Құранның Нахл сүресінің 125-аятында: «Құдайдың жолына даналықпен және жақсы насихатпен шақыр..» делінеді. Бұл қазіргі біздің қоғамға да аса қажетті талаптардың бірі. Кезінде Шәкәрім Құдайбердіұлы да:
Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,
Дін десе тұра қашты есті азамат.
Бар кінәсі олардың тәпсіршіде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат- деген еді ғой. Кейде дінді түсіндіреміз деп орынсыз мысал келтіріп, қоғамның талаптары мен деңгейін ескермей буынсыз жерден пышақ ұрушылар да жоқ емес. Бүгіндері бір уағызшының «Педофилдің болуы Алланың бар болуының дәлелі!» деген бір үзінді насихаты әлемжеліні шарлап жүр. Желіде үлкен талқылауға түскен осы пікірдің өзі жоғарыдағы «жаман тәпсір» категориясына жатады. Олай болмағанда: «Саған нендей жақсылық келсе Алладан, жамандық келсе өзіңнен» (Ниса сүресі, 79-аят) деген аятты жақсы білетін бір діндар қоғамдағы жаманшылықтар мен азғындықты Алланың бар болуымен, оның қалауымен түсіндіруінің қай жерінде даналық жатыр?!
Біз көзі ашық, өркениетті, білімді қоғам құруға тырысамыз. Ал ондай қоғам құру үшін әрбір азамат үлес қосуы қажет. Осындай уағыздардың әсерінен «Барлық басымызға келген нәрселер Алладан (тағдырдан)» деп түсінетін фаталистік пікір мұсылман қауымдарды жаулап алған жоқ па?! Егер адамның ерік-қалауын басып, барлығын құдайдың қалауында деп түсіндірсек, матуриди сенім жүйесін былай қойғанда исламдағы «жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю» міндетін қайда қалдырамыз. Барлығы құдайдың қалауында болса, еңбек етудің пайдасы қанша, мүмкін діндар адам өзінің құдайға берілгендігін Аллаға тәуекелмен өлшейтін болар, бірақ қарапайым адам осы мәселелерді қаншалықты түсінеді.
Әлемдегі көптеген адамдардың қателігі мен өктемдігінен, тойымсыздығынан болып жатқан келеңсіз жағдаяттарды Алланың қалауы деп өзін ақтап алу мүмкін залымдарға да тиімді саналар. Адамзат біреудің қанын құдайдың атымен төккен кезеңдер аз болмаған. Сонтықтан да Абайша айтқанда «Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те - бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?!» дейді. Осы жиырма сегізінші сөздің соңында «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан -құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан -құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ!» дейді хакім. Шәкәрімше:
«Дін тазасын діннен ізде,
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде,
Айда ақылды қаттырақ!» дейміз де, басқа айтар сөз бар ма?
Кеңшілік ТЫШХАН