ҚАЖЫЛЫҚ – ҚЫДЫРУ ЕМЕС, ЖАРАТҚАННЫҢ ПАРЫЗЫ
ҚАЖЫЛЫҚ – ҚЫДЫРУ ЕМЕС, ЖАРАТҚАННЫҢ ПАРЫЗЫ
31.07.2018 13:05
2474
0

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, біз зайырлы мемлекет құра отырып, азаматтарымызды діни сенім бостандығымен қамтамасыз ете алдық. Еліміздің сыртқы саяси мүдделерін кеңауқымды қамтуда және ұлттық мүдделерін қорғау барысында Қазақстанның ислам әлемімен ынтымақ­тастығы ерекше орын алады. 1995 жылы Ислам конференциясы ұйымына кіргеннен бері Қазақстан мұсылман әлеміндегі мәселе­лерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сыңдарлы саясатының арқасында тәуелсіздікпен бірге бізге діліміз, тіліміз, дініміз қайта оралып қана қоймай, өркен жая бастады. Ел мұсылмандары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында топтаса білді.

Елімізде діни рәсімдерді орындау ешбір кедергісіз жалғасын тауып келеді. Діннің шын мәніндегі өркениетті, адами тәрбиені, демократияны ұлықтайтын асыл қасиеттерін халыққа жеткізіп тарату мен түсіндіру – еліміздің дін саласындағы саясатының бірегейі. Біздің зайырлы мемлекетіміздің тұрпасына сай қоғамда имандылық, моральды, азаматтық нормаларды қалып­тас­тыру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам дінінің елімізде өркендеп, қанат жаюына атсалысып, өздерінің қомақ­ты үлесін қосып келеді. Елімізде халқымыз ұлттық рухани құндылықтарды, дінді, әдет-ғұрып пен дәстүрді қайта түлетіп, бәрін толық атқаруға тамаша мол мүм­кіндіктер бар. Тіпті Елбасымыздың тікелей Жарлығы­мен православиелік Рождество және Құрбан айттың алғашқы күні Қазақ­станда ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, демалыс болып жария­ланды. Халық арасын жақын­датып, аразды татулас­тыратын, туысқандық байланысты күшей­туге итермелейтін мұндай мереке­лердің қоғамдағы маңызы да зор.

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейін хал­қымыз мұсылмандық парыздарын өтеуге мүмкiндiк алды. Қасиеттi Мекке, Мәдинаға қажылыққа баруға жол еркін ашылды. Қажылыққа барушы адамдардың санының күннен күнге өсуі – осының бір дәлелі. Егемендік алғаннан кейін 1991 жылы тұңғыш рет Қазақстаннан 21 адам қажы­лыққа аттанса, 1993 жылы Қазақстаннан 300-ден астам адам қажылыққа аттанды. Сол бiр тарихи мерзiмнен бастап, күнi бүгiнге дейін жылда республика мұсылман­дары қажылық парыздарын өтеп қайтуда. Мекке, Мәдинаға сапар шегiп, қажылық парыздарын өтеу бақытына ие болған бауырларымыздың қатарында елімiздi мекен еткен 26 ұлттан тұратын отандастары­мыз түгел қамтылған. 12-95 жас аралығын­дағы азаматтар арасында елiмiзге танымал қоғам қайраткерлерi, ғылыми зиялы өкiлдерi, өнер жұлдыздары да бар. Олардың көпшiлiгi қасиеттi Мекке, Мәдинадан оралған соң, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге өз үлестерін қосуда.

Жалпы, қажылық деген – сән-сал­та­натымен серуендеу, қызықтап қыдыру емес, қиындығы мен машақаты қыруар, орын­далуы ауыр, әрбір мұсылманның жауап­кершілігі жоғары парызы әрі Жаратқан Алланың сынағы. Сондықтан қажылық – адамды сабырлылық пен төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кіші­пейілдік пен ізгілікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімі. Ислам ғалымдары қажылықты дұрыс атқарған адамның бақи дүниедегі сыйы жәннат екенін, ал фәни дүниедегі сыйы ретінде үзілмейтін ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы, сонымен қатар күллі күнә-кемшіліктердің кешіріліп, мүминнің анадан жаңа туған сәбидей пәк қалыпқа түсетіні жайлы Мұхаммед(с.ғ.с) Пайғамбар хадистерінде айтыл­ғандығын насихаттайды. Міне, сон­дық­тан Құдайдың қасиетті еткен қаласына қадам басып баратын азамат­тарымыз өзде­рінің амандығымен бірге еліміздің де береке-бірліген тілей отырып, асқан ұйым­шылдықпен барып келеріне бек сенімдіміз.

Биыл «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген ағылшын ғалымы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітабында қажылық туралы «….әрбір мұ­сылман егер бұған кедергі болатын жағдай­лар болмаса, ғұмырында кемі бір рет қажылық жасауы тиіс. Әрине, қажылар ең әуелі Мұхаммедке құрмет көрсетеді, бірақ шынтуайтында қажылық санада Пайғамбар­мен қатар Ибраһим, Исмаил және Ажарды жаңғыртады. Сырттай бақы­лаушыға қажылық бір қызық рәсім секілді көрінуі мүмкін. Әдеттегідей, жат жерліктер үшін бөтен елдегі әлеуметтік және діни дәстүрлер қызық болып көріне береді. Дегенмен де қажылық көбіне діни тәжірибенің ерекше толқынысын туғызады, сондықтан да ислам руханиятының әлеуметтік және жеке тұлғалық шегін тамаша көрсетеді. Қазіргі кезде белгілі уақытта Меккеге қажылыққа келгендердің арасында тек арабтар емес, барлық ұлттық мұсылмандары бар, осы­лайша басқа жұрттың адамдары да ежелгі араб ғұрпымен айналысуға мүмкіндік алды. Қажылардың бәрі дәстүрлі киімге оранып, нәсілдік және таптық айырмашылықтан ада күйде Қағбаға жақындап, әрбір мұсылман уақытша болса да күйбең тіршіліктің қамы­тынан босайды. Олар эгоистік құмарлықтан арылып, бір ғана нәрсені назарға алып, бір бағытта қозғалатын үлкен қауымның ішіне сіңіп кетеді» деп жазады.

Расында, осы жерде көптеген адамның таза ниеті мен тура амалының арқа­сында тілектерінің қабыл болып, бақытқа бөленгендері ақиқат. Қажылық сапардың салмағына сабыр етіп, маңдай терімен табылған малды сарп етіп, бала-шаға, отбасы мен ағайындарды артта қалдырып барады. Қажылық рәсімін өтегісі келетін қауымның саны жыл сайын артып келеді. Мұсылманның бес парызының бірі сана­латын осы бір парызды өтеу – әркімге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Биыл сол мүмкіндікке қол жет­кізу үшін министрлік өкілдерімен бірлесе, еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өзі басқарып барып, 3 мың квота алып келді. Отандас­тарымыз Қағбаны бетке алып, бес пары­зының бірін өтемекке ниет етіп отыр. Бұл былтырғымен салыс­тырғанда 500 квотаға көп. Үш мың квотаны Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы 18 туристік фирмаға бөліп берді. Елімізде қажылыққа баруға кез келген азамат кезексіз және бірнеше мәрте бара алады. Мәселен, 210 млн мұсылман тұратын Индонезияда аза­маттар қажылыққа бару кезегін 6 жылға жуық күтеді екен. Ал Түркияда кезекте жүз мыңдай мұсылмандар тұрса, Өзбекстанда бұл кезекті бес жыл, Тәжікстан мен Қырғызстанда 2-3 жыл күтуде. Тіпті Сауд Арабиясының өзінде Меккеден басқа қалалардан қажылыққа бес жылда бір рет келуге ғана рұқсат етіледі екен. Қазірдің өзінде әлемде алғашқы қажылар легі Сауд Арабиясына бара бастады.
Ислам дінінің негізгі іргетасын құрайтын бес парыздың бірі болған қажылықты елі­міздің азаматтары да еркін өтеуі үшін барып келуіне барлық мүмкіндіктер жаса­луда. Ешқандай нәрсе назардан тыс қалмаған. Олардың кейбірін назарға алып өтелік.

– Заң бойынша, Қазақстанда дінмен тіркелген діни бірлестік қана айналыса алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – діни бірлестік. Ал қажылық пен ұмра – діни рәсімдер, яғни туризм емес. Сондықтан заңға жүгінсек, қажылық пен ұмра – тек діни бірлестік айналыса алатын мәселе. Сондықтан Діни басқарманың имамдарынан, медициналық қызметкерлер мен басқа да мамандардан құралған Қазақстан қажылық миссиясы жыл сайын қажылыққа кеткен азаматтарымыздың амандығын, олардың барғанда жасайтын құлшылығын қадағалап отырады;

– елімізден қажылар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларынан тікелей рейс арқылы Сауд Арабиясы корольдігіне ұшатын болды. Бұған дейін Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейстердің болмауына байланысты жерлестеріміз Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақүйлерінде немесе күту залында 15 сағаттан аса уақыт күтіп қалатын. Ал қазір еліміздің әуежайларынан ақ матаға оранып, ихрам киіп алған ата-әжелеріміз қинал­мастан, жолай басқа ұшаққа ауыспастан, бес жарым сағат көлемінде Жидда мен Мәдина қаласына жетуіне мүмкіндігі бар. Бұл дегеніміз, ұзақ жол жүруден шаршамайды. Екіншіден, өзге елдің ұшақ бекеттерінде ұзақ уақыт рейстерін күтіп жатпайды. Уақытты үнемдейді, сонымен қатар қара­жаттары да үнемделеді;

– қажылыққа баратын азаматтары­мыздың идеологиялық және рухани қауі­п­сіздігі. Өзіміз білетіндей, қажылық – Қа­зақстан мұсылмандары діни басқар­масының тікелей араласуымен ұйым­дастырылатын сапар. Қажылық барысында әртүрлі кісілер кездесуі мүмкін. Қазір дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами сенім-нанымдарды шатастырушылар кездеседі. Қажылық уақытында олар өздерінің діни кітаптарын, парақшаларын тарататынын естіп жатамыз. Осындай мәселелерге жол бермес үшін ҚМДБ құрамында жұмыс істейтін білімді де білікті имамдар болады. Олар өзге елден келген бөтен біреулердің әртүрлі уағыз-насихат жүргізудің алдын алады;
– Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы жанынан қажылық сапарын ұйым­дастырумен айналысатын арнайы Қажылық миссиясы құрылған. Миссия құрамында уағыз-насихат тобы, дәрігерлер тобы, ақпараттық түсіндіру т.б. жұмыс топтар бар. Сырқаттанып қалған қажы­ларымызға медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Отандық дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етілетін болады;

– кейбір адамдар дұрыс түсінбестіктен, қажылықты табыс көзі немесе бизнес деп қабылдайды. Қажылықты бизнес деп қарау – үлкен қателік. Қажылық – ислам­дағы бес парыздың бірі, үлкен құлшылық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыруға келмейді. Осы тұста айта кету керек, еліміздегі қажылыққа алып баратын барлық туристік компания сынақтан өткен. Яғни, кез келген туристік компания қажы­лыққа алып баруға мүмкіндігі жоқ. Бұл дегеніміз қажылық жұмысының бір жүйеге түскендігін көрсетеді;
– Сауд Арабиясы Королдігі Қажылық министрінің талабы бойынша, қажылық сапарын ұйымдастыру бойынша тек сол елдің діни мекемелерімен келісім-шарт жасайды. Біздің елімізде Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасымен келісімшарт жасасқан. Сауд Арабиясы Қажылық ми­нистрі ешқандай коммерциялық фирмамен келісімшарт жасамайды. Сондықтан отандық фирмалар Сауд Арабиясы Қажы­лық министрлігі мен Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының талаптарын басшылыққа алады және сол бойынша жұмыс жасайды;

– биылдан бастап ҚМДБ-ның қажы­лыққа енгізген тағы бір жаңалығы – бірың­ғай үлгіде киім киеді. Бұған дейін әр фирма өздері тіктіріп, қажыларымыз әртүрлі киініп баратын. Енді олардың киімі негізінен ақ түсті болады. Әйел адамдардың көк түсті күртешесі бар. Киімнің артында «Қазақстан» деп жазылған. Бір жағында, ҚМДБ логотипі тұрады, екінші жағына әр турфирма өз бел­гісін қоя алады. Оң жақ иығында Қа­зақстан туының суреті бейнеленген. Бұл да – үлкен бір жетістік;
Қажылыққа барған әрбір азаматымыз кез келген мәселеге қырағылықпен қарап, сапар барысында туындаған мәселелерді жетекші және жауапты адамдармен бірге ақылдасып шешуі керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау сұхбатында қажылыққа қатысты «…дінге бас иетіндер шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін барса деп ойлаймын. Құдайға шүкір, дініміз өзіміздікі, қолымызға тиді. Қазір бізге ешкім одан алшақта деп айтпайды. Әркімнің өз еркі бар. Бірақ осыны дұрыс жолмен жүргізуіміз керек» деген болатын.

2018 жылғы қажылық маусымында еліміздің азаматтары 9-15 тамыз аралығында сапарға аттанып, 27 тамыз – 1 қыркүйек ара­лығында елге оралады деп күтілуде. Қажы­­лық парызын өтеуге сапарға шыққан азамат­тарымызды қасиетті Мекке мен Мәди­наға аман-сау барып келулеріне тілектеспіз.

Қажылық – мұсылман баласының рухани жаңғыратын уақыты. Ендеше, мемлекетте қажыларымыздың қауіпсіз әрі қолайлы барып келуіне бар жағдай мен мүмкіндікті жасап келеді. Осы бағытта қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады.

Балғабек МЫРЗАЕВ, 
Қоғамдық даму министрлігінің 
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары

 

 

0 пікір