ӘЛЕМДІ ТЕК МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ

ӘЛЕМДІ ТЕК МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ

635
2 мин
ӘЛЕМДІ ТЕК МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ

Мейірім — жүректің ең асыл қасиеті. Құдайдың рақым сипатының адамға түскен сәуле, шапағаты болмақ.

Жалпы ғалам, тіршілік атаулы Құдайдың шашқан осы мейірімі арқылы қараңғылықтан жарыққа шыққан. Сол рақым арқылы ана баласы үшін жанын пида етсе, құс өзіне төнер қауіпті елемей балапаны үшін иттің аузына жүгіреді. Адам адамға жанашырлық танытады.

Рақым, мейірім деген атаулы жоқ әлемді елестетіп көріңізші. Ғалам әпсетте қараңғылыққа қамалады. Адам адамға жаны ашымай бірін-бірі жаншиды, ана баласын тәрк етіп, жан-жануар туған төліне өзі ауыз салады. Елестетудің өзі қорқынышты.

Ендеше мейірім бұл Құдайдың рақым сәулесі. Ол жоқ жерде адамзат та, ғалам да қатігез күйге енеді. Әлемде болған, болып жатқан барлық соғыс, зұлымдық, қатігездіктің бәрі осы мейірім қасиетінің жүректен өшкендігінің көрінісі.

Қатайған, қарайған жүректі тек шынайы тәубенің құдіреті ғана жұмсарта алады.

Иә, мейірім адамды адам етер ең үлкен қасиет. Өйтені тек мейірімді адам ғана өзгеге ешбір өтемсіз, ешқандай қайтарым күтпей шынайы көмек көрсете алады.

Мейірбан кісі ғана басқаның қисық мінезіне шыдай алады. Өйткені ол оған пәк періште емес, қатесі мол, ағаттығы көп пенде ретінде қарайды.

Мейірбан жан ғана өзгенің жанын шын ұғады. Бұл түсіну — жай тыңдау емес, жүрекпен тыңдау, сөздің ар жағындағы үнсіз мұңды сезіну.

Рақымды адам ғана өзгені шын кешіре алады. Өйткені нағыз кешірім — сыртқы күштің емес, ішкі мейірімнің жемісі.

Иә, әлемді тек мейірім құтқарады.

 

Kairat Zholdybaiuly Mambetbay

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс