ШҮКІРШІЛІК ЕТУДІҢ МӘНІ

ШҮКІРШІЛІК ЕТУДІҢ МӘНІ

1007
3 мин
ШҮКІРШІЛІК ЕТУДІҢ МӘНІ

Қазір дағдарыс. Қаржы тапшылығын мемлекет қана емес, әр адам сезінуде. Мұндай кезде... Иә. Үнемшілдік таныту керек. Бұл орайда аталарымыз "Тарта жесең - тай қалады" деп айтып кеткен. Иә. Әзірге "тайды" сақтап қалуға мүмкіндік бар. "Тайсыз" қалған да кезіміз болғанын қаперге алсақ, бұл күнге де шүкіршілік айту қажеттілігін түйсінесің. Біздің шүкір: "Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз" дегенді айта алу. Біз соны айта алған xалықпыз. Сондықтан да бүгінгі күнге жеттік. Алла қаласа, ертеңгі күнге де озамыз. Себебі... Дұрыс. Аллаға шүкір айту - иманнан. Ал сол сөз айтылған кезде, кезегін күтіп тұрған өзге ауыртпалықтар әрі ысырылады. Мынандай бір тәмсіл бар.

Бір патша теңізге саяxат жасау барысында қасына жақын қызметшісін де ерте шығады. Әлгі бейбақ өмірінде кемеге отырып көрмеген екен. Кеме шайқалған сайын жанұшыра айқайлап, "Мені кері қайтарыңдар" деп бажылдаумен болады. Оған: "Сабыр сақта, патшаның мазасын алдың" деп қанша рет айтылса да ол ойбайлауын қоймайды. Сонда бір қария кісі патшаға: "Егер сіз ұрықсат етсеңіз мен мұны сабасына түсіремін" дейді. Патша ұрықсат етеді. Қария әлгі адамға ақыл айтып, тынышталуын өтінеді. Ол болса мұның айтқанын құлағына да ілмейді. Сонда қария оны кемеден теңізге лақтыртып жібереді. Теңізге құлаған патша қызметкері "Өлдім, құтқарыңдар" деп қанша айқайласа да ешкім көмекке бармайды. Ол болса айқайлап-айқайлап есінен танып қалады. Қария оны сол кезде барып кемеге қайта алдыртады. Есін жиған ол қайта айқайламай тып-тыныш отырады. Кемедегілер оған "Неге айқайламай қалғансың?" десе, әлгі: "Айқайласам теңізге лақтырады" дейтін көрінеді. Осы оқиғаны естіген Сади Ширази xазреті "Бетердің де бетері болады, қолдағы бар кетпей тұрып қадірін білу керек" деген екен. Сүйікті пайғамбарымыз (сғс): "Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің: Бірінші, кәрілік келмей тұрып жастық шақтың; екінші, ауру келмей тұрып денсаулықтың; үшінші, жұмысбастылық келмей тұрып бос уақыттың; төртінші, кедейлік келмей тұрып байлықтың; бесінші, өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біліңдер" деген.

Иә, бізде қадір тұтатын нәрселер әлі де аз емес. Егер соны түйсіне алсақ, біз де аталарымыз секілді "Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз" деп айта аламыз. Шынында да Алла Тағала сіз бен бізді тойдан ажыратпасын!

Құдияр БІЛӘЛ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс