ҚАРАША АЙЫ

ҚАРАША АЙЫ

528
5 мин
ҚАРАША АЙЫ

Біздің халық «Қараша келеді, жақсылыққа бақса, бетегеден биік, жусаннан аласа келеді, жамандыққа бақса, қары мен жаңбыры таласа келеді» дейді. Байқасақ, дана халқымыз көшпелі ел он екі айдың ешқайсысын да жамандамаған. Қараша тұрмақ, қаһарлы қаңтардың өзінен жылылық тауып, қыстың жазға бергісіз май тоңғысыз күндері деп сүйсінеді.

Бұл ай - күз бен қыс аралығындағы өтпелі кезең. Халқымыз кейде жамау-жасқау айы деп те атайды. Амалы мен атауы көп ай: «Қара күз», «Қаражат», «Қараж» деген атауы, «Қарашаның қайтуы», «Боз қырау», «Қараша», «Кіші қараша», т.б. амалы бар... Мал семіретін мезгіл. Малдың айтарлықтай қоң жинауы олардың қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік береді.

Ертеде салық малын осы айда жинаған. Оны халық қараж», «қаражшы» деп (қаражат жинаушы деген мағынада) атапты. Содан осы ай атауы қалыптасса керек.

Жиын-терімнің толық аяқта¬лар кезі осы кез. Көне Рим қағанатында, тіпті одан арғы Вавилон елінде де қарашаны «салық айы» деп атапты.

Бұрынғылардың айтуы бойынша: Қарашада қысқа шыдай алмайтын күйі нашар немесе ақсақ-тоқсақ мал сойылып алынады. Күн бұрынғыдан суытады. Қар түсе бастайды. Осы айда құстар көшін оңтүстікке бағыттайды.

Ауа райы аумалы-төкпелі болады, жауын-шашын көбеюі мүмкін. Шуақты сәттер күрт азаяды. Қарашада қар түсе бастайды, мұны халық «қарашаның қайтуы» деп атайды.

Қатты аяз басталғанда халқымыз «қырбастың қызылы келді» деп жатады. Бұл аязды күндер басталады дегенді білдіреді.

Жыл құстары туған мекенінен жылы жаққа бет түзеп, мәз дәуренімен қимай қоштасатын қиқулы уақ. Осындай өліара кезең...

Мысалы, хакім АБАЙ:

Қарашада өмір тұр,

Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?, - деп күрсінсе,

ҚАДЫР ақын:

Құстар да жоқ күні кеше шуласқан,

Қара бұлттан көрінбейді дулы аспан, - деп сағынып,

ИСРАИЛ ақын:

Мезгіл ауып барады Қарашаға,

Хал-жайыма Қараша қараса ма?, - деп сұраулы жүзбен қарайды.

Расында, күннің жылысы кетіп, қысқа қарай бет алғанда сонымен бірге адамның нәзік жаны да мұңға берілгендей, ойға батқандай, бір нәрсені сағынғандай күй кешетін секілді.

Қарашаны кейде «қауыс» деп те атайды. «Қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал барын білесіздер. Оның мәнісі – қысты көтере алмайтын арық-тұрағыңды сойып же, не сат, енді бұндай қыстан шыға алмайды, күтімі қиындайды деген ескерту.

Қараша айында ауа райы аумалы-төкпелі болады, тез өзгеріп, құбылып отырады.

Осы мезгілде келетін амалды қазақтар бірнеше кезеңдерге бөлген. «Қарашаның қанат қағары», «Қарашаның қанат жуары», «Балалы қарашаның ұшуы» және тағы басқа атаулармен атаған.

Қарашада жауған қар қанша күн жатса сонша ай қыс болады деген халқымызда болжам бар.

Қараша айында ауа райы жауын-шашынды болғандықтан жиі-жиі мұздақ тұрады. Осы уақыттарда қырлықтағы дуадақ, қараша секілді ірі құстарға аңшылық басталады. Құс аулаушылар таңертеңгі уақыттарда, жарық болмай далаға шығып кетеді. Олар күні бұрын аттарын дайындайды. Шапқанда аттың аяғына оралғы болмауы үшін құйрығы шарт түйіледі. Мұндай аңшылық-саятшылыққа көбіне жүйрік аттар мініледі. Айнала тегіс жарық болғанда құс аулаушылар, құстар түнемелікке қонып ұшатын аймаққа жетеді. Аңшылар құстар көтеріліп ұшып кеткенше, ірі құстардың бірнешеуін қамшымен ұрып алады. Мұздақтан қанаттары қатып қалған құстар қапелімде жедел көтеріліп ұшып кете алмайды. Мұндай саятшылық түрі өте сирек кездесетін жағдай.

ҚАРАША АЙЫНДАҒЫ МЕРЕКЕЛЕР МЕН АТАУЛЫ КҮНДЕР

5 қараша – Сыртқы барлау күні;

8 қараша – Статистика күні;

10 қараша – Дүниежүзілік жастар күні;

10 қараша - Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні;

11 қараша - Энергия үнемдеу күні;

13 қараша – Халықаралық зағиптар күні;

15 қараша - Ұлттық валюта-теңге күні, Қазақстан Республикасы Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі;

16 қараша – Халықаралық толеранттылық күні;

17 қараша – Халықаралық студенттер күні;

19 қараша – Халықаралық темекі шегуңге қарсы күрес күні;

21 қараша – Дүниежүзілік сәлемдесу күні;

25 қараша - Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні;

26 қараша – Дүниежүзілік ақпарат күні;

Қарашаның үшінші жексенбісі - Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні. 

Әзірлеген Айгүл САҒЫМБАЙ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс