ШӘКӘРІМ: ҚОЖА ХАФИЗДЕН

ШӘКӘРІМ: ҚОЖА ХАФИЗДЕН

971
3 мин
ШӘКӘРІМ: ҚОЖА ХАФИЗДЕН

Ей, Жарымыз, ай нұры -
Сiздiң нұрдан шыққан бу.
Сұлулардың бет суы -
Иегiңнен тамған су.
Бар ма арнаулы күн маған
Мақсұтыма қол жетер,
Жиюлы ойым тарқаған
Шашыңменен теңесер.
Мiне, ерiнге жан келдi,
Сiздiң жүздi көpyгe.
Әмiрiңдi айт ал ендi,
Не қайту, не өлуге.
Жақын өтсең, аулақ қыл
Етегiңдi қанымнан.
Бұл соқпақта, анық бiл,
Жолыңда өлген көп құрбан.
Көңiлiм өлдi, көңiл алған
Досқа хабар қылыңыз.
Ей, шын достар, бiздiң жан
Сiздiң жан ғой, бiлiңiз.
Нұрлы жүзiң барда ешкiм
Көз жұма алмас саулықтан.
Айла, арамдық сатпасын
Сiздiң басқа ешбiр жан.
Қанды ұйқыға боялған
Бақытымыз оянды.
Себебi сол нұрыңнан
Көзiмiзге су тамды.
Таң желiмен жiбершi
Бiр тұтам гүл нұрыңнан.
Бақшаңыздың иiсi
Аңқыр әлде мұрыннан.
Өмiрлi бол, бақты бол,
Бақ iздеушi десеңiз.
Толмаса да сонша мол,
Кезiңiзде кесемiз.


* * *

Кел, аяқшы, қымыз құй,
Кесемiздi нұрландыр.
Домбырашы, тартшы күй,
Бiзге уақыт бердi қыр.
Жарқыраған кеседен
Жар суретiн көрдiк бiз.
Хабары жоқ еседен
Не бiледi сезiңiз.
Асыққа ажал келмейдi,
Қандай қаза көрсе де.
Көңiлi жанды өлмейдi,
Тәнi жанды өлсе де.
Сырт көрiнiс қылған еп
Бұза ма деп қорқамын,
Арақпен тең болар деп
Жалған сопы тұз-нанын.
Ей, жел, егер жолықсаң,
Бақшасына достардың:
"Атар бiзге бар ма таң?" -
Сәлемiн айт бiз зардың.


* * *
Тұр, аяқшы, бер қымыз,
Қайғыларға топырақ ат.
Шын сұлуды көр мiнciз,
Неге керек өзге жат.
Пәлесiне дүниенiң
Күнi-түнi сабыр қыл.
Таза болса мақсатың,
Ақыры қолың жетер, бiл.


* * *
Көңiл жiбi қолымнан
Шықты, көңiлi тазалар.
Талай сырым жасырған
Болды, мiне, елге жар.
Шыр айналған он күн, бiл:
Айла, сиқыр, жалын, шоқ.
Достым, досқа достық қыл,
Өмiр өтсе, уақыт жоқ.
Қымыз құйған кеселер -
Ескендiрдiң айнасы.
Дара мүлкiн бiлгiзер,
Тағы да көп пайдасы.
Бұл өмiрде шын рахат
Екi-ақ сөздiң мәнiсi:
Досыңа қыл махаббат,
Жауға достық әдiсi.
Жақсы атанар қалаға
Берiлмедi бiзге жол.
Қазаны өзгерт қара да,
Ұнамаса саған ол.
«Ащы сусын‚ - сопы айтқан‚ -
Жамандықтың басы», - деп.
Сұлу қызды құшқаннан,
Бiзге тұрар тәттi кеп.
Қол тарлығы кезiнде
Қымыз iш, ән сал, мас бол,
Қару малы өзiнде,
Кедейдi бай қылар сол.
Балауыз қылса тасты ұстап,
Ондай достан шегiнбе.
Тұла бойды билеп ап,
Шамша жағар тегiнде.
Жылы сөз бен тәттi тiл
Өмiр берер өлгенге.
Аяқшы, оны хабар қыл
Пiр-сопылар келгенде.
Кигемiз жоқ жорта бiз
Арақ құйған шекпендi.
Таза етектi сопымыз,
Ғұзырлы бiл бiздi ендi.


ШӘКӘРІМ

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс