ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ӘРБІР МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ӘРБІР МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

1
5 мин
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ӘРБІР МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

Асыл дініміз Ислам әрбір мұсылманға құлшылық амалдарын орындаумен қатар, қоғамға пайдалы, ізгі істер атқаруды міндеттейді. Қасиетті Құранда: «Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендердің сауабын Біз ешқашан зая етпейміз» («Кәһф» сүресі, 30-аят) деп баяндалған. Бұл аят адамның жасаған жақсылығы өзіне де, өзгеге де игілік әкелетінін білдіреді.

Қоғамға пайдасы тиген әрбір игі іс – Алланың разылығына жеткізетін сауапты амал. Мұсылман адам дүниеден өткеннен кейін де, тірісінде жасаған жақсылықтарының сауабы үзілмейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы дүниеден өткенде барлық амал дәптері жабылады. Тек үш нәрсенің сауабы ғана жалғаса береді: үздіксіз садақа, пайдалы білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деп өсиет еткен. Сондықтан әрбір мұсылман баласы артында ізгі іс пен игі із қалдыруды өмірлік мақсат етуі тиіс.

Ұлы ойшыл Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп, адам өмірінің мәні қоғамға қызмет етуде екенін айқындаған.

Жалғасып тұратын игі амал

Адамдардың ең абзалы – өзгелерге көбірек пайда тигізгені. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдасы тигендері», – деген. Үздіксіз жалғасып тұратын садақа «садақа жәрия» деп аталады. Мұндай садақаға мешіт, мектеп, аурухана, көпір салу, ағаш отырғызу секілді халыққа тұрақты қызмет ететін істер жатады.

Кімде-кім елге пайдалы іс жасаса, ол адам қайтыс болғаннан кейін де, сол істің игілігі арқылы сауап алып тұрады. Бір тал ағаш отырғызу, бір тамшы су көзін ашу, бір жол салу – барлығы да үлкен сауапқа бастайды. Себебі адамдар мен тіршілік иелері одан қаншалықты пайдаланса, соншалықты жақсылық жасаушыға сауап жазылады.

Пайдалы білім қалдыру

Ислам діні білім алуды әрі оны өзгелерге үйретуді үлкен сауапты іс деп есептейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген. Демек, білімді адамның міндеті – алған ілімін қоғам игілігіне жарату.

Білімнің зекеті – оны бөлісу. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса», – деп, үйретудің маңызын атап өтсе, Қаныш Сәтбаев ғылымның халық игілігіне қызмет етуі тиіс екенін айтқан.

Шәкірт тәрбиелеу, кітап жазу, пайдалы ғылыми жаңалық ашу, өнегелі еңбек арқылы үлгі болу – бәрі де адам өмірден өткен соң да сауабы жалғасатын ізгі істерге жатады.

Мейірімділік – адамгершіліктің негізі

Мейірімділік – адамзат қоғамын біріктіретін, ізгілікке бастайтын ең асыл қасиеттердің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдарға мейірімді болмағанға Алла да мейірім етпейді», – деп, бұл сипаттың маңызын айқындаған.

Абай мейірімділікті «бес асыл істің» қатарына қосса, Шәкәрім «шын адам болудың» басты шарты ретінде атаған. Ал Құранда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бүкіл әлемге мейірім ретінде жіберілгені баяндалады. Ол кісі өз өмірінде кешірім мен жанашырлықтың теңдессіз үлгісін көрсетті. Тіпті өзіне қастандық жасаған адамдарды да кешіріп, олардың жүрегіне иман ұялатты.

Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, қоғамда тыныштық пен татулықтың орнауына жол ашады.

Мұқтаждарға қайырымдылық жасау

Исламда мұқтаж жандарға жасалған материалдық және рухани көмек садақа деп аталады. Садақа – адамның иманының дәлелі. Қасиетті Құранда тақуа жандар Алла берген несібесінен өзгелерге үлестіретіндер деп сипатталған.

Садақа берген адамның малы артып, береке кіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) күн сайын екі періште түсіп, бірі садақа бергенге береке тілеп, екіншісі сараңдық жасағанға өкініш тілейтінін айтқан.

Шынайы садақа – адам жақсы көретін, бағалы дүниесінен беру. Айша анамыздың садақасын таза, әдемі етіп беріп, оны Алланың құзырына жетеді деп құрмет көрсетуі – соның айғағы.

Жақсылық пен қайырымдылық – мұсылман өмірінің негізгі мәні. Ізгі амалдар арқылы адам қоғамға пайда тигізіп қана қоймай, Алланың разылығына бөленеді. Әрбір жасалған жақсылық адамның өзіне де, айналасына да рухани қуат береді.

Алла Тағала баршамызды ізгі амалға ұмтылатын, мейірімді, жомарт, пайдалы білім иесі болған құлдарының қатарынан етсін. Әрбір жасаған игі ісімізді қабыл алып, дүние мен ақыретте мол сауапқа кенелтсін!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс