
Фирдауси — ирандық мифологиялық жыр-дастандарының үлкен жинағының авторы.
Оның ең атақты әрі мәңгілік шығармасы — "Шахнаманы"құрастыру үшін хакім 30-35 жыл уақытын арнаған.
Фирдаусидің елу мыңға жуық бейттен тұратын "Шахнамасы" мифологиялық, тарихи және ұлттық жыр-дастандарды қамтиды.
***
Тағдырлардың өзгермейтін өмірдегі заңы бұл:
Біреу өлер, ал біреуге құйылады тағы нұр.
Құлаған жан енді бірде заңғар көкке самғайды,
Сенген жандар талай рет қағып тұрар таңдайды.
***
Әуре болар қазынаны табамын деп жердегі,
Өтті жандар, қазына да оңайлықпен келмеді.
Осылайша өмір бойы арпалысып келеміз,
Ең соңында қабірге кеп жер қойнына енеміз.
***
Ақылды, жомарт, әділ болғын әрдайым,
Бақытты патша – ойлайтұғын ел жайын.
Жағымпаздықты, өтірікті тыйғайсың,
Баршаға сонда дұрыс жолды сыйлайсың.
***
Бұл ерліктің мән-мазмұнын сен де енді аңғарғын –
Жетістігі мақсаттарға ұмтылушы жандардың.
***
Таза бақыт болады тек ақылда,
Ондай шақта қиындық та көрмейсің.
Ақыл – байлық, сарқылмайтын жақында,
Онсыз бірақ өмір бойы шөлдейсің.
***
Адамдағы ашкөздік пен қажеттілік дегенің –
Екі жын ғой ұйқы бермей іздететін керегін.
***
Әділдіктер жойылғанда заңыңда,
Мұң-қайғылар оранады сағымға.
Елде кетер құпиялар көбейіп,
Қарсы жүзе алмайсың еш ағынға.
Ашылмайды алдыңыздан есіктер,
Бел кетеді шықпай жатып бесіктен.
Өзгереді түсінігі бақыттың,
Көрмейсің де жақсылықты кешіккен.
Жоғарыға шығып алар ескілер,
Ал жастарды сыйғызбайды естілер...
***
Ақыл нұры жанып тұрса бар елде,
Қылмыстар да болмас еді әлемде.
***
Құтыламыз қиындықтан кез келген,
Ақыл қоссақ жол табамыз өзгерген.
***
Шөл де біздің баспанамыз жердегі,
Қуаныш пен қайғы қатар жүретін.
Әр сағатың есептелер сендегі,
Бола бермес мұршаң дағы күлетін.
Жер қозғалып, ойнап жатар найзағай,
Көтеріліп шаң аспанға ұшады.
Тұрамыз ба біз ілініп найзада,
Бұйырар ма қара жердің құшағы.
Арпалыспен өтер өмір осылай,
Түзелмесе егерде еш заңыңыз.
Аспанда да тумайды ғой тосын Ай,
Көппен бірге есіктерді ашыңыз.
Жол берсеңіз зұлымдыққа тегінде,
Бас қоя бер сен ертерек өлімге.
***
Қурап қалса қалың жиде ағашы,
Бұта болмас қырғауылдың панасы.
***
Сарай заңы осылай зұлымдықтар билеген:
Кейде тоқым боласың, арқаңды ер илеген.
***
Істі егер аяқтасаң жөнімен,
Мадақтайды, мақтанады сенімен.
***
Талтүс болып кеткен шақта күн шығып,
Ештеңе де бітірмессің құлшынып.
***
Ей, сыйлықты таратушы, өкінбе,
Құнын білгін қазынаның жердегі.
Кімдер тұрар патшалықтың шетінде,
Лайықты жанға дұрыс бергені.
***
Бір данышпан айтқан екен былай деп:
«Саралайсың болсаң егер ақылды.
Елшілердің істері ол – шырай тек,
Сыйлайтұғын жаныңа сол жақынды».
***
Еш бір шешім ойланбастан шығарма,
Ойланбаған – алды болжап, ұғар ма?
***
Бұл жол бізді апарар тек өлімге,
Мейлі жалшы, қожайын бол тегінде.
***
Істеріңді басқарсын бұл ақылың,
Жамандыққа итермейді жақынын.
***
Түс секілді қуанышың, қайғың да,
Мәңгі өмір сүре алмас бай мұнда.
Жақсы істер қалдырған жан артыңда,
Аты қалар өшпейтұғын қалпында.
***
Тағдырынан сый алған жан бақытты,
Жүрегі пәк адам тағар жақұтты.
***
Мына жолың жетелесе тануға бар ғаламды,
Ұзақ және қиын деме, қорықпай бас қадамды.
***
Соңы жаман болатынын сезсең егер ісіңнің,
Бас тарт одан, абыройды әпермесін түсінгін.
***
Үйіндегі арыстанды қоймай біреу мақтаса,
Бір күндері сол жыртқышқа жем болады жақпаса.
***
Кішірейіп иілгейсің бұл ғаламның алдына,
Жалқауланба, құлшынғайсың сені қолдар Жар мына.
Дайындалғын сапарыңа, бекер қарап тұрмағын,
Өзіңменен ала барғын ізгі істердің нұрларын.
***
Тіршіліктің сұлулығы – осы ақыл-ойыңда,
Болмысыңның негізі – ақыл, оны дағы мойында.
***
Өткен күннің ұмытылар барлығы,
Ұмытылмас екі ұлы істің нарлығы:
Батырлар мен даналардың істері,
Ғасырларға жалғасатын күш тегі.
***
Екі адамның арасында бұл құпия жүреді,
Құпияға жата қоймас үшінші адам қосылса.
Төртінші адам білсе егер, жұрттың бәрі біледі,
Қажеті жоқ енді оны құпия деп осынша.
***
Шындық, шіркін, жарып шықса тұманды,
Қор қылады алаяқтық, күмәнді.
***
Сен біреуге жасай қалсаң жақсылық,
Қасыңа да, досыңа да айтып жүрме жақсы қып.
***
Бүгін істер тірлігіңді сен ертеңге қалдырма,
Не күтіп тұр білмейсің ғой ертеңгі күн алдыңда.
***
Мынау әлем болғанымен мәңгілік,
Өкінішті, өміріміз өтпелі.
Бүткіл ғалам жатқанымен жаңғырып,
Жақсылыққа үміт артар көп тегі.
Ұлы істердің халық даңқын асырар,
Өзге істі бұл қара жер жасырар.
***
Ең алдымен берген екен Алла бізге ақылды,
Содан кейін үш күзетші қойған екен жаныңа.
Көз бен құлақ, тілің мынау айтатұғын нақылды,
Мейірімді, зұлымдықты солар егер арыңа.
***
Бұл әлемге таңқалмасқа шараң жоқ,
Ғалам үшін жақсы менен жаман жоқ.
***
Қандай ғажап дөңгеленген дүние,
Басқарады барлығын да бір Ие.
Біреулерге әсемдікті бұзғызар,
Ал біреумен қайта соны тұрғызар.
***
Өз дұшпанын құрметтейтін адамға,
Ақымақ деп ат берілген ғаламда.
***
Мейірімді, қайрымды, махаббатты сіңіргін,
Жомарт бол да қуанышты бал шараптай сіміргін.
Кішіпейіл бола білсең арқалатар алғыс та,
Атақ-даңқа жеткізетін міне осы жол қысқа.
Даңқтымын деп ұмытқанда мейірімді бірақ та,
Ешқашанда кіре алмай қаласың сен жұмаққа.
***
Тағдырымыз қуанышқа бөлеу үшін жаралған,
Қымбат мынау өмірің де қуаныштан нәр алған.
Кір жүрекке пана болар қорғаныш та табылмас,
Ұмтылмасаң сен жарыққа қайғы бастан арылмас.
***
Шөп шабуға барған шақта шалғышы,
Шөп пе, гүл ме, ажыратып жатпайды.
Өскіндерді орып тастау бар ісі,
Аяғымен еш аяусыз таптайды.
Біз де шөппіз, ал уақыт – шалғышы,
Ілінеміз өткір орақ жүзіне.
Мейлі кәрі, мейлі жас бол, бар кісі,
Жер қойнына барамыз ғой тізіле.
Міне осы заңдылығы өмірдің,
Дүниеге өлу үшін келгенбіз.
Азығымыз уақыт атты жебірдің,
Жерден шықтық, қайтамыз сол жерге біз.
***
Адамзатқа Хақтың берген сыйлығы –
Бұл әлемді таразылар санасы.
Отқа салып сол санасы күйдірді,
Құтқарылар парықтайтын данасы.
Барлық байлық табылады санаңда,
Онсыз сенің қажетің де табылмас.
Қараңғыны жарып шықпай ғаламда,
Кеудеңізде жарық шамдар жағылмас.
***
Қылмыстық жолдан сақ болғын,
Жақсылық іске жақ болғын.
Жасаған қолың зұлымдық,
Мейрімге болмас мұрындық.
Жақсы іс қалсын артыңда,
Құтқармас байлық, ал тыңда.
Іздемес байлық дана жан,
Табады қуат санадан.
Құлақ сал менің сөзіме,
Жалғыз Хақ қорған өзіңе.
***
Жылдар жылжыр, өмір дағы өтеді,
Басқа түскен қиындық та кетеді.
***
Тереңірек түсінсең сен ғылымды,
Шөлден мәңгі құтыласың бұрынғы.
Білім саған жарық нұрын шашады,
Қараңғылық өз-өзінен қашады.
***
Ұлы іс пен ұлы сөздер өрелі,
Сан дауылға қарсы төтеп береді.
***
Білгің келсе адам деген атаудың бұл мысын мың,
Ақылменен тереңірек таразылап түсінгін.
***
Әлемдегі жаны сұлу әйелдердің ғажабы –
Қартайса да тарқамаған күйеуімен базары.
***
Әділдік жолын қуамын деп кек алсаң,
Зұлымдықты шақырарсың сен мың сан.
***
Шәкірт үшін өз ұстазын күндейтін,
Оқу қиын, өтер білім білмей тым.
***
Екі туыс ынтымақты болғанда,
Тау болмайды асу бермес ол маңда.
***
Қатыгез һәм азғырушы көп болса,
Жер құшады дана жан да бек сонша.
***
Не күтіп тұр ойластырғын алдыңда,
Таңдап алғын ең дұрысын жолдың да.
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ