ДҮНИЕНІҢ БАЯНСЫЗ ЖЫЛТЫРАҒЫ...

ДҮНИЕНІҢ БАЯНСЫЗ ЖЫЛТЫРАҒЫ...

66
3 мин
ДҮНИЕНІҢ БАЯНСЫЗ ЖЫЛТЫРАҒЫ...

Өмірлік мұраты мәңгілік идеяға байланбаған пендені бұ дүниенің баянсыз жылтырағы тартпай қоймайды.

СССР кезінде о дүниенің мұратын айқындап тұратын трансцендетті ілімнің көзі бітелді. Атеизм қоғамға күштеп енген соң, партия көсемдері қол астындағы қызметкерді орден-медаль таратумен оп-оңай жынды қылатын.

Бұл әдіс қазақ арасына патшалық Ресей кезінде-ақ кіре бастаған. Шен беру, медаль тағу, грамота беру, қызмет ұсыну сияқты баянсыз құндылықпен би-болысты алдаған. Бірақ оған ақылы таяз, ұрда-жық шынжыр балақ, шұбар төстер болмаса былайғы қазақтар қызыға бермейтін. Мысалы, Оспан батыр өзіне берілген медальды:

«Мынау қатындар тағатын әшекей екен», - деп лақтырып тастаса, Бауыржан Момышұлы орден тағуға ықыласты болмаған. Бір қызығы, олар тақпаған сайын ел ішіндегі абыройы асқақтады.

Ал советтік шенеуніктер атак, шен, қызмет, орден, медаль үшін бір-бірімен жауласқанда беделі түсе берді. Адам бойында осындай әлсіздік барын білгесін де, ескідегі ақылды қазақтар адамның мұратын бала жасынан мәңгілік Болмысқа байлап тастауға тырысатын. Сол үшін де дәстүрлі сұрақ-жауапта:

КЕУДЕМДЕ - ЖАН-АМАНАТ,

ЖҮРЕГІМДЕ - МЕЙІРІМ-МАХАББАТ,

НӘПСІМДЕ - САБЫР-ҚАНАҒАТ,

ТІЛЕГІМДЕ - ДИДАР-ТАЛАП бар деп үйрететін.

Бұл ереже ақыретке дейін маңызын жоймайды.

Тілегі дидар-талап болмаған кез келген білімді адам үкімет беретін атақ пен шеннің тұзағына оңай түседі. Осындай тұзаққа түсіру үшін Өзбекәліні мемлекеттік сыйлықтан қасақана қағып тастайтын. Мұның схемасы қарапайым. Алматыдағы кәрі коммунистер тұзақты былай құрады:

Атақ-шен тарататын науқан жақындағанда еңбекқор қызметкерді әдейі көзге ілмейді. Оның серігіне немесе әлсіздеу біреуіне атақ пен марапатты үйіп төгеді. «Әділдік қайда?» - деп айналасы шу ете қалады. Көптің қолдауына сүйенген еңбекқор қызметкер әділдік іздеп, Мәскеуге арыз жазады. Арыз жазған соң, әділдік орнауы да мүмкін. Бірак мәселе онда емес. Арызқой атанып тұзаққа түсесің. Бұдан соң беделің - көк тиын.

Керісінше орденің болмауы мүмкін, бірақ беделің мен ықпалың ұлғаяды. Өкінішке қарай көп адам медаль жағын таңдайды да, дұшпанның қармағына ілінеді. Өзбекәлінің өмірлік мұраты бұл дүниенің шеңберіне сыймайды. Халық алдындағы «Адамдық борышты» саналы түрде арқалаған кез келген типке медаль мен орден кішкентай баланың ойыншығы сияқты көрініп тұрады.

 

Sanjar Kerimbay, Aibec Nabi

«Өзбекәлі және мәдени майдан»

кітабынан 175- бет

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс