ПЕРЗЕНТТІҢ АТА-АНА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

ПЕРЗЕНТТІҢ АТА-АНА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

78
22 мин
ПЕРЗЕНТТІҢ АТА-АНА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Асыл дініміз исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрімен сабақтастыра білген халқымыз қашан да ата-ананы сыйлап, олардың ақ батасын алуға тырысқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахқаф» сүресі, 15-аятында:

وَوَصَّيْنَا الإِنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ حُسْنًا

«Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік», – деп айтқан.

Жаратушының адам баласына әмір еткен осы бұйрығын жете түсінген ата-бабаларымыз: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», – деп ата-ананың орны мен дәрежесін жоғары қойған.

Дініміз перзенттің ата-ана алдындағы міндеттерін шынайы ықыласымен орындап, оларды разы етуді Жаратушыны разы ететін ең сауапты іс деп түсіндіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

رِضَا اللَّهِ فِي رِضَا الْوَالِدَيْنِ، وَسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ

«Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деген (имам Термизи).

Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Алладан басқа құдайдың жоқтығына, сен Алланың құлы әрі Елшісі екендігіңе куәлік беремін, бес уақыт намазымды оқимын, малымнан зекет беремін, рамазан оразасын ұстаймын», – дегенде, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осы күйде өлсе, жәннаттық болады. Пайғамбарлармен, шыншылдармен және шаһидтермен бірге болады, егер ата-анасына бойсұнған болса», – дейді. Яғни, кімде-кім ата-анаға бойсұнбаған болса, оларға қарсы келіп, ренжіткен болса, басқа істерінің пайда бермеу қауіпін туғызады екен.

Ендеше, әр перзент ата-анасын разы етуге тырысып, олардың алдында мынадай міндеттері барын ұмытпауы қажет:

Бірінші: ата-ананы құрмет тұту

Перзент ата-анамен қарым-қатынас жасағанда өте жұмсақтықпен, мейірімділікпен және әрбір сөзі мен ісінен құрметтің белгісі көрініс табуы қажет. Әсіресе ата-анасы кәрілік жасына жеткенде зекіп, дауыс көтеріп сөйлеуден, өтінішіне ренжіп жауап беруден аса сақ болу қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның Исра» сүресі, 23-24-аяттарында:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيمًا. وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді, ата-анаға жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «туф» деп айтушы болма. Сондай-ақ ол екеуін зекіме әрі сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда мейірімін төккеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» – де», – деп бұйырған.

Аятта «туф» деп ата-анаға қарсы шығу, яғни кішкентай бір сөз сөйлеудің өзі ауыр екендігін, оның харам іске жататындығын ескерткен. Ал зекіп сөйлеу, дауыс көтеру, көңіліне қаяу салу өте үлкен күнәлі іс екендігін білдіруде.

 

Қисса

Бірде Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Оның соңынан бір кісі еріп келе жатқанын байқайды. Әбу Һұрайра одан артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һұрайра оған: «Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермепсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына қой. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!» – деп ескерту жасайды.

Имам әл-Ғазали перзенттің әкe-шeшe алдындағы әдeбі жайында былай деген: «Пeрзeнттің әкeсі алдындағы әдeбі – сөзінe мұқият құлақ асу, істі атқаруға әзір тұру, бұйрығын жүзeгe асыру, oған дауыс көтeрмeу, шақырған сәттe дeрeу бару, oның көңілінeн шығуға әрeкeт eту, сабырлықпeн құшақ жаю, oған жасаған жақсылықты жәнe oрындаған тапсырмасын міндeтсінбeу, oған аларып қарап, қабағын шытпау».

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Қасиетті Құрандағы үш аят үш түрлі себепке байланысты түсті. Oлар бір-бірінсіз толық бoлмайды:

Біріншісі, «Намазды тoлық oрындаңдар және зeкeт бeріңдeр» деген аят. Кімде-кім намазын өтeп, бірақ (жағдай бола тұра) зeкeтін бeрмeйтін болса, құлшылығы кәміл болмайды.

Екіншісі, «Аллаға бoйсұныңдар жәнe Eлшісінe бoйсұныңдар!». Яғни кімде-кім Аллаға бoйсұнып, Oның Eлшісінe бoйұсынбаса, oның Аллаға деген бoйұсынуы толық болмайды.

Үшіншісі, «Маған жәнe ата-анаңа шүкір eт». Бұл аятта да кімде-кім Алла Тағалаға шүкіршілік eтсe, бірақ ата-анасына шүкіршілік eтпeсe, oнда Жаратушыға дeгeн шүкіршілігі қабыл бoлмайды».

Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларға қарап: «Сендерге үлкен күнәлар жайында хабар берейін бе?» – деп, үш рет қайталап айтады. Сонда сахабалар: «Айтыңыз», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, ата-анаға құрметсіздік таныту деп жантайған қалпынан бойын түзеп отырып, жалған сөз, жалған куәлік», – дейді.

Ата-ана алдындағы атқаратын міндеттеріміздің барлығы оларға деген махаббат әрі құрметпен тікелей байланысты. Өйткені жүргімізде ата-анаға деген терең махаббат пен құрмет орнағанда ғана перзент, олардың алдында іспен атқарылатын (жәрдемдесу, қызметінде болу, қартайып еңбек етуге жарамайтын болса нәпақа беру) сондай-ақ тілмен атқарылатын (жылы сөз айту, дөрекі сөйлемеу, көңілдеріне қуаныш ұялату) сияқты міндеттердің барлығын кемел дәрежеде орындайтын болады.

 

Қисса

Бір күні Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан бұл дүниеде жәннаттағы көршісін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл періште келіп: «Сенің жәннаттағы көршің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы», – деп жауап береді. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып отырған жас жігітті көреді. Мұса пайғамбар әлгі жігіттің істеп жатқан істерін жақыннан бақылап, қасына барады. Бірақ ешбір ерекшелікті байқамайды. Күн батып, кеш болған соң қасапшы азғана ет алып үйіне қайтады. Мұса пайғамбар да онымен ілесіп, үйіне қонақ етуін сұрайды. Бірақ өзін таныстырмайды. Әлгі қасапшы жігіт кең пейілмен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ етеді. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оның әрбір ісін бақылап отырады. Әлгі жігіт тамақ дайындап болған соң, жоғарыда ілулі тұрған себетті түсіріп, бір қарт әжені алып шығады. Жуындырып, киімін ауыстырып, қолымен тамақ беріп болғаннан кейін орнына қайта жайғастырып қояды. Мұса пайғамбар әлгі әженің түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естиді. Әлгі қасапшы жігіт анасын тамақтандырып болғаннан соң, қонағын күтіп, тағам әкеліп, бірге тамақ іше бастайды. Мұса пайғамбар жаңағы әже жайында сұрай бастайды. Сонда әлгі қасапшы жігіт: «Бұл менің анам. Мен оның қызметін жасаймын», – деп жауап береді. Содан кейін Мұса пайғамбар: «Жаңа анаң, сен тамақтандырған соң, аузын жыбырлатып не айтты екен?» – деп сұрайды. Әлгі жігіт: «Әр кез мен оған қызмет жасаған кезімде ол: «Алла сені кешірсін және сені қиямет күні Мұса пайғамбардың көршісі етсін», – деп маған бата тілейді», – дейді. Сол кезде Мұса пайғамбар: «Мен сені сүйіншілегелі келдім. Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сенің бойыңнан анаңды ұлықтап, құрмет жасап, жақсылық істегеніңнен басқа амал көрмедім, сенің бұл мәртебең ата-анаңа деген құрметің және жақсылығың», – дейді.

Екінші: ізгілікке бұйырса бағыну

Ата-ана қандай да бір жақсылық іске бұйырса оған бағыну – перзенттік міндет. Қасиетті Құранда Лұқман өзінің ұлына айтқан өсиеттерінің бірінде:

وَإِنْ جَاهَدَاكَ عَلى أَنْ تُشْرِكَ بِي مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ فَلا تُطِعْهُمَا وَصَاحِبْهُمَا فِي الدُّنْيَا مَعْرُوفًا وَاتَّبِعْ سَبِيلَ مَنْ أَنَابَ إِلَيَّ ثُمَّ إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأُنَبِّئُكُمْ بِمَا كُنْتُمْ تَعْمَلُونَ

«Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға итермелесе, ондай жағдайда оларға бағынба! Олармен дүниеде дұрыс қарым-қатынаста бол (жақсылық жаса). Маған құштар (менің разылығымды қалайтын) адамдардың жолына түс. Соңында бәрің де Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істегендеріңді (дүниеде істеген жаман-жақсы барлық істеріңді) баян етемін», – деп айтқаны баяндалған («Лұқман» сүресі, 15-аят)

Аятта ата-анаға бағынудың міндет екені баяндалуда. Тек ата-ана зорлықпен күнәлі іске бұйырса ғана оларға бағынбауға болатыны айтылған. Бірақ, ешбір ата-ана баласын ұрлық жасауға, арсыздыққа баруға, біреудің ақысын жеуге бұйырмайтыны анық. Сондықтан күнәлі іс болмаған басқа жағдайдың барлығында перзент ата-ананың айтқанына екі етпей бағынуы тиіс.

Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тоғыз нәрсені өсиет еткенін айтқан, соның бірінде: «Ата-анаңа бағын, егер дүниелік істеріңді тастап, олардың қызметіне қарай шығуыңды бұйырса, бұл істе де оларға бағынып, қызметін атқаруға кіріс», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім күнінің басын Алла ризалығы үшін ата-анасына бойсұнған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бойсұнбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады», – деді. Сол кезде бір кісі орнынан тұрып: «Ол екеуі зұлымдық жасаса да ма?» деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, зұлымдық жасаса да», – деп үш мәрте қайталайды (имам Хаким).

Мәшһүр-Жүсіп бабамыз: «Жас кезіңде ата-ана қызметін қылып, бата алмағандарың қартайғанда өзіңнен төмен иттердің құлдығында қаласың. Жаратқан Құдайдың ризалығын мақсат қылсаң, есіл-дертің Құдай ризалығы болса, Құдай үшін қылған амал, тағат-ғибадатыңның пайдасын көресің. Ұстаз ризалығын мақсат қылсаң, есіл-дертің ұстаз ризалығы болса, қанша үйреніп білген ғылымыңның пайдасын көресің. Бұл үшеуінің ризалығын іздемеген, ойламаған болсаң, бұ жалғанның жүзінде атар таң, шығар күн, жарық сәуле көремін деп ойлама», – дейді.

 

Қисса

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен отырған кезде: «Сендерге Иеменнен бір ру келеді. Солардың ішінде Уайс ибн Әмір деген кісі болады. Оның денесінде тері ауруы болған. Сол ауруынан дирхамның көлеміндей жерден басқасын Алла емдеп жіберген. Егер ол Алладан бір нәрсе сұраса, оның сұрағанына міндетті түрде жауап беріледі. Оның сырқат анасы бар, ол анасына өте көркем игі қарым-қатынас танытады. Уа, Омар! Егер шамаң келсе, оны көрген кезіңде, сен одан Алла Тағала күнәларыңды кешіруін сұрап, дұға етуін өтін», – дейді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) халифа болған кезінде Иеменнен бір тайпа келеді. Сонда Омар олардан: «Араларыңда Уайс ибн Әмір деген кісі бар ма?» – деп сұрайды. Сонда адамдар таң қалысып: «Бар», – деп жауап береді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) онымен кездесіп: «Уайс ибн Әмір деген сен бе?» – деп сұрайды. Ол: «Иә», – деп жауап қатады. Халифа оған: «Сен Мурад деген рудансың ба? Бойыңда тері ауруы болған екен, Алла шипа беріп, дирхамдай жерден басқасын жазыпты. Сен сырқат анаңды күтіп, қарауың себепті Алла Елшісімен жолыға алмапсың», – дейді. Уайс: «Иә, дәл солай», – деп халифаның айтқандарына таңырқай түседі. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Мұны маған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып еді. Саған айтар өтінішім, мен үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, дұға етші», – деген екен.

Уайс ибн Әмір (Алла оны рақымына алсын) анасы сырқаттанып, оны күндіз-түні уайымдап, сол кісіге қараймын деп, Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кездесуге келе алмаған адам. Оның анасына деген игі қарым-қатынасының себебінен Алла оның есімін ардақты Пайғамбарымызға (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірген. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) тірі күнінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың қатарында бола тұра Уайс ибн Әмірге барып, өзі үшін дұға етуін өтінуі ата-анаға деген құрметтің пендені қаншалықты үлкен дәрежеге көтеретінін түсінеміз.

Үшінші: дүниеден өткен болса, дұға жасап тұру

Ата-ана дүниеден өтсе, оларға жақсылық жасау тоқтамайды. Яғни перзент дұға жасап отыру арқылы жақсылық жасауды жалғастыра береді. Тіпті перзент ата-анасы тірісінде сыйласқан жақындарын, достарын құрметтеу арқылы да ата-анасына деген жақсылығын жалғастырады. Қазақ халқында: «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ أَبَرَّ الْبِرِّ أَنْ يَصِلَ الرَّجُلُ وُدَّ أَبِيهِ

«Құрмет көрсетудің ең жақсысы – адамның әкесінің жақсы көрген адамдарымен араласуы», – деген (имам Мүслим).

Мәлик ибн Рабиға Әс-Сағиди былай дейді: «Біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында отырғанымызда кенеттен Бәни Сәламалық бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Ата-анам дүниеден өткеннен кейін де оларға істейтін жақсы амал бар ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, олардың атынан дұға ету, кешірім сұрау, қалдырған өсиетін орындау, ол екеуі қарым-қатынас жасайтын туыстарымен араласу, жора-жолдастарын құрметтеу», – деп жауап берді (имам Әбу Дәуіт).

Сондықтан да пенрзент ата-анасы дүниеден өткеннен кейін де олар үшін жарылқау тілеп, дұға етіп жүруді естен шығармау қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді. Олар: жалғасып тұратын садақа, пайдалы білім және дұға жасайтын ізгі ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

Саңлақ сахабаның бірі Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) үйіне кірген сайын анасына: «Мені кішкентайымда қалай тәрбиелеген болсаңыз, Алла Тағала да сізге дәл солай мейірімін жаудырсын», – деп дұға жасайтын болған. Анасы да: «Ержеткен кезде маған жасаған жақсылығың секілді Алла Тағала да саған бар мейірімін жаудырсын», – дейді екен.

Сондықтан салиқалы ұрпақ ата-анасының тілеуін тілеп, жақсылық жасайды, ал егер дүниеден өткен болса, оларға Алладан рақым сұрап, дұға жасайды.

 

Қадірменді жамағат!

Халқымыз: «Аймалайтын анаң қымбат, асқар тауың әкең қымбат», – дейді. Ендеше, өмірдегі әрбіріміз үшін қымбат деп танылған ата-анамыздың алдындағы міндеттерімізді ең кемел дәрежеде орындап, олардың разылығын, ақ-батасын алуға тырысайық! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

ثَلاثُ دَعَوَاتٍ مُسْتَجَابَاتٌ لا شَكَّ فِيهنَّ: دَعْوَةُ المَظْلُومِ، وَدَعْوَةُ المُسَافِرِ، وَدَعْوَةُ الوَالِدِ عَلى وَلدِهِ

«Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ. Олар: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы», – деген.

Алла Тағала біздерді ата-аналарымыздың разылығын алып, Алла Тағаланың разылығына бөленген жандардан етсін. Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болғай!

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс