-Үйге қарай атпен шауып келме - жау таяп қалғанда не өлімді хабарлағанда ғана болатын жағдай.
-Жасы үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме, бұл - құрмет.
-Бас киіммен ойнама, біреуге сыйлама - қонған бақтан айрыласың, басың бірікпейді.
-Ошаққа су құйма - өз отыңды өзің өшірме.
-Бос бесікті тербетпе - ұрпақсыз қаласың.
-Жылқының құйрық, жалын күземе - тұл қалғанның белгісі.
-Малды басқа ұрма, теппе - ырысыңнан айрыласың.
-Кешқұрым ұйықтама - жын-пері көшетін кез.
-Айға қолыңды шошайтпа - қасиетті.
-Жерге түкірме - Жер - Ана, анасының бетіне ешкім түкірмейді.
-Нанды баспа - киесі ұрады.
-Түнде суға барма - су перісі қағуы ықтимал.
-Екі бүйіріңді таянба - қайғы, қасірет белгісі.
-Бөгде адамнан "қайда барасың?" деп сұрама - көргенсіздік.
-Жай отырып уһілеме - уайым, қайғы шақыру.
-Қолыңды төбеңе қойма - дүниеден безіну.
-Табаныңды тартпа - бейнет шақыру.
-Өтірік жылама - құдай шын жылатайын десе қиын емес.
-Табалдырықта тұрма - суыт хабар жеткізгеннің белгісі, төр - киелі, табалдырық ұнамсыздау орын.
-Кісіге қарап есінеме - əдепсіздік.