НИЕТТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

НИЕТТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

2217
11 мин
НИЕТТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Ниет – әр істің бастауы. Ниетсіз амал – еш нәтижесіз құр әрекет болмақ. Адам ниетіне қарай бағаланады, ниетіне қарай сауапқа да ие болып, күнәға да қалуы мүмкін.

        Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде былай дейді:

إنَّما الأعمالُ بالنِّيَّاتِ ولِكلِّ امرئٍ ما نوى فمَن كَانَتْ هِجْرَتُهُ إلى اللَّهِ ورَسولِهِ فَهِجْرَتُهُ إلى اللَّهِ ورَسولِهِ، ومَن كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أوِ امْرَأَةٍ يَتَزَوَّجُهَا، فَهِجْرَتُهُ إلى ما هَاجَرَ إلَيْهِ.

        «Амалдар ниетке байланысты. Әр адам ниет еткен нәрсесіне ие болады. Кімде-кімнің бір мекеннен екінші бір мекенге қоныс аударуы Алла мен Елшісі үшін болса, ол Алла мен Елшісі үшін қоныс аударғанның сауабын алады. Ал, кімде-кімнің қоныс аударуы бір әйелге үйлену немесе бір дүниеге қол жеткізу үшін болса, ол сол үшін ғана қоныс аударған болады (яғғни, ешқандай сауапқа ие болмайды)» (Сахих Бұхари риуаяты).

        Оқитын намазымыз, ұстайтын оразамыз, беретін зекетіміз бен садақамыз және т.б. қандай да бір істеген ізгі амалымыз «Алланың разылығы үшін» деген ниетпен атқарылса, ол үшін мол сауапқа кенеліріміз анық. Ал, біреуге көрсету, мақтан үшін істесе күнәға қалады.

        Абай атамыз Отыз бесінші қара сөзінде бұл жайында былай баяндайды:

«Махшарға барғанда Құдай Тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай Тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.

Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» - деп.

Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шапағат қылыңдар!» - деп айтар дейді».

Абай атамыз бұл сөзді Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі хадистерінен алған. Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай баяндалған:

إنَّ أوَّلَ النَّاسِ يُقْضَى يَومَ القِيامَةِ عليه رَجُلٌ اسْتُشْهِدَ، فَأُتِيَ به فَعَرَّفَهُ نِعَمَهُ فَعَرَفَها، قالَ: فَما عَمِلْتَ فيها؟ قالَ: قاتَلْتُ فِيكَ حتَّى اسْتُشْهِدْتُ، قالَ: كَذَبْتَ، ولَكِنَّكَ قاتَلْتَ لأَنْ يُقالَ: جَرِيءٌ، فقَدْ قيلَ، ثُمَّ أُمِرَ به فَسُحِبَ علَى وجْهِهِ حتَّى أُلْقِيَ في النَّارِ، ورَجُلٌ تَعَلَّمَ العِلْمَ، وعَلَّمَهُ وقَرَأَ القُرْآنَ، فَأُتِيَ به فَعَرَّفَهُ نِعَمَهُ فَعَرَفَها، قالَ: فَما عَمِلْتَ فيها؟ قالَ: تَعَلَّمْتُ العِلْمَ، وعَلَّمْتُهُ وقَرَأْتُ فِيكَ القُرْآنَ، قالَ: كَذَبْتَ، ولَكِنَّكَ تَعَلَّمْتَ العِلْمَ لِيُقالَ: عالِمٌ، وقَرَأْتَ القُرْآنَ لِيُقالَ: هو قارِئٌ، فقَدْ قيلَ، ثُمَّ أُمِرَ به فَسُحِبَ علَى وجْهِهِ حتَّى أُلْقِيَ في النَّارِ، ورَجُلٌ وسَّعَ اللَّهُ عليه، وأَعْطاهُ مِن أصْنافِ المالِ كُلِّهِ، فَأُتِيَ به فَعَرَّفَهُ نِعَمَهُ فَعَرَفَها، قالَ: فَما عَمِلْتَ فيها؟ قالَ: ما تَرَكْتُ مِن سَبِيلٍ تُحِبُّ أنْ يُنْفَقَ فيها إلَّا أنْفَقْتُ فيها لَكَ، قالَ: كَذَبْتَ، ولَكِنَّكَ فَعَلْتَ لِيُقالَ: هو جَوادٌ، فقَدْ قيلَ، ثُمَّ أُمِرَ به فَسُحِبَ علَى وجْهِهِ، ثُمَّ أُلْقِيَ في النَّارِ.

 

Қиямет күнінде ең алғаш болып үкім берілетін адамдар мыналар: Соғыста шейіт болған адам. Оны алдырады да өзіне берілген нығметтерін көрсетеді, ол бәрін танып мойындайды. Сосын одан «Осы нығметтерімнің қарымтасына қандай амал қылдың?» - деп сұрайды. Ол «Сенің жолыңда шейіт болғанға дейін соғыстым», - деп жауап береді. Сонда Алла Тағала «Өтірік айтасың. Сен өзің жайлы «Батыр, ержүрек», - деп айтылуы үшін шайқастың. Солай айтылды да», - дейді. Сосын әмір беріліп, ол жүзімен тозаққа лақтырылады.

Сосын ілім үйренген және оны үйреткен, Құранды оқыған адам әкелінеді. Оған да Алланың өзіне берген нығметтерін көрсетіп, ол да бәрін танып мойындайды. Сосын одан бұл нығметтер үшін не істегенін сұрайды. Ол «Ілімді үйрендім, өзгелерге үйреттім, Сенің разылығың үшін Құранды оқыдым», - деп жауап береді. Оған «Өтірік айтасың. Сен «Ғалым», - деген атқа ие болу үшін оқыдың, «Қари», - деп айтылу үшін Құран оқыдың және солай сен туралы солай айтылды», - дейді. Сосын әмір беріліп, ол жүзімен тозаққа лақтырылады.

Сосын Алла Тағала молшылық беріп, дүние-мүліктің алуан түрін нәсіп еткен адам әкелінеді. Оған да Алланың өзіне берген нығметтерін көрсетіп, ол да бәрін танып мойындайды. Сосын одан бұл нығметтерді не істегенін сұрайды. Ол «Саған ұнамды болған жақсылықтың қандай түрі болса, соның бәріне жұмсадым», - деп жауап береді. Сонда оған «Өтірік айтасың. Сен мұның «Жомарт», - екен деп айтылу үшін істедің. Солай айтылды», - дейді. Сосын әмір беріліп, ол да тозаққа жүзімен лақтырылады (Сахих Бұхари риуаяты).

Нұрсейіт ОМАРОВ

(Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы)

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс