Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай — шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кім Құдай?
Бұрын шын бар, бүгін шын,
Ертең шын бар — үш бөлек.
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек.
Шын махаббат қылуға,
Шын сабырың жете ме.
Көрінген әрбір сұлуға,
Көңілің толқып кете ме?
Олай болса, таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі — құл,
Жынданбаған бенде жоқ.
Әулиедей асықтың,
Қасиетін былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың,
Бір қалыпта тұрмайсың.
Әлде сайтан, әлде жын,
Бірін тастап, бірін мін.
Адам емес — айуансың,
Неге тұрсын сенде шын?
ШӘКЕРІМ қажы