ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ, ЖАСТАРДЫ ТУРА ЖОЛДАН АДАСТЫРМАУ, БІЛІМГЕ БАУЛУ

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ, ЖАСТАРДЫ ТУРА ЖОЛДАН АДАСТЫРМАУ, БІЛІМГЕ БАУЛУ

491
7 мин
ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ, ЖАСТАРДЫ ТУРА ЖОЛДАН АДАСТЫРМАУ, БІЛІМГЕ БАУЛУ

Жастар – елдің болашағы, болашаққа сенім арту – жеңісті де жемісті келешектің көрінісі. Ал ел ертеңі болған жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болған, әрі қашанда басты мәселелердің бірі бола беретін аса нәзік дүние. «Ағашты шыбық кезінде түзуле» дейді дана халқымыз. Албырттықпен қайда исең сонда қарай иіле кететін жастардың рухани бағдары бүгінде өзекті. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жас буын өкілдері. 

Осы тұрғыда жастардың діни адасушылыққа түсіп жатқан бұрыс тұстарына тоқталып өтсек.

Ғалымдар айтады екен: «Елдің ертеңін білгің келсе, бүгінгі жастарына қара». Ия, жастар қашан да әр халықтың ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі, жастар – елдің тірегі. Жастар – халықты дамуға жетелейтін негізгі күш. Жастар – елдің болашағы. Жарқын болашақ жастардың қолында.

Ислам діні қашанда жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырып келген. Себебі дұрыс бағыт алған жастар үмметтің үмітін ақтайды. Кері жағдайда, тәрбиесі ақсаған жастар дұрыс пен бұрыстың арасын ажырата алмай сағы сынады. Қоғамда кері әрекеттер мен бүліктерге жол ашылып, елдің берекеті қашады. Бүгінде тәрбиесі ақсаған жас ертеңгі күннің қылмыскері болып шығуы әбден мүмкін. Қой үстіне торғай ұялаған заманды көреміз десек, бүгіннен бастап жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек.

Жастық шақтың маңыздылығын түсіндіру үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады:

«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсені олжалап үлгер (қадірін біл): қарттық келместен бұрын шастық шақты, ауру келместен бұрын денсаулықты, кедейлік келместен бұрын байлықты, қарбалас келместен бос уақытты және ажал келместен бұрын тіршілікті». Бұл жерде олжалау деп – уақытында ұстап қалмаса, айырылып қалатын, жоғалтып алатын нәрсе үшін қолданған.

Ислам шариғатында қандай бір әмір немесе тыйым келсе, оның үкімі балиғатқа толған, ақылы толық барлық мұсылмандарға бірдей жүретіні белгілі. Алайда, жастық шақты ерекшелеп көрсеткен. Бұл – жастық шақтың әр мұсылман баласы үшін ерекше маңызды кезең екенін білдіру үшін.

Сол үшін де біз дамып келе жатқан жастардың буынына пайғамбарлық даналыққа сусындаған тәрбие бере білуіміз керек. Тәрбие әуелі ананың медресесімен басталып, ақыл-есі толыға келе әкенің тәліміне көшеді. Әр әке өзінің бала шағасы үшін идеал болуы керек. Жастарды өзінің іс-әрекетімен тәрбиелеуі тиіс. Себебі, іс әрекетпен берілген тәрбие кез келген сұлу сөзден өтімді болмақ. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына көп нәрсені өзінің тәжірибесінде көрсеткен. Тіпті, хадис іліміндегі ғалымдар: «Хадис деген – Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен әр сөзі, ісі, мақұлдағаны...» – деп анықтама берген.

Ал, сөзбен тәрбиелеу бабына келсек, мұнда да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмметіне ең үлкен үлгі болып қала бермек. Себебі, Ол (с.ғ.с) жастарды тәрбиелеген кезде адамның өмірде қақтығысуы мүмкін бір ғана бағытта емес, өмірдің барлық салаларын қамтитын жинақы кеңес айтатын. Мысалға, көкесінің ұлы Абдулла ибн Аббасқа (р.а) былай деген:

«Әй, бала! Мен саған бір сөздерді үйретейін: Алланың әмір еткендерін орындап, тыйым салғандарынан сақтан, Алла да сені сақтайды. Алланың  заңдарына бағынсаң Алла әрдайым жаныңда болады. Тілейтін нәрсеңді тек қана Алладан  тіле. Көмек сұрасаң, тек қана Одан көмек сұра. Мынаны жадыңнан еш шығарма, адамдар бәрі жиналып саған көмектеспек болса, Алланың саған жазған нәрсесінен басқасына көмектесе алмайды.  Адамдардың бәрі жиналып саған зұлымдық жасамақ болса, Алланың сен үшін жазғанынан асып еш нәрсе істей алмайды. Себебі, қаламдар тоқтатылып, парақтар баяғыда кеуіп қалған».

Міне, қадірлі Пайғамбар (с.ғ.с) жастарға насихат айтқанда, әуелі олардың сенімін алғашқы сапқа қойды. Себебі, балалықтан арылып үлкен өмірге қадам басқан жас бала әуелі Алламен, сосын өзімен шыншыл болуды үйрену керек. Бүкіл зиян мен пайданың Алладан ғана екенін сезініп, әр ісінде ұжданымен ұштасқан батыл қадамдар жасай білуі керек. Өзгелерді алдап-арбау мен ұятты іс жасау – иманды адамның азығы емес.

Жастық шақ әр адамның тепсе темір үзетін кезеңі ғой. Кімде-кім бұл уақытында даналыққа бет бұрып, жастық шағын Алланың әмірлерін орындауға арнаса, Алла Тағала оның ақыретін жеңілдетіп қояды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Жеті түрлі адамды Алла Тағала өз көлеңкесінен өзге көлеңке болмаған күні өз көлеңкесіне алады», – дей келе: «Раббысына құлшылық етіп өскен жас жігітті»,– атайды.

Имам Ибн Хажар бұл хадисті ашықтап былай дейді: «Жастарды ерекшелеуінің себебі – адам баласы жастығында шахуатына еріп кетуі мүмкін болғаны үшін. Себебі, оның бұл кездегі күші қалаған ісін істеуіне мүмкіндік ашады. Ал, осы сәтте өз тізгінін өз қолына алып тақуалыққа бет бұруы – жас адам үшін ауыр соғады».

Осы себепті де, жастық шақты дұрысымен пайдалану керек. Себебі жастық шақ үшін әр адам ақыретте сұралатын болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады:

 «Қалай өмір сүргенінен, ғылымымен не атқарғанынан, дүниені қайдан тауып, қайда жұмасағанынан, денсаулығын қайда тоздырғанынан сұралмайынша, Қиямет күні ешбір құл (орнынан) бір қадам да қозғалмайды».

Ия, жастық шақ – нығмет. Алайда, оны дұрыс қолданбай, бұрыс жерде жұмсау әр адам үшін қасірет болмақ. Ендеше, бар игіліктің көзі болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасиетті тағылымынан жастарға тәрбие берсек, дүниемізде де, ақыретімізде де бірдей игілікке қол жеткізеріміз анық. Жастардың тәрбиесіне ат үстінен қарауға болмайды. Ал, ең жақсы тәрбие ретінде адамзаттың ең ардақтысының (с.ғ.с) жолын ұстану керек. Себебі, Ол (с.ғ.с) Құранда баяндалғандай: «Ұлы мінезге ие».

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс