СЕЗІМДЕРДІҢ ТАЛАСЫ
СЕЗІМДЕРДІҢ ТАЛАСЫ
27.10.2020 09:50
1313
0

Бірде сезім атаулы бас қосып, кім мықты деп дауласыпты. 
- Мен бәрінен күштімін, - депті Ғадауат, - Мен адамға жасай алмайтынды жасата алам. Менің арқамда Сатқындық пен Ашу пайда болған. 
- Жоқ, мен сенен де күштімін, - дейді Қызғаныш, - Менің арқамда ешбір сезім тумаса да, мен адамды қылмысқа итермелеймін, тіпті кісі өлтіруге де. 
- Бұларың не? - деп күйінді Жалғыздық. – Кісі өлтіру деген не тұрады? Мен адамды өз-өзін өлтіруге жеткізе аламын. 
- Олай демеңдер, - деді Мейірім, - Неге мұндай сорақы нәрселерді айтасыңдар? Мен күштімін. Мен жоқтан бар тудырамын, бөлісуге, сыйлауға бейімдеймін. 
- Па, шіркін! Оның несі таң екен? – деп сөзін бөлді Ғадауат
- Оның бәрі түк емес. Жоқтан бар тудыру деген не? Егер елдің бәрі бір-бірін жек көріп, қырылысып жатса, кімге керек сенің тудырған туындың? 
- Дауласпаңдар! Менен артық ешкім жоқ, - деді Махаббат. – Мен жақсы адамды жаман етемін, яки керісінше. Соңымнан ерте аламын. Мен кез келген кедергіні еңсере аламын. 
- Бірақ қазіргі заманда Махаббатты ешкім керек етпейді, - деді Опасыздық.
- Оның рас, Махаббат өзінің құдіретінен айырылғалы қай заман? - деді Күмән. 
- Ендеше, бәріміз бірдей болдық қой, - деді Немқұрайлылық. 

- Олай емес, - деді Даналық, - Өзінің күшін айтып тасынбайтын сезім бар. Ол әрбірімізден де күшті. Ол Сатқындық пен Ашуды жеңе алады. Ол Ғадауаттан қорықпайды. Ол Опасыздықпен мүлде таныс емес. Оның өн бойында Махаббат қана бар. Ол тудыра алады, сый жасайды. Ол қай-қайсыңнан да мың есе күшті. Бәріңді қосқанда да оған күштерің жетпейді. Өйткені, ол үрейді білмейді. Өз күшін де танымайды. 
- Мүмкін емес! - деп айғай салды бәрі. - Ондай сезім жоқ. Болса, қане, қайда? 
- Оның сендермен дауласатын уақыты жоқ. Ол қазірдің өзінде пенде баласын сақтап, қамқорлық жасап, қорғап отыр. Уақытын текке жұмсамайды. Ол ылғи да Бақыт пен Тыныштықтың күзетіп келеді. Өйткені, оның аты Аналық. 


Аударған Шынар Әбілдә

 

0 пікір