18 наурыз
Жиырма тоғызыншы күн
МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯСЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Дінімізде ең үлкен құндылықтардың бірі – мешіт. Мешіт сөзі тілдік тұрғыда «мәсжид» сөзінен шығып, «сәждеге бас қоятын орын» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымызда: «Мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді. Мешітте көңіл жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп, қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те атауға болады. Сол себепті де мешіт деген кезде ең әуелі оның сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп, жан-дүниесін қанаттандырып жіберетін рухани жағы ерекше аталуы тиіс. Сонымен қатар мешітте дүние ісімен емес Алланы ұлықтаумен, Алланы еске алумен айналысуымыз керек.
Мұсылмандар һижрадан бұрын намазды көбінесе үйлерінде немесе өзге де ыңғайлы жерлерде оқитын. Мәселен, әйгілі сахаба Әркамның үйі Исламды үйрету орталығы әрі мешіт ретінде пайдаланылған. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) иман келтіргеннен бастап, мұсылмандар қағбада намаз оқи бастады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде ең бірінші қолға алған ісі де осы мешіт салдыру болатын.
Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 18-аятында:
إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آَمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآَخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآَتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ فَعَسَى أُولَئِكَ أَنْ يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ
«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі», – деп айтқан.
Аталмыш аяттағы «кісі тұрғызады» (يَعْمُرُ) сөзіне қатысты ғалымдар түрлі көзқарас білдірген. Бірі бұл сөзді: «мешітте болу, мүмкіндігінше мешітте көп уақыт өткізу» дегенді білдіретінін айтса, енді бір көзқараста мешіттің ғимаратын тұрғызу, оны жөндеу, мұсылмандарға қызмет етіп тұруына жағдай жасау екендігі айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ بَنَى مَسْجِدًا بَنَى اللَّهُ لَهُ مِثْلَهُ فِي الْجَنَّةِ
«Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген (имам Бұхари, Муслим).
Қазақ жерінде де мешіт салу кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдер болмаса, тоқтаған емес. Тарихымыздағы ең көне мешіттер ретінде 893-жылы Тараз шаһарында салынған мешіт, кезінде Кедер деп аталынған қазіргі Құйрықтөбеде болған мешіт, Маңығыстаудағы IX-X ғасырларда салынған Шақпақ ата мешіттері саналады. Жалпы Испиджап, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда көптеген небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз салдырған (қылует) жертөле мешітінен бергі Құнанбай бабамыздың салдырған мешіттеріне назар аударсақ мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын түсінеміз.
Қасиетті Құранның аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мешіттердің мынадай артықшылықтары жөнінде айтылған:
Бірінші: мешіт – Алланың үйі
Мешіт – адамның жүрегі тыныштық тауып, жаны ерекше рухани ләззаттқа бөленетін қасиетті орын. Анығында, бүкіл мүлік Жаратушымыз Алла Тағаланікі. Соның ішінде мешіттерге үлкен құрмет білдірту үшін оларды «Алланың үйлері» деп атаймыз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَأَنَّ الْمَسَاجِدَ لِلَّهِ
«Шын мәнінде мешіттер – Алланікі», – деп айтқан («Жын» сүресі, 18-аят).
Бұқар жырау бабамыз да осы мағынада: «Хақтың үйі мешітті, Ақты Құдай шешіпті», – деп мешітті «Хақтың үйі» деген атаумен атаған.
Мұсылман адамның мешіттерді сыйлап, құрметтеуі – оның Жаратушы Алла Тағалаға деген құрметін білдіреді. Сол себепті де әрбір мұсылман мешітті бар ынта-пейілімен жақсы көріп, құрметтеп, онда барғанда мешіт әдептерін сақтауға тырысуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللهِ مَسَاجِدُهَا
«Алланың жер бетiнде ең жақсы көретiн орны – мешiттері», – деген (имам Ибн Хиббан).
Мешітке келушілер Алланың қонақтары саналады. Алла Тағаланың үйін құрметпен зиярат етуші, ақыретте құрметке бөленушілерден болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ بُيُوتَ اللهِ فِي الأَرْضِ الْمَسَاجِدُ، وِإِنَّ حَقًّا عَلَى اللهِ أَنْ يُكْرِمَ الزَّائِرَ
«Ақиқатында, мешіттер – Алланың жер бетіндегі үйлері. Сондықтан Аллаға түсетіні Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтеу болып табылады», – деген (имам Табарани).
Шынайы мүмін мешітті жақсы көріп, оның ішінде болғанда өзін судағы балық сияқты сезінеді. Шыққаннан кейін қайта баруды аңсап тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақыретті аршының көлеңкесінде болатын жеті адам тобын айтқанда, соның бірі:
وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ فِي الْمَسَاجِدِ
«Жүрегі мешіттерге байланған адам», – деген.
Екінші: мешіт – тәрбие ошағы
Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес. Мешіт – білімнің, мәдениеттің, тәрбиенің орны. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Мәдина қаласындағы салынған мешіт ғимаратына үйсіз-күйсіз, жалғыз-жарым қалып қойған мұсылмандар үшін қосымша тағы бір үй жапсарластырыла тұрғызылған болатын. Бұл үйге орналасқандар, негізінен, діни ғылым-білім үйренетін. Олар: «асхабус-суффа» деп аталады. Басқаша айтқанда, бұл үй мұқтаж мұсылмандар тегін жатып оқитын медресе іспеттес еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды ерекше назарда ұстайтын. Ауқатты мұсылмандар оларға жәрдем беріп, ас-суына қарасып тұратын. Осы үйден білім алған мұсылмандар төңіректегі елді-мекендерге Ислам дінін насихаттап үйретуге жіберіліп тұратын.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте адамдарға әрдайым жақсылықты үндеп, білмеген нәрселерін үйретіп, оларды парасаттылыққа, мәдениеттілікке, әдептілікке тәрбиелейтін.
Пайғамбар заманында адамдар үйіне келгендерінде, әйелдері олардан: «Бүгін мешіттен не нәрсе үйреніп келдің?» – деп қарсы алатын болған. Сондықтан да мешіт білімнің, тәрбиенің орны. Мешітке келетін әр адам намаз оқып, құлшылық жасаумен қатар қасиетті Құранды дұрыс оқу ережесін, оның мән-мағынасы мен тәпсірін, дініміздің көркем әдебін үйренуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِي بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلَّا نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّتْهُمُ الْمَلَائِكَةُ
«Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рақымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», – деген (имам Мүслим).
Үшінші: мешіт бірлік пен ынтымақ мекені
Мешіт – адамдардың құлшылық жасап, рухани дамып, сонымен қатар өзара бауырмалдық, ынтымақ пен бірлігін арттыратын қасиетті орын. Пайғамбар мешіті салына сала түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ат басын тірейтін, екі адам дауласып қалса, төрелік жасайтын, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін, халыққа насихат айтылатын рухани орталыққа айналды.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Құба мешітіне жақындау жерге екі жүзді мұнафиқтар ерекше мешіт салдырады. Мақсаттары мұсылмандар арасында бүлік шығарып, бірлік-ынтымақтарына сызат түсіру еді. Мешіт біткеннен кейін олар ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шақырып, намаз оқитындарға имам болуды, мешітті берекеге айналдыруды сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол кезде Тәбукке дайындалып жатқандықтан, тілектерін қабыл алмайды. Тәбуктен оралғанда олар қайта келіп, тағы өтініштерін білдіреді. Дәл осы кезде олардың бетперделерін ашып, екіжүзді екендіктерін, мұсылмандарға зиян келтіруге тырысып жатқандығын білдіртетін арнайы аят түседі. Алла Тағала ол турасында қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 107-108-аяттарында:
وَالَّذِينَ اتَّخَذُواْ مَسْجِدًا ضِرَارًا وَكُفْرًا وَتَفْرِيقًا بَيْنَ الْمُؤْمِنِينَ وَإِرْصَادًا لِّمَنْ حَارَبَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ مِن قَبْلُ وَلَيَحْلِفُنَّ إِنْ أَرَدْنَا إِلاَّ الْحُسْنَى وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّهُمْ لَكَاذِبُونَ. لاَ تَقُمْ فِيهِ أَبَدًا
«Кейбіреулер зиян келтіру, күпірлікті күшейту, мұсылмандар арасына жік салу үшін, бұрыннан Аллаға және оның Елшісіне қарсы тұрған адамның келуіне дайындық үшін мешіт салып, «Тілегіміз тек қана игілік» деп ант су ішеді. Ақиқатында, олардың асқан суайт екендігіне Алла айғақ болады. Ол мешітте, әсте, намаз оқушы болма», – деп айтқан.
Осы ескертуден кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше адам жіберіп, әлгі үйді құлатқызып тастайды.
Сол себепті де мешіт адамдардың арасын бөлетін емес, оларды бірлік пен татулыққа, сыйластық пен сүйіспеншілікке шақыратын орын. Алла Тағала құдси хадисте:
إنَّ أحَبَّ عِبادِي إلَيَّ الَّذِينَ يَتَحابُّونَ فِيَّ والَّذِينَ يَعْمُرُونَ مَساجِدِي، والَّذِينَ يَسْتَغْفِرُونَ بِالأسْحارِ، أُولَئِكَ الَّذِينَ إذا أرَدْتُ بِخَلْقِي عَذابًا ذَكَرْتُهُمْ، فَصَرَفْتُ عَذابِي عَنْ خَلْقِي
«Расында құлдарымның ішіндегі Маған ең сүйікті болғандары: Мен үшін бір-бірін жақсы көрген, Менің мешіттерімде болуды әдет еткен және де таң сәріде Менен жарылқау тілегендері», – деген (имам Байһақи).
Асыл дінімізде жеке оқылған намаздан жамағат намазының жиырма жеті есе сауабының артық болуының бірі сыры да адамдар бір-бірлерін жиі көріп, дидарласып, қал-жағдай сұрасып, қиналғандары болса жәрдемдесіп, өзара береке-бірліктерінің артулары үшін.
Ендеше, мешіт – адамдарды ынтымаққа ұйытатын, бірлігін арттырып, рухани байытатын қасиетті мекен.
Сол себепті де мұсылман адам мешіттерді барынша құрметтеп, онда барып құлшылық жасап, тәлім-тәрбие үйреніп, жүрегінің әрдайым рухани байланыста болуына назар аударады. Атақты сахаба Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) Салман Фарсиге (Алла оған разы болсын) жазған хатында:
يا أخِي، لِيَكُنِ المَسْجِدُ بَيْتَكَ؛ فَإنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: المَسْجِدُ بَيْتُ كُلِّ تَقِيٍّ، وقَدْ ضَمِنَ اللَّهُ لِمَن كانَتِ المَساجِدُ بُيُوتَهم بِالرَّوْحِ والرّاحَةِ، والجَوازِ عَلى الصِّراطِ إلى رِضْوانِ الرَّبِّ
«Уа бауырым! Мешіт сенің үйің болсын! Расында мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мешіт – әрбір тақуаның үйі. Үйі мешіт болған пендесіне Алла Өз тыныштығы мен рақатын нәсіп етеді. Сонымен қатар сырат көпірінен жәннатқа аман өтуіне кепіл болады», – деп айтқанын естідім деген (имам Байһақи).
Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстаған ораза, тілеген дұғаларымызды қабыл еткей!