Тілімізде ашуға қатысты айтылып жүрген мақал-мәтелдер аз емес. Солардың ішінде біздің жиі қаперге алатынымыз:
"Ашу — дұшпан, ақыл — дос, Ақылыңа ақыл қос", -деген мақал. Бір ескерер жәйт, осы ыңғайдағы мақал-мәтелдердің бәрінде де ашу мен ақыл қабат аталады. Мәселен, бірде: "Ашу асып жүрген жерде, Ақыл қашып жүреді", десек, тағы бірде: "Ас тасыса, қатығы төгілер,
Ашу тасыса, ақылы төгілер,- дейміз. Содай-ақ:
"Ақылы аздың — ашуы көп,
Таяз судың тасуы көп", - деп те қоямыз.
Осы ашу мен ақыл текетіресінде қай жақтың жеңіс тұғырына көтерілетіндігін де біз мақал арқылы айтып қойыппыз. Бұл тұрғыда:
"Ашу келсе - ақыл кетер,
Ашудан ақыл көп болса,
Ашу не етер?" - дейміз. Бір ғажабы, тағы бір мақалда қаперге алынатынындай:
"Қатты күркіреген күн
Тез ашылады.
Қатты ашуланған адам
Тез басылады" - екен.
Болмаса біз бұл орайда:
"Жақсы кісінің ашуы - шай орамал кепкенше", - деп қоямыз ғой. Демек қатты ашуланатын адам да жақсылар санатына қосылады екен дә. Әйтсе де шамаң келсе сол ашу дегенді келтірмей-ақ қойған жөн-ау. Себебі:
"Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген - ағын су,
Алдын ашсаң, арқырар.
Ақыл деген - дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады".
Әйтеке би осылай депті. Оның үстіне Лев Толстой айтпақшы: "Ашумен басталған нәрсе ұятпен аяқталады".
Шынтуайтына келгенде, бұл - әңгіменің бер жағы. Ал ашудың адам баласына алып келетін кінәратын санай берсең бар ғой... Бір-екі дәйек келтірейік:
"Ашу үстінде өзіне аманат етілген сырды айтып қойған адам төмен дәрежедегі адам болып саналады".
Рабия Адуия.
"Ашушаңдық адамды бір сәтте ақымаққа айналдырып жібереді".
Брюс Ли.
"Біреудің жанын жаралап алудан сақтаныңыз, әйтпесе ол адамның кек алғаннан кейін ғана ашуы тарқауы мүмкін".
Антуан де Сент-Экзюпери.
Солай бола тұра ашудың адамға тән болмыс екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да кейде ашуға ерік беру - заңдылық. Оның заңдылық екенін Мұқағали Мақатаевтың мына өлең жолдарынан да аңғаруға болады:
"Біреулерді мерт қылып аламын деп,
Ашуыма ауыздық саламын кеп.
Тентек іні бетіме тік қараса,
Жасқанамын жандай-ақ залалым көп.
Бағамын деп әркімнің қас-қабағын,
Балам қабақ шытса да жасқанамын.
Сәлемімді біреулер алмай кетсе,
Екі иығым салбырап, пәс қаламын.
Досым өтсе алдымнан қырын қарап,
Боз торғайым кеудемде шырылдамақ.
Естігісі келмейді бәтшағардың,
Қорғасынмен құлағын тығындап ап.
Қайсыбіреу қарайды айдаһарша,
Түрпайы әзіл,түрпі сөз - қайда барсам.
Қайтер еді, ожардың шарығына,
Ашуымды қайтадан қайрап алсам?!".
Алайда Мұқаң сынды ашуды қайрап алу үшін әуелі Дональд Трамптың мына сөзіне де құлақ асқан жөн сияқты. Ол кісі:
"Әрқашан өз ашуыңыздың себебін анықтай біліңіз. Дегенмен оның жұмысқа қатысы бар болса, тек жағдайдың қаншалықты күрделі екенін білдіреді", - дейді.
Дегенмен қалай десек те Махмұд Қашқари айтпақшы: "Ашу қысса - ақылың ғайып болады". Ал ол ашу бізді қай кезде қысады? Бұл сауалға жауапты Шәкәрім атамыз берген екен. Оқып көрелік:
"Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,
Арамдық, өтіріктен - ерте сақтан.
Күні бұрын жуытпа маңайыңа,
Есер, есірік, ынжықтық - солар жақтан".
Иүгінеки Ахмед айтпақшы:
"Өз ашуын өзі баса білген адам - күшті адам". Оны білеміз. Соған орай Стивен Кинг: "Егер сіз өзіңіздің ашуыңызды ұстай алмасаңыз, ашуыңыз да сізді ұстай алмайды, - дейді. Себебі, Шал ақын айтпақшы: "Ашуланшақ келеді жарлы кісі".
Өкінішке қарай біз Шал ақын қаперге алған "жарлы" сөзін тек малға қатысты айтылған деп ұғамыз". Егер мән берсек, ашуға ерік бергендердің бәрі - жарлы. Беріден қайтсақ - ақылға, арыға барсақ - иманға жарлы. Соған орай аталарымыз: "Ақылыңа ақыл қос", - деген.
Сөз соңын Қадыр ағамыздың мына бір өлеңімен түйіндейік:
"Әу бастан-ақ үлесіне тиген бе,
Әдемі қыз ақмақ жанды сүйгенде;
Дұрыс сөздің дұрыстығын дәлелдеп
Өткізе алмай,
Жаның әбден күйгенде;
Жүлде тимей дәл ататын мергенге,
Жанкүйерлер болған кезде шерменде;
Жаман неме төрге шығып,
Жақсылар
Есік жақта отырғанын көргенде;
Жәй қарақұс аққуыңды ілгенде,
Жыртық тұрып тесігіңе күлгенде;
Бәрін қойып,
Аяғымен қи басқан
Әдебиет храмына кіргенде,
Татып тұрып ағыл-тегіл ас дәмін,
Танисың да адамдардың астамын,
Дөңгеленген дүниені
Ашудан
Келеді бір төңкеріп-ақ тастағың!
Ағайынға ұнамасын, ұнасын,
Адамзаттың көтеріп бар кінәсін,
Келеді шын дүниені төңкергің,
Бірақ стол төңкерумен тынасың!
Ашу — асау ақылыңа көнбейді,
Одан, әсте, ештеңе де өнбейді.
Өнбесе де төңкересің столды,
Оның өзі кейде қолдан келмейді.
Келе қалса,
Оғаш болып әлгі ісі,
Шырық бұзар атанады ол кісі.
Қайткенде де
Жамандықты көргенде
Күйіп кету —
Жақсылықтың белгісі!".
Құдияр БІЛӘЛ