Өмір деген сүре білгенге емес, түсіне білгенге сынақ дүние ғой. Бұл жалған тірлікте кімнің басына шынайы бақ қонса, сол бақты көтере білсе, сол жан жеңістің тəтті дəмін тататын шығар. Ал, жеңіске қалай жетуге болады? Сол жеңістің салмағы қандай?
Шынымен - ақ бұл сұрақтың жауабын дөп басып айта алмаймын. Бір білерім, бұл сұрақтың ортақ жауабы жоқ. Əркім санасына қарай жауап бермек.
Өткенде кіші ұлым маған, - əке өмір деген не? - деп сұрап еді. Тосыннан қойылған сұраққа кəдімгідей ойланып қалдым.
Артынша, - адамдардың сыналатын жері, - деп қысқа қайырғанмын. Шынымен - ақ өмір жайлы көп ойланбайды екенмін.
Күні кеше жұмыстан да шығып кеткенмін. Нақтырағы шығарып жіберген. Баяғы ішімдік қой.
Жо - жооқ!
Мені ішімдікке құмар деп ойлап кеттіңіз ғой.
Мойындаңызшы?
Бастығым ғой. Кішкене ішімдікке жақын кісітұғын. Жұмыстан кейін қанымызды қыздырып келейік деп ұсыныс айтты. Мен ат тонымды ала қашып, үзілді - кесілді бас тарттым.
Содан бері маған суық қарап, сырттай итмерездік танытып жүрді де, бір күні топ еткізіп жұмыстан шығарды да жіберді.
Кəрістерге ұқсас сығырайған көзіне қарап тұрып ұялмасаң білгеніңді істе деп шығып кеткенмін.
Содан бері үйде жатырмын. Жолдастарыма хабарласып жұмыс сұрадым. Ешкім жолатқысы жоқ. Бəрінің айтатын сөзі "Бізде қысқарту Жəке, боп жатса хабарласамын" - деген мазмұнда өрбиді.
Бір досым сенің жолың болмай жүр екен, мен сені ертең көкбазардағы бір апаға апарамын. Жолыңды ашып береді деп айды аспаннан бірақ шығарды. Бұл ұсынысынан жиіркеніп кеттім. Оның бұл ұсынысы менің үмітсіз тұтқаны қоюыма алып келді.
Тағы да бірер күн өтті. Енді жата беру ұят. Жалдамалы пəтердің ақшасы келе жатыр. Алатын азық түлік бар. Жалғыз жұбайымның алатын алпыс мың теңгесі қай жерге жетсін.
Ешкімге сенбеу керек деген тұжырымды ескеріп қала жақа шығуды жоспарладым. Өз аяғыммен жұмыс іздемесем, ешкім келіп шамымды жандырып бермейтініне көзім бір мəрте жетті. Аялдамаға жете бере, ұялым шыр ете қалды. Сезімтал экранның арғы бетінде Сəлім дейтін досымның есімі шығып тұр. Тұтқаны алмай жатып жұмыс таптым деп хабарласса жақсы болар еді деген ойлар санама сақ ете қалды.
Үмітсіз шайтан деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Сəлім бір жұмыстың мекен - жайын айтты. Жанбағыс қамы үшін жұмысқа əбден аңсары ауған адамның не жұмыс болсын істеуге даяр екені анық қой. Сəлімнің айтқан жеріне уақыт суытпай алып - ұшып бардым. Кіре - берістегі қақпасының маңдайшасына "Қарттар үйі" - деп жазылған екі қабатты ғимарат екен. Осындай жерге келе жатқанымды білсем де, жазуды көріп шошып кеттім. Қазақ тілінің кей екі - үш сөздері қосылып құбыжық сөзге айналады ғой. Соның бірі осы сөз шығар.
Əкімшілігіне жолығып, Сəлім арқылы келгенімді тілге тиек еттім. Жұмысқа бірден қабылдады.
Қиын жұмыс болса да, əзірше істей тұру керек.
Əйтпесе үйдегі бала - шағамнан, жұбайымнан ұят болып кетті.
Басында үйренісе алмай жүрдім. Бəрі үлкен кісілер. Бəрінің жанарлары мұңға толы. Бəрі тағдырлас. Сөз бастауға қорқады екенсің. Біріне барып сізді балаңыз қалай тастап кетті деп сұрап отырғаныңның өзі жиіркенішті ғой. Оданша өз жұмысымды білгенім дұрыс қой.
Менің негізгі жұмысым қирауға шақ тұрған заттарды жөндеу, ағаштарды суару, отау.
Жəне де күнделікті ұсақ - түйек жұмыстар.
Бір таңғалғаным мұнда қазақтар көп. Ақ жаулықты анадан бастап, иегі қауғадай ақ сақалды аталар да бар. Бұрында қазақ даласында мұндай лағынет атқан жер болмаған ғой.
Бүгін жұмысқа сəл кешігіп келдім. Байқаймын ғимарат алдында қымбат - қымбат көліктер қаптап тұр. Тіпті кейбіріне тілім келмейді. Тыныштық па екен деген оймен ішке ендім. Үстіне əдемі киім киген жас жігіттер апыр - топыр шығып бара жатыр. Тапа тал түсте бұлары несі дедім де қойдым. Сөйтсем бұл оқиғаның мəнін кешке қарай білдім. Бүгін зейнетақы беретін күн екен ғой. Ал, əлгі топастар əке - шешелерінен ақша алып кетуге келгендер екен ғой. Неткен əділетсіздік! Осы оқиғадан кейін өзіме симай жүрдім. Қашан жарылар екенмін.
Ертесі шыдай алмай таза ауада тыныстап отырған бір кейуананы сөзге тарттым. Жанына жақын отырып, батыл көзқараспен:
- Апа кеше сіздің ұлыңыз келді ме? - дедім.
- Иə. Сен танушы ма ең шырағым? - деп маған қарап қалыпты.
- Жоқ апа.
- Əəə.
- Не үшін келіпті ? - дедім.
- Əй кеше анау үкіметтен ақша түсті ғой, соны əкетуге келіпті, - деді
- Балаңыз не жұмыс жасайды, - деп кейуанаға тағы сұрақ қойдым.
- Органда істейді шырағым.
- Онда өзінің ақшасы көп шығар, неге сіздің зейнетақыңызға қарап қалған, - деп кейуанаға қарадым.
Кейуана ойланып қалды.. Одан соң көзінің жасын сығымдап алды да:
- Жалғыз немерем бар, сол ауру дейді. Сол себепті ақшамның бəрін соларға беремін. Соның еміне кетіп жатыр ғой.
- Қайдан білесіз немереңіз ауру емес шығар.
- Ауру болмаса екен деп тəңірге күнде қол жаям ғой шырағым. Жуырда алып кетемін дейді. Немеремнің тəтті иісін құмарым қанғанша иіскейтін болдым ғой. Одан тəтті не бар дейсің.
Кешегі келгендер алып кететінге ұқсамайды ғой,- дедім іштей. Артынша:
- Соңғы рет немереңізді қашан көріп едіңіз? - деп сұрадым.
Кейуана тағы да үнсіз қалды. Одан соң орнынан тұрды да бөлмесіне кетіп қалды.
Кейуананы қинап қойғанымды аңғардым.
Мен баласын жамандамақ ниетте ем, шаң жуытқысы жоқ. Мынау қасиетті қара жер сондай жігіттерді қалай көтеріп жүр екен... Жаңағы кейуана əлгі баласына мені кейін қарттар үйіне тапсыр деп тəрбие беріп пе екен?
Жоқ!
Демек бəрі адамның өзіне байланысты. Ұяда не көрдің, ұшқанда соны ілесің деген мақал бар ғой.
Енді сол ұяда əке - шешеңнің бала тəрбиесіндегі аз - маз кемшілігін көріп жатсаң, ілмей - ақ тастап кет. Саған ешкім зорлық жасамайды. Бəрі тек өзіңе байланысты..
Ана, Əке деп үш əріптен құралған мағыналы сөздер осындай мағынасыз жерде жүруге лайықты емес қой!
Алла қазақтың əр баласына иман мен сана берсін!
Жандос ӘУЕЗХАН