Өлген жан Алла тәбәрік отғылының фанасына алған пендесі болса сенің берген-бермегеніңнің бір тиын құрлы керегі жоқ. Ғаділіне алған пендесі болса жер мен көктің арасына толтырып дүние берсең де босатып ала алмайсың. Құдай ісі сауда-саттыққа көнбейді. Құдайдың қылатұғын ісі пенденің көзіне түсіп, көңіліне сиятұғын жұмыстан бәрінен басқа болмақ. Құдай ісі пенденің ісіне ұқсамайды!
Ақымақтың тізгіні- құлағы, ақылдының тізгіні-көңілі. Ақымақ не істесе де көргеніне қанағат қылады, ақылды не істесе де ақылына салады, көңілінің дауалауына тұрады. Ақыл не үшін берілген ? «Ақылға сыйса ұста, ақылға сыймаса ұстама» дегеннің мәнісі не ? Есітіген сөзді миға салып, «бір өліп қалған кісіге апарып бер» деп қолыңмен уыстап қант-бауырсақ берші, кім алып барып тапсыра алады ?! Поштаға сал –конторшик қолма-қол тапсыра ала ма ?! Жоқ, сегіз жүз теңге залог салып, босатып алуына судьяның алды ма ?! Жоқ, оның барған жері Құдай алды, ендеше «А, Құдай, осы өлген жанның білместігі болса- кешір, қателігі болса- өшір» деп дұғада бол да, сол дұғаның қабылдығы үшін деп Құдайдың өз қазынасына бер.
Құдайдың өз қазынасы қайда ? Мешіт, медресе, ғылым жолына пайдасына тиетін орындарда, сонда пайдасы милләтке (ұлтқа –Ж.Артықбаев) тимек.