Дүренің дауасы
Дүренің дауасы
29.10.2019 12:55
2953
0

Шығыс әлемінде Харун Рашитті білмейтін адам кемде-кем шығар. Сол бір атақты, әділ патшаның мұрагері Мамун медреседе оқып жүрген кезінде өзі ерекше құрмет тұтатын ұлағатты ұстазы ешбір себепсіз дүре соғып қоя береді.

Қараптан-қарап таяқ жеген бала:

– Ұстазым-ау, мені неге сонша жазала­дыңыз? Мен не істеп қойдым? Бірдеме бүлдір­ген болсам, айтыңызшы?! – деп реніш білдіреді.

Ұстазы баланың ренішті сөзіне тіл қат­пайды. Бала қайта сұраса, ол тіс жармайды. Бұл оқиға Мамунның есінде қалады.

Содан уақыт зымырап өте шығады. Бала Мамунның есейіп, патша тағына отыратын кезі туады. Таққа жайғаса беріп, қолына шоқпарын алады, содан соң баяғы дүре соққан ұстазын шақыртады.

Сөйтіп, ұстазына бала кезінен жауапсыз қалған сұрағын қайта қояды.

– Сол кезде мені неге таяқтың астына алдыңыз? Қандай кінәм бар еді?

Сақалын қырау шалған қарт ұстаз езу тартып:

– Ұмытпапсың ғой, шырағым, – дейді.

Орнынан атып тұрған патша:

– Қалай ұмытамын, айтыңызшы, қалай ұмытамын?! Біле білсеңіз, сол соққы сүйегімнен өтіп, жүрегімді жаралады! – деп, қабағын түйіп кіржіңдейді.

– Жарайды, балам, – дейді ақсақал. – "Сені ренжіткен болсам, көңіліңе алма. Бұл дүние кем болғанымен, бір қайыры бар екенін естен шығарма! Ештеме бекерден-бекер болмайды.Әсілі зұлымдыққа, әділетсіздікке душар болған адамның қандай күй кешетінін және оны ешуақытта ұмытпайтынын білсін деп соқтым. Ешкімге зұлымдық жасамасын дедім. Өйткені, зорлық-зомбылық өзің көргендей қанша  уақыт өтсе де, жүректегі  сөнбейтін бір отпен тең!"-деген екен...

 

Мәлік Отарбаев

 

0 пікір