Ислам діні адалдықты адамның ең асыл қасиеттерінің бірі ретінде дәріптейді. Адалдық – мұсылманның мінезінің айнасы, иманының көрінісі және қоғам берекесінің кепілі. Қай салада болсын, адалдық салтанат құрған жерде сенім орнығады, әділет үстем болады, береке артады. Ал өтірік, жалғандық және қиянат жайлаған жерде сенім жоғалып, қоғамның іргесі сөгіле бастайды.
Бүгінгі күні қоғамда кездесетін келеңсіз құбылыстардың бірі – жалған диплом алу немесе қолдан жасау. Бұл – тек заң бұзушылық қана емес, ар-ожданға, аманатқа және қоғамға жасалған ауыр қиянат. Жалған диплом арқылы адам өзіне тиесілі емес мәртебеге ие болады, өзінен білімді әрі лайықты азаматтың орнын иеленеді. Мұндай әрекет жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіреді.
Сондықтан жалған диплом мәселесіне тек құқықтық тұрғыдан емес, діни-рухани тұрғыдан да қарау қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар әрі шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят), – деп ескерткен. Бұл аятта әрбір мұсылман шындық пен адалдықты басты орынға қою қажеттігі ашық баяндалуда. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шындық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Адам шындықты ұстанып жүре берсе, Алланың алдында шыншыл деп жазылады. Ал өтірік күнәға жетелейді, күнә тозаққа бастайды. Адам өтірік айтуды жалғастыра берсе, Алланың алдында өтірікші деп жазылады», – деп ескерткен.
Жалған диплом – өтіріктің ресми құжатқа айналған түрі. Ол адамның өмірбаянын жалған мәліметпен безендіріп, өзіне тиесілі емес құқыққа қол жеткізуіне себеп болады. Былайша айтқанда, жалған диплом – аманатқа жасалған қиянат. Ал Исламда білім үлкен аманат екені белгілі. Диплом белгілі бір білім мен біліктіліктің куәлігі десек, егер адам оны заңсыз жолмен алса немесе қолдан жасаса, ол осы аманатқа қиянат жасаған болады. Жалған диплом арқылы дәрігер атанған адамның қателігі адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Жалған диплом алған адамның кемшілігі тұтас бір ұрпақтың білім сапасына әсер етеді. Жалған инженердің салған ғимараты қауіпсіздікке қатер төндіреді. Жалған заңгер немесе судья әділетсіз шешім қабылдап, талай адамның тағдырына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан жалған диплом жай ғана қағаз емес. Ол кейде адамның өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне және мемлекет болашағына әсер ететін ауыр қылмыс.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бізді алдаса, ол бізден емес», – деген. Ғалымдардың түсіндіруінше, бұл хадис адамдарды алдаудың барлық түріне қатысты. Жалған диплом да алдаудың бір түріне жатады. Өйткені адам жұмыс берушіні, мемлекетті, қоғамды және өзіне сенім артқан адамдарды жаңылыстырады. Исламда мақсаттың жақсы болуы харам құралды ақтамайды. Жұмысқа тұрайын, отбасымды асырайын деген ниет болғанымен, оған жалған құжат арқылы жету шариғатқа қайшы.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде «академиялық адалдық» деген ұғым кеңінен қолданылады. Бұл емтиханда көшірме жасамау, өзгенің ғылыми еңбегін иеленбеу, жалған сертификат қолданбау, дипломдық жұмысты сатып алмау, ғылыми зерттеуде шындықты бұрмаламау сияқты амалдармен өлшенеді. Ислам бұл ұстанымдарды он төрт ғасыр бұрын-ақ бекіткен. Өйткені адалдық – мұсылманның өмір салты. Нағыз мұсылман алған бағасын да, дипломын да, ғылыми дәрежесін де адал еңбегімен иеленуге тиіс.
Қазақ халқы: «Білім – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Нағыз білім уақытты, еңбекті, төзімділікті талап етеді. Алла Тағала пендесінің қандай да бір іс атқарса, оны сапалы, тиянақты, жауапкершілікпен орындағанын қалайды. Сапалы білім де табандылықты, ізденісті және адал еңбекті талап етеді. Адал еңбектің жемісі кеш келуі мүмкін, бірақ оның берекесі мол болады. Ал жалған диплом уақытша пайда әкелгенімен, ақыры өкінішке ұрындырады.
Баланың бойына адалдық қасиетін қалыптастыру отбасынан басталады. Егер ата-ана баласына «қалай болса да диплом ал» деген түсінік берсе, ол баланың болашағына жақсылық жасаған болмайды. Ұстаз да шәкіртке тек білім беріп қана қоймай, адалдықтың үлгісін көрсетуі тиіс. Білім мен тәрбие қатар жүргенде ғана елге пайдалы азамат қалыптасады.
Нұрсұлтан ҚУАТҰЛЫ,
«Әбу Бәкір Сыддық» медресе
колледжінің директоры
«Мұнара» газеті
№14 21 шілде