүниеден өтеді. Әз Жәнібек хан өзі жайлап естіртейін деп айтыпты. Хан:
"Уа, Жиреншем, әкең өлсе қайтер едің",- дейді. Жиренше:
" Асқар тауы құлады десейші",- депті. Хан:
" Анасы өлсе қайтер еді",- депті. Жиренше:
" Ағар бұлағы суалды десейші",- депті. Хан:
" Ағасы өлсе қайтер еді",- депті. Жиренше:
" Оң қанаты қайрылды десейші",- депті. Хан:
" Інісі өлсе қайтер еді",- депті. Жиренше:
" Сол қанаты қайрылды десейші",- депті. Хан:
" Апа, қарындасы өлсе қайтер еді",- депті. Жиренше:
" Өрісі қысқарды десейші",- депті. Хан:
"Қатыны өлсе қайтеді Жиренше",- депті. Сол кезде Жиреншенің сүйеніп отырған қамшысының сабы шарт етіп сынып кетіпті. Жиренше:
" Қамшының сабы сынды десейші, қамшының сабы сынғанда, қатыны өлді, жай, майы бұзылды десейші",- депті. Хан:
" Олай болса өзіңіз айтқандай, қамшының сабы сынды, Жиренше",- деген екен.
***
Жиреншенің әйелі дүниеден қайтып, біраз жыл өткен соң қайтадан үйленуге әйел көріп жүріп, бір қараша үйдің қасында қызыл көйлек киген, аузы үлкендеу қызға кездесіп:
"Мына үйдің шаңырағының үлкені-ай",- депті жұмбақтап, қыздың аузын меңзеп. Қыз да түсіне қойып:
" Үлкен болса түтіні түзу шығады",- депті. Жиренше:
" Бір ақ қолтық, қызыл қашар іздеп жүр едім",- депті. Қыз:
" Көрдім, мана құдық басында қара бұқа артын иіскеп тұрған",- депті.
Біраз күн өткесін Жиренше сол қыздың үйіне барып әкесімен сөйлесіп кел деп бір кісіні жіберіпті. Ол кісі барып, қызбен сөйлесіпті. Қыздың айтқанына еш түсінбей, қайтып келіп Жиреншеге қыздың айтқанын баяндапты:
" Қыз жалғыз өзі үйде шашын жуып отыр екен. Үйге кіріп едім қыз қысылып:
" Тұңғұлақ кісінің атасына нәлет",- деді. Мен еш түсінбедім. Жиренше:
" Үйінде ит жоқ екен ғой",- депті.
"Әкең қайда кетті",- деп едім, қыз:
" Ағаш қазан қайнатуға кетті",- деді. Түк түсінбедім. Жиренше:
" Әкесі насыбай үгітуге кеткен екен",- дейді.
"Шешең қайда",- деп едім, қыз:
" Өлі мен тірінің арасына кетті",- деді.
Бұл сөзді де түсінбедім. Жиренше:
" Туа алмай жатқан әйелге кеткен екен ғой",- дейді.
"Ағаң қайда?"- деп едім. Қыз:
" Сегіз аяқтымен аңға кетті",- деді. Бұл сөзді де түсінбедім",- дейді. Жиренше:
" Буаз биемен аңға кеткен екен",- депті.
Кейін Жиренше сол қызды құда түсіп, әйелдікке алыпты.