* Адамдар өнердің өзін тануға емес, оның иесіне табынуға құмар, талғамның тозғындауы осыдан.
* Адамдар өзінің емес, өзгенің мінсіз болуын талап еткіш, өштіктің бас көтеретіні осыдан.
* Адамдар ақыл алудан гөрі, ақыл айтуды артық үйренген, сөз бен істің қабыспайтыны осыдан.
* Адамдар көзге көрінбейтін биліктен емес, көзге көрінетін биліктен қорқады. Сатқындық жасаудан арланбайтыны осыдан.
* Адамдар өзін Алланың құлы деуден гөрі, бір бірінің құлы секілді сезінуді әдет еткен. Теңдіктің, кісіліктің жеткізбейтіні осыдан.
* Адамдар жаланың қара түсті, адалдың ақ өңді екенін білсе де, қараны емес, қара жұққан ақты сотқа тартқыш. Ақтың ақталмайтыны содан.
* Адамдардың көбі өз мүддесіне жақынды жақсы деп, өз мүддесіне қайшынының бәрін жаман деуге үйренген. Мүддесіз ақиқатқа, мүдделі жалғанның қарсы болатыны осыдан.
* Асырыңқырап айтсақ, адам өзге туралы түгел біледі де, өзі туралы түк те білмейді. Исламда өзіңді таны деуі, содан.
* Өмірдің нәтижесі біреу. Ол – өлім. Ал, өлімнің нәтижесі екеу, ол – не жұмақ, не тозақ. Өмірдің де, өлімнің де біреу болатыны – Құдайдың біреу екендігінің нышаны.
* Адамдар өңінде бірінің көргенін бірі көреді, ал бірінің түсін бірі көре бермейді. Осыдан өтпелі заттық дүние мен мәңгілік ғайып дүниенің өз бойымызда екенін түсінбеуіміз неден?
* Тым өзімшіл болу да, өте өзгешіл болу да менмен мінезден. Көптің назары үймелеген жерде менмендердің көзге түскіш болатыны осыдан.
* Адамдар кесек жақсылығы бар пенденің ұсақ жамандығын, үлкен жамандығы бар пенденің ұсақ жақсылығын сөз болдырғыш. Бұл неден? Пәнилік таразының тең еместігінен.
* Құдайға бет бұруға шақырған үндеу – құлаққа емес, жүрекке жетсе, естілгені сол.
* Кейін дүниеге келгендер хадиске жүрегімен сеніп оқыса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сұхбатына қатысқандардан еш кемдігі жоқ.
* Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерін сүйіспеншілікпен орындайтын келешектегілер оны көзбен көргендерден еш төмен емес.
* Пәни дүниеге яки уақытша өмірге өзгені емес, өзімізді түзетуге келгенімізді ұмытамыз. Үнемі өзімізді емес, өзгені кінәлауымыз содан.
Абай Мауқараұлы