ҚАЗАҚҚА ДІН-ИСЛАМДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ТҮСІНДІРУІМІЗ КЕРЕК
ҚАЗАҚҚА ДІН-ИСЛАМДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ТҮСІНДІРУІМІЗ КЕРЕК
19.10.2020 11:10
696
0

Былтыр бір құдағиымның құдағиы Алланың рахметіне қауышқан болатын. Өздері туды бітті осы Арқаның қазақтары. Құдағиымыздың артында қалған ұл қыздары жылдық асы құдайысын беріп өздерінің аналары алдындағы парыздарын орындады. Құдайы асқа көрші қолаңы бар, ағайын дос, жаран бар - екі жүз, үш жүзге жуық ел жиналыпты. Кештеу барып қалдық, ауылдастарының арасынан бос орынға жайғастырды. Әлгі орта «қара орыстардың» ортасы болып шықты. Өздері Атбасардан келгендерін айтып жатты. Жас шамалары қырық пен алпыс арасы. Олардың оқылған құран, жасалып жатқан дұға, астың діни мәні мен маңызы, парыз бен қарыз сияқты ұғымдарға онша бой бермейтіндіктерін байқадым. Айқайлап, орыс тілінде әзіл араластырып отырды. Ет тураған жігіт ағасы, қарсы жақта отырған құрдасы болу керек, соған жіліктерді лақтырып отырып, кешке «закускаға» керек болатынын да қосып қойды.

Бұл арада айтайын дегенім, біз дін құбылысын көбінесе, ұлттық, болмыстық тұрғыдан тарихи аспектіде қарастырамыз да, діни тәжірибе процесіне онша назар аудара бермейміз. Діни тәжірибе – ол үздіксіз процесс. Қарапайым тілмен айтқанда, тарихи санамен қоса біз исламдануға, білім беру процесінің үздіксіздігіне баса назар аударуымыз керек. Білесіздер, бізде діни білім беру қоғамдық проблема ретінде қарастыралады. Себебі – зайырлы елміз. Бірақ, мына бауырларымызды тек бет сипау амалынан әріге үңілтіп, тереңірек діни негізде білім беруге тиіспіз. Сол арқылы ғана қазақ ұлтының басқа ұлттан айырмашылығын сезіндіреміз. Сосын, дінді, исламды қазақ тілінде ғана түсіндіруіміз керек. Дін ислам қазақ тілінің дамуындағы өз орнын бүгін тағы көрсету қажет. Сол ауылдың имамына құлаққағыс: діни таным, мәдени болмыстық құндылық өз алдына, діни тәжірибе мен имандылық негіздерін, сол арқылы ұлттығымызға сай қазақ болуды қоса уағызына қосып, осындай аста, қай жерде болмасын, саналарын сілкіп отырмаса, мына қазақтарымыздың жағдайы қиындау екен. Бұл жағдайда нақли методы керек болып тұр. Яғни формамызды да қалыпқа салу да керек екен деген хәл кештім.

Себебі, қазақ деген ғарыш, болмыс осы тіл арқылы ғана дамиды. Ұлт болып, мәдениет болып сақтала алады. Басқа жол жоқ. Ендігі мәселе: кез келген рухани және матералды қабаттардың барлығын тілді дамытуға жұмсау керек. Ислам діні – қазақ мәдениетінің мазмұны.

Формасының бірегейі – тіл. Форма мен мазмұн бір болса ғана болашағы болады. Бұл ғылыми теориялық қағида. Ал енді ислам әлемге жеткен дін, сондықтан оны универсалды тілде де оқыта береміз деген сөз, ол – ислам интернационализмінің, былайша айтқанда, ислам үмметшілігінің ұстанымы. Бұған да құрметім бар. Менің қайғым, ділім де, дінім де, тілім де экзистенциалдық қабілетке қөтерілсін. Мен бүкіл халықты ұлтсыздықтан, жахандық шабуылдан қорғай алмаймын, бірақ, қазақтың рухани кеңістігі мен болмыстық қабаттарының сақталуы мен дамуына немқұрайлы қарауға қақым жоқ. Сондықтан, мен бұл мәселеге онтологиялық тұрғыдан қараймын. Яғни, болмыстық тұрғыдан. Ол деген сөз – дін мен мәдениет тұрғысынан екеуіне тең қарау деген сөз.

Қазақ бірнеше ғасырдан бері мұсылман. Оның мәдениетінің мазмұнында ислам жатыр. Ал мәденитеттің ең басты критерииі ол – тіл. Енді осы мәденитеттің дамуы да тікелей тілге байланысты. Қазір Құдайға шүкір, жастарымыздың өз дініне деген ұмтылысы қуантарлық. Ал, ислам діні қазіргі ислами білім беру тілі қазақша болса ғана қазақ мәдениетіне дем береді, қазақ мәдениетіне қызмет етеді. Демек, «қара орыс» бауырларымызды, өз мәдениетіне ислам діні арқылы қазақ тіліне тартуды стратегия ретінде қоймасақ, онда бұл нағыз бейшаралық болып табылады. Тарихқа қарап отырсақ, кезінде Иасауи дәуірі, Селжұқ билігі кезінде діни білім парсы тілінде беріле бастады. Барлық қабаттарда парсы тілі басымдыққа ие болды. Ал түркі тіліндегі көшпелі ел тек түркі тіліндегі діни білім беру процесі арқылы исламға енді. Иасауидің ролі мұнда да айрықша. Болмаса, Самани билігі кезінде барлық рухани саяси қабаттар араб тілінде жүргізілді. Сол кезеңде барлық Орта Азиядан шыққан ғұламалар еңбектерін араб тілінде жазды. Фарабидің өзі араб тілінде ой қорытты. Абайдың да телегей теңіз біліміне таңданатын Ғұламахи Даууани деген данамыз да парсы тілінде жазды. Олардың мына өркениетке, мәдениетке деген мұралары тек аудармалар арқылы тамтұмдап еніп жатты. Бірақ бұл еңбектер қазақ мұсылмандығының діни танымынан орын алғанымен, діни тәжірибесіне, діни психологиялық танымына әсері шамалы еді. Яғни, қазақтың мәдени болмысына, оның тілдік ойлау мүмкіндігіне ықпал ете алмады. Қазір елімізде ұлттық болмыстық проблемалар жан жақты болып тұр. Діни таным үшін орыс тілді халыққа исламды орыс тілінде беру дұрыс шешім. Бірақ, бұл шешім қазақтың мәдениетін дамыту стратегиясына қызмет етпейді. Шындығына келсек, кейбір қазақ бауырларымыз онсызда қазақ мәдениетіне қызмет ете алмайды. Қазақ мәдениетіне қызмет ететін қазаққа қазақ тілінде исламды беру – сапаға қызмет ету. Ал, қазақ тіліне, мәдениетіне қызмет ете алмайтын қазақтарға исламды тағы да орыс тілінде беру – ол санға қызмет ету. Міне бұған қоса, қазіргі уахабизммен уланған жастарымыз да орыс тілді деген тұжырым бар. Сондықтан оларға орыс тілінде дәріс берілсін деген шешім қабылданып жатыр. Көрдіңіз бе, қазақтың проблемасы көп қырлы, шаш етектен. Бірақ мұны ғылыми теориялық талдаулармен, социопсихологиялық механизмдермен шешуге болады. Жалпы мына жахандық қысымда ұлттық мәдени бірегейлікті дамытуда, сақтауда ислам дінінің де қазаққа қызмет етуінің жолдарын толық қарастырып болған жоқпыз... Себебі: бізде исламды проблема шешуші дін ретінде емес, проблема туғызушы дін ретінде қабылдау психологиясы басым. Бұл психологиядан да өз діні, өз тілі, өз тарихы мен өз болмысынан жаттанған мемлеттік және қоғамдық институттар арылып болған жоқ. Сондықтан бұл мәселе уақытпен шешіледі деген үміттемін. Ең бастысы – қазағым аман болсын, ол, тіпті, орыс тілді, ағылшын тілді болсы да!!! Форма болса, мазмұн келеді. Сан болса, сапа да болады. Бұл – ғылыми танымдық тұрғыдан кез келген аксиологиялық мәселелермен айналысатын ғалымдар үшін түсінікті жайт. Ең бастысы бұл – қазаққа ой салу үшін жасалып жатқан әрекеттер.

 

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ

0 пікір