ҚОҒАМ ӘДІЛДІКПЕН ДАМИДЫ

ҚОҒАМ ӘДІЛДІКПЕН ДАМИДЫ

531
10 мин
ҚОҒАМ ӘДІЛДІКПЕН ДАМИДЫ

Мұсылман адамның бойында көрініс табуы қажет болған маңызды сипаттардың бірі – әділдік. «Әл-адлу» (العدل) сөзі – барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, реңі мен түріне, байлығы мен мансабына және туыстығына қарамай теңдікті ұстану дегенді білдіреді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында: «Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, қарсылықтан (жамандық атаулыдан) һәм зиян келтіруден тыяды», – деп айтқан.

Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі де – «әл-Адл» (Әділетті). Өйткені Жаратушы Алла Тағала иманды мен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан мен қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді.

Адамдарға көркем өнеге ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өте әділ еді әрі өзгелерге де әр істе әділдік жолын ұстануды бұйыратын. Хадис шәріпте: «Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп айтылған (имам Мүслим).

Қазақ халқы да әділдік ұғымын ерекше қастер тұтқан. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді. Хакім Абай өлең жолдарында:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті – деп әділетті сүюге шақырған.

Жалпы әділдік ұғымы тек қана құқық саласында ғана емес, сенімнен бастап адамдық қатынастарды, тәрбиелік мәселелерді, айтылған сөздер сынды көптеген ұғымдарды қамтиды. Әсіресе, мұсылман өмірінде әділдік мына істерде көрініс табуы қажет:

Бірінші: басшылық ететін адамның әділдігі

Мұсылман адам қандай да бір істе, әлдебір ұжымда адамдарға басшы болатын болса, одан ең бірінші талап етілетін сипат – әділдік. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді», – деп, соның бірі: «Әділ басшы» екендігін айтқан (имам Бұхари).

Басшы адамның әділдігі жұмысшылардың барлығына тең қарау, істі лайықты адамға тапсыру, жұмысшыға шамасы келмейтін жұмысты жүктемеу, өзін өзгелерден артық санамау, жалақыларын уақытында беру сынды істерде көрініс табады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маңдайының тері құрғамай тұрып, еңбекақысын беріңдер», – деп бұйырған (ибн Мәжә).

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы «Зұлымдық». Әділдік талап етілген жерде табылмаса, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтан да әділдіктің пайдасын айтқанда асыл дінімізде зұлымдықтың зардабы да қоса айтылады. Мысалы, қасиетті Құранда: «Расында Біз, зұлымдық жасаушылар үшін дуалдары қоршап алатын тозақ отын әзірледік», – делінген («Кәһф» сүресі, 29-аят).

Екінші: үкім етудегі әділдік

Әділдіктің бұл түрі екі адам арасында қазылық етуші немесе екі тарапты жарастырушы адамның, әр тараптың өзіндік ақыларын дұрыс беру арқылы жүзеге асырылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында: «Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп бұйырған.

Халқымызда адамдардың туыстығы мен жақындығы, дүниесі мен мансабына   қарамай, әділ үкімін бере білген қазыны «қара қылды қақ жарған» немесе «тура би» деп ат қойған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтатындығы да осыдан.

Бұған әділеттілігімен танымал хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) басынан өткен мына оқиға тамаша мысал болады:

Бір күні халифа Омар мен бір сахабаның арасында келіспеушілік туып, ол екеуі дауды әділ қазының төрелігіне жүгіну арқылы шешуге келіседі. Ол кезде әділ қазы сахабалардың ішіндегі беделді Зәйд ибн Сәбит болатын. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Арамыздағы мәселенің түйінін тарқатып берсін деп саған келдік», – дейді. Хазіреті Зәйд (Алла оған разы болсын) халифаның астына көрпеше төсеп, жанына отырғызбақшы болғанда Омар: «Бұл беретін үкіміңде жасаған алғашқы әділетсіздігің», – дейді. Сосын: «Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кез келген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл лауазымға лайық бола алмайсың. Әділ қазы халифаның емес, Алланың бұйрығы мен үкімін орындауы керек», – деп заң алдында бүкіл адамдардың жауапқа бірдей тартылу керектігін жария етеді.

Үшінші: отбасындағы әділдік

Ата-аналарымызбен, жұбайларымызбен, балаларымызбен қарым-қатынас жасағанда барлығы әділдіктің негізінде болуы тиіс. Мысалы, ата-анамызды сыйлап, құрметтеудің өзі әділдіктің көрінісі. Себебі бала шыр етіп дүниеге келгенінде, өз бетімен жүре де, қоректене де алмайды. Осы кезде ол ата-ананың аялы алақанына мұқтаж болады. Осы мұқтаждықты бар ықыласымен өтеген, нәпақа тауып, киіндіріп, мәпелеп өсірген ата-анасы кәрілік жасына жеткенде, баласының оларға қарайласуы – нағыз әділдік. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранның Исра» сүресі, 23-24-аяттарында: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туф» деп айтушы болма. Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр!» – де», – деп бұйырған.

Осы сияқты асыл дініміз исламда әйел адамның ері алдында орындауы керек міндеттері болғанындай, ер адамның да әйелі алдында атқаратын міндеттері бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында: «Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар», – деп айтқан. Осы міндеттерді ерлі-зайыптылардың дұрыс атқаруы да – отбасындағы әділдікке жатады.

Сол сияқты отбасында балаларға қатысты да өте әділетті болуымыз қажет. Олардың ешқайсысын басқасынан артық көрмеу, ұл бола ма, әлде қыз бола ма немесе үлкен бола ма, кіші бола ма тең көру әділдікке жатады. Сыйлық бергенде, тіпті сүйгенде де араларын ажыратпау тиіс. Әлбетте жасына және ұл-қыз болуына қарай өзіндік тәртіптер болары белгілі, дегенмен басқа балалары ренжімейтіндей қарым-қатынас жасалуы тиіс.

Нуғман ибн Башир (Алла оған разы болсын): «Бірде әкем маған сыйлық берді, сонда Умра бинт Рауаха: «бұл жағдайды Пайғамбарымызға айтпайынша риза емеспін», – деді. (Әкем) ардақты Пайғамбарымызға келіп жағдайды айтқанда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осындай сыйлықты басқа балаларыңа да бердің бе?» – деп сұрады. Әкем «жоқ», деп жауап қатты. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алладан қорқыңдар және балаларыңа қатысты әрқайсысына әділ болыңдар!» – деп айтқан (имам Бұхари).

Төртінші: сауда-саттықтағы әділдік

Сауда-саттық жасайтын адам да әділдікті ұстанып, тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда дұрыс өлшеу сияқты істерге аса мән беруі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында: «Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады. Сонымен қатар «Мұтаффифин» сүресінің 1-4-аяттарында: «Өлшеуде, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетінін ойламай ма?» – деп айтылған.

Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын): «Бұл сүре Әбу Жухайна деп танылған, шынайы аты Амр деген кісіге байланысты түскен. Ол кісінің екі таразысы болған. Бірімен өлшеп алатын болса, екіншісімен өлшеп беретін еді», – дейді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш адаммен Алла ақырет күні сөйлеспейді, оларға қарамайды, оларды (күнәларынан) тазартпайды және оларға ауыр азап дайындалған!» – деп айтқан. Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздерін үш рет қайталады», – дейді. Осы кезде Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Сәтсіздік пен шығынға ұшырайтындар кімдер?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Киімдерінің соңын (тәкаппарланып) жерге түсірушілер, өзінің игілікті істерін адамдарға міндетсінетіндер және (саудада) өзінің заттарын жалған антпен сатушылар», – дейді .

Әділдіктің аясы үлкен әрі мұсылман үшін маңызы өте зор. Қасиетті Құранның «Шура» сүресі, 15-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«(Оларға) «Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділ болуға (әділдік орнатуға) бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың! Біздің істеген істеріміз өзімізге, сендердің істеген істерің де өздеріңе. Біз бен сендердің араларыңда талас-тартыстың орны жоқ. Алла (уақыты келгенде) барлығымызды бір араға жинайды (әділ билігін айтады), қайтар жеріміз Оның құзыры» деп айт», – деп әмір еткен. Осы аятқа қатысты атақты табиғин Қатада (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділетті болуға бұйырылып, дүниеден өткенінше әділдіктен тайған жоқ», – деген.

Ендеше, біз де әр ісімізде әділетті болуға тырысып, зұлымдық атаулыдан сақтанайық!

Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығы мен берекетін нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс