ТАС

ТАС

341
3 мин
ТАС

Өлгелі жатқан хан өзінің мұрагерін шақырып алып

-Ұлым, мен ақырғы сапарға аттанғалы жатырмын. Менің орныма сен хан боласың. Сондықтан әрқашан дайын бол-деп барып қырылдап жан тәсілім болыпты.

-Әке, неге дайын болуым керек? —деген сұрағына жауап алалмады.

Өлген ханның аяқ жағында отырған сайқымазақ орнынан тұрып әлсіз ғана "Ажалыңа дайын болу керек" деді.

Сайқымазақтың бұл айтқанын кезекті қалжыңға балап отырған тақ мұрагерінің үстіне уәзірлер мен сарай қызметшілері топырлап кіріп келді де "Кім хан болса соны мадақтайтын" әдеттерімен

-Уа ұлы хан ием құтты болсын тағыңыз. Сіз осы орынға әбден лайықтысыз. Бүгінгі күннің ең күшті жаңалығы осы болды. Сіз сондай кереметсіз— деп шуласып, қауқылдасып жас ханды орталарына алып таққа отырғызуға беттеді.

-Ал, мынау маған ажалға дайындал деді-деп жас хан сайқымазақты нұсқап

-Тас лақтырып, бетіне түкіріп, итке талатып қаладан қуып жіберіңдер. Елге, "сайқымазақ есі ауысып кеткесін қуылды деңдер" -деп үкім етіпті. Әлбетте су жаңа ханның үкімі екі етілмейді. Сол заматта сайқымазақ елден қуылды.

Жарамсақ, жарбақпайларының сөзіне ісінген жас ханның ойы тек той думан, ойын сауықпен болды.

Жас ханның кезкелген ақымақшылығын "Ұлы шешім" "Көрегенділік" "Даналық" деп қасындағылардың мадақтағанына есі кетіп жүрген хан не істеп не қойып жүргенін білмеді. Егін егілмеді, дихандардың жағдай жасалмай, егіншілікке қолдау берілмеді, сол сияқты малшылардың да күйі қашты. Сондай ит ырғылжың мен мақсатсыз шашпа той думан мен уақыт өте берді.

Арада жылдар өткенде, елдің жағдайы қиындап, аштық басталғанда халық көтерілді. Ханды тұтқындап орталық алаңға шығарып таспен ұрып өлтірмекші болып шешілді.

Халық "Кім бірінші тас лақтырады?" деп өзара келісіп тұрғанда, мыжырайған бір кәрі кісі жұдырықтай тасты лақтырып қалды.

Жанжағындағы қала халқын көріп тұрған хан

-Мыналар осы қаланың тұрғындары, бұлардың алдында кінәлімін, ал сен шалға не жаздым? — күңіренген ханға әлгі шал

-Мен саған ақыл айтқаным үшін осы қаладан қуылған сайқымазақпын. Әкеңнің дайын бол дегені осы күн еді. Мансапқа ие болған екенсің, одан кетуіңе дайын бол. Өмір сүрген екенсің ажалыңа дайын бол. Әкең, «Адам сияқты абыроймен өлуге дайын бол»- дегенді айтпақшы болған. Мені ренжіттің, сол күні осы тасты қойныма салып алған едім

Міне бүгін уақыты келіп лақтырдым-деген екен.

(Бір қызығы, жандайшап, жарамсақ топ тағы да хан сайлап соны ұлықтап, мадақтауға кетті)

Мейманаңыз тасып, мансап иесі болып, айыңыз оңынан туып тұрған да, көп ішінде біреудің көңіліне тиюден сақ болыңыз. Болар болмас өкпе реніш, жылдар бойы жиналып тасқа айналып, сол тас ажалыңызды жақындатуы мүмкін ғой...

М. Кенжебаев. Бейнеу.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс