ҚАШҚАРИ

ҚАШҚАРИ

75
3 мин
ҚАШҚАРИ

Махмұд Қашқари (толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед) (1029-1101) — түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін құрастырушы, энциклопедист-ғалым, атақты «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегінің авторы. Қашғарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан.

XI ғасырда«Диуани луғат-ат-түрік»еңбегін жазып, түркі тілдерінің мәртебесін көтерді. Кітапта тек түркі сөздерін теріп жазып, өзге тілден енген сөздерді қолданбаған. Ғалым бұл кітапта Бағдад оқымыстысы Әбдірахман әл-Басридың (VIII ғ.) «Китабул айни»атты еңбегі негізінде түзген. Сөздіктің түпнұсқасы жоғалған.

Түркі топырағында Яссауиден басталады деп танылып келген сопылық поэзия үлгілерін Махмұд Қашқаридің сөздігінен табуға болады. Ғалым өз сөздігінде 29 тайпаның этноним, топонимдерін, туыстық атаулары мен киім-кешек, тағам аттарын, салт-дәстүр ерекшеліктерін атап көрсетіп, ұсақ рулардың таңбаларына дейін сипаттайды.

 

 

***

Тау менен тау кездеспейді ғаламда,

Жолығады ал адамдар адамға.

***

Бақытсыздық басыңа кеп орнаса,

Сабыр етіп, сен шыдамды бол аса.

***

Ойланғайсың, бір күндері жиған байлық осынау,

Тасқын судай домалатып жүрмесінші, досым-ау.

***

Барлық еркек тыя алмас нәпсісін,

Байлық көрсе, ұмытады бақ құсын.

Ұмтылады үйрек ілер лашындай,

Дүниенің қуырады апшысын.

***

Сараң жандар жылап жанын қинайды,

Сөйтіп жүріп алтынды мол жинайды.

***

Атқан жебе ешқашанда қайтпайды.

***

Махаббатты құпияда ұстама,

Ажырассаң, сен боласың күстана.

Ауырғанын жасырмағын көзіңнің,

Аққан жасың әшкерелер өзіңнің.

***

Ұлым, дәйім қарапайым болғайсың,

Ертеңгі күн одан жаман болмайсың.

***

Ақылменен жасасаң сен әрекет,

Арыстандай жуасиды пәлекет.

***

Уақыт, шіркін, бір орнында тұрмайды,

Сарқып алып бар күшіңді зырлайды.

Бұлжымайтын заңы бар ғой өмірдің,

Жақыныңды бір-бірлеп те ұрлайды.

Тура көздеп атылса оның жебесі,

Таудың дағы сөгіледі көбесі.

***

Ұлым, саған қалдырамын ізгілікті мұра ғып,

Жақсы жолдас тауып ал да сенімінде жүр анық.

***

Өмірдегі түн де, күн де кезбелер,

Кезіккенде өмірің де өзгерер.

***

Ізгілікке ұмтыл барлық ақ таңда,

Толықтым деп ешқашанда мақтанба.

***

Негізінен шынайы бұл даналық –

Шындықтардан бой көтерер даралық.

***

Жанған оттың болмай қоймас түтіні,

Мінсіз жігіт табылмайды күпілі.

***

Бет-жүзіңе әжім салса заманың,

Іздемегін бояудан сен амалын.

***

Қиын күндер бір-ақ сәтте өтеді,

Сабыр жасап, сәл шыдасаң жетеді.

***

Дұшпан адам әуре етер талайыңды,

Шын дос адам жұмақ етер маңайыңды.

***

Еріншекке асу болар есік те,

Жалқауға жүк қозғай салар бесік те.

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс