Үнемі кітап оқыңыз. Неге десеңіз, оның үш басты себебі бар:
Мидың қартаюын бәсеңдетіңіз. Кливленд университеті ғалымдарының зерттеуі бойынша, қазір кітап оқымасаңыз, қартайған кезде есте сақтау қабілетінен айырылу ықтималдығы жоғарылай бастайды. Ерте алжасқыңыз келмесе, кітап оқыңыз. Мені жақын танитын достарым жақсы біледі: мен тарихи оқиғаларды, кейіпкер аттарын және туған-туыс, достарымның туған күнін, телефон нөмерін жатқа білемін. Күн сайын шағын өлең жаттап жүремін немесе бұрынғы жаттағандарымды еске түсіремін. Жеке тәжірибемдегі жақсы әдіс.
Сөздік қорын молайту. Лексиконыңыз бай, көркем болады. Оқу кезінде мидың сол жақ самай бөлігі белсенді болады. Ол тіл үйренуге, бейімділікке жауапты. Демек, сіз неғұрлым сапалы әдебиетті оқысаңыз, соғұрлым сауатты боласыз.
Кітапты талдап, зейін қойып оқып үйреніңіз. Оқу барысында сіз ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны бағалайсыз. Әңгіме ұнады ма, ұнамады ма, автордың стилі жақсы болды ма, жоқ па, кейіпкерлер адекватты немесе біртүрлі әрекет етті ме т.с.с. тартыс жасаңыз. Ойланып оқу аналитикалық қабілеттеріңізді дамытады.
Ер адам кітапты жиі оқыса, сөзсіз ұрпағы интеллектуал, көкжиегі кең болады. Жігіттер, жастық шақтың әр күнін оқуға, жаңа нәрсе үйренуге пайдалы қылып өткізіңіздер!