АДАМ ӨЗ ТӘКАППАРЛЫҒЫНЫҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛАДЫ...

АДАМ ӨЗ ТӘКАППАРЛЫҒЫНЫҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛАДЫ...

131
2 мин
АДАМ ӨЗ ТӘКАППАРЛЫҒЫНЫҢ ҚҰЛЫНА АЙНАЛАДЫ...

Дәулеті тасыған бір жігіт әкесінің құлыптасын реттеп, мазарын тазалатпақ үшін зиратқа келеді. Сол жерде шөп шауып жүрген бір жұмысшыға жолығып:

– Ақыңды төлеймін, әкемнің жатқан жерін тазалап, құлыптасын жөндеу керек, – дейді.

– Ақы төлемесеңіз де болады, көрсетсеңіз сауап үшін-ақ реттеп беремін, – деп жауап береді жұмысшы.

Жігіт жұмысшыны ертіп, әкесінің жатқан жерін көрсетеді. Мазарат реттелгенше, сол жерде қарап отырады. Жұмыс аяқталған соң, рахметін айтып:

– Қалай қарай жүресің, жеткізіп салайын, – депті жігіт. Жұмысшы бұл ұсыныстан бас тартып, зираттың тұрағында тұрған қымбат көлікке беттейді.

Көлікті ашып, отыра бергенінде әлгі жігіт арқасынан келіп:

– Бұл кімнің көлігі, – деп сұрайды.

– Менің, – деп күледі жұмысшы.

– Сен кімсің? – деп сұрайды жігіт таңдана.

– Бүгін жұмысшымын, ертең – кәсіпкер, арғы күні – мәйіт, – деп жауап береді жұмысшы, – Бауырым, байлықтың мастығы басып қалмасын деп, аптасына бір күн осы зиратқа келіп нәпсімді сындыру үшін жұмыс істеймін, – деген жұмысшы әлгі жігітпен қоштасып жөніне кетіпті.

P. S. Адам “мен” деген күні өз тәкаппарлығының құлына айналады екен. Білетіндер солай дейді…

Ештеңесіз келеміз, дүние үшін күресеміз, ештеңесіз кетеміз, дүние үшін сұраламыз.

 

Гауһар НҰРМАХАНҚЫЗЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс