Дінді дамытудағы ақын-жыраулардың ролі
Дінді дамытудағы ақын-жыраулардың ролі
04.05.2018 09:35
5626
0

 Қазақ – талай ғасырдан бері алтын тіндей үзілмей келе жатқан өзіндік жол-жорлағысы бар іргелі де, текті ел. Жол-жоралғы дегенде қазақтың дініне, тіліне, тарихи, мәдени құндылықтарына қатысты жүріп өткен сара жолын еске алып отырмыз. Әсіресе, қазақ халқының мұсылман ел ретінде бүгінге дейін қандай соқпақтардан өтіп келгенін ерекше атап өтуге болады.

Қазақтың хандары мен жыраулары, шежірекеш-шешендері мен батырлары, ақындары мен күйшілері, би-мырзалары қалдырған мұраларға көз жүгіртетін болсақ, олардың ең алдымен келер ұрпақ қамын жеп, тәлім-тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлгенін байқаймыз. Ал тәрбиенің өзегінде қашан да имандылық, мұсылмандық, адамгершілік құндылықтар жататын болған. Бұрынғылардан қалған шығармаларда отанды сүю, қорғау, ар-намыс, ұят, тазалық, адалдық, туралық секілді мұсылмандықтан тарайтын қасиеттер мол кездеседі. Басқаны былай қойғанда, күйлердің өзінде тәрбиелік мән болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Талай қилы замандарда қазақпен бірге жасасып, жанына серік болған қара домбыра тек қана еріккенде ермек болды десек қатты қателесеміз. Бұрынғы халық оны жақсы түсінген. Әйгілі зерттеуші, абыз, этнограф Жағда Бабалықұлының еңбегінде күйдің өзі кейде түсінген жұртты ағыл-тегіл жылатып отыратыны айтылған.

Ал ақындар мен жырау, жыршы, термешілердің халық тәрбиесіне қосатын үлесі ұшан теңіз. Бұрынғы мен бүгінгінің арасын шалқар шабытымен, өнерімен жалғап жүрген, аталы сөзді алдына салып айдайтын қасиеті бар танымал жырау Алмас Алматов ағамыздың шығармашылығын зерделеп отырғанда, осындай ойларға келіп тірелдік. «Еділ мен Жайық екі өзен» деген толғауында: «Жыраудың сөзі насихат кешегі мен бүгінге» деп  қазақтың сөзі бір күнге немесе бір жылға емес, ғасырдан ғасырға жалғасып жататынын дөп басқан. Сұлу сөзбен өрілген насихат құлаққа жағымды, жүрекке сіңімді келетіні баршаға мәлім.

 «Текшелеп жиған сөздерім,
   Зат емес жұртқа сатылар.
   Кәусарлы сөзім қайнардай,
   Тасқындап таудан атылар,
   Сөз тауарын түсінер,
   Бегзада ерлер заты бар.
   Бір ауыз ердің сөзінде,
    Мың кісінің ақы бар»
 деп сөз қадірін асқақтатыны бар. Ақын-жыраулардың жалпы тәрбиеге қатысты айтқан сөздерін асыл дініміздің де дамуына қосылған үлес деп бағалау керек. Өйткені жыр, терме, толғаулардың қайсысын алсаңыз да, астарынан Құдайдың жөн сөзінің жұпары аңқып тұрады.

Әрқайсысы бір-бір төбедей жақсылықтың жаршысы болған жыршы-жыраулардың діни сауаты төмен болды деп те ешкім айта алмайды. Керісінше, діни құндылықтарды бойларына терең сіңіріп алып, оны ана тілінің құнарымен майын тамызып жеткізетіндей сөз шеберлері өтті.  Мысалы, Ыбырайым Құлбайұлының мына шумақтары діни насихаттан несі кем:

Қадір Алла жаратқан,
Түрлі мақұлық, жандарды.
Әнбие-мүрсал Пайғамбар,
Дін шырағы – шамдарды.
Солардың жолын ұстаған,
Қазы, мүфти, хандарды.
Біреулерді бай қылдың,
Малды түрімен айдарға.
Біреулерді би қылдың,
Халық ішінде сайрарға.
Біреулерді ер қылдың,
Қызыл, жасыл ту ұстап,
Арқа терісі құрыстап,
Жау ішінде жайнарға.
Әлемге жарық шам қылдың,
Күн менен жұлдыз, айларға.
Көрнекке біткен жүз, маңдай,
Сөйлерге біткен тіл, таңдай.
Қызыл тілім, сөйлеп қал,
Өлгеннен соң күн қандай?!

Неткен сұлу да, мәнді сөздер. «Тәтті болсын лебізің, жал-жаядай сүрленген», «семізін сөйле сөзіңнің, мың жылқының ішінде он жылғы қысыр байталдай» деп сөзге қойылатын жоғары талапты толғаулардың өзінен табамыз.  Осы үзіндіде иман шарты да, көркем мінез де, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару да, тарихтың қатпарлары да қамтылған.

Бабаларымыздан қалған сөз өрнектерінің тақырыптық аясы өте кең. Бүгежектеп, бір тақырыптың мазмұнынан шыға алмай, тыпыршып жатқан жырау көрмейсіз. Хандық дәуірінен бері қарайға жыраулардың атасы Бұқар бабамыз өзінен кейінгі сөз тізгінін ұстайтындарға нені айтып, не қоюға нақты жол сілтеп, бағыт-бағдар нұсқап кетті:

«Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы құдайды айт,
Төрт шадияр, Мұстафа,
Мұсқап ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі бұрқанды айт,
Кәлим алла – құранды айт,
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт...»

Өмірдің мәні, жастық шақ дейсіз бе, отанды, туған жерді сүю, оның қадір-қасиетін бағалау дейсіз бе, адалдық, туралық, кеңпейілдік дейсіз бе – бәрін де қазақы қаймағы бұзылмаған жырлардан табасыз. Қазақ санасында жатталып, қатталып келген миллионнан астам жыр жолдарында адам өмірінің бүкіл салаларын қамтитын өнегелі өсиеттер сақталып қалған. Мысалы, мына шумақ тыңдаушыны өсек пен ғайбаттан аулақ болуға шақырады:

Адамның ұға алмасаң ішкі сырын,
Сыртынан өсек айтып, ғайбаттама. 
Барар жері тозақ дейді ғайбатшының,
Сондықтан әр сөзіңе байқап қара!

Әрине, қазақтың жырлары Құран мен хадистен де жоғары тұруға тиіс деп ешкім талас тудырмайды. Алланың кәламы мен Оның сүйікті елшісінен (с.ғ.с.) қалған мол мұраның орны биіктердің биігінде. Ал енді сол шариғат талаптары мен мұсылмандық құндылықтарды көркем сөзбен жеткізу қазақтан өзге елдерде тым сирек кездессе керек. Мысалы, Ислам діні қарапайымдылық пен кішіпейіл болуға шақыратынын білеміз. Ал енді осы құндылық жыраудың тілінде былайша құлпырып шығады:

Бақ біткен сайын жұмсақ бол
Терідей сүтке иленген
Ойласпай ерте іс қылма
Қолыңа билік тигенмен

Жинақтай айтқанда, қазақтың сөз өнері теңдессіз тәрбие құралы саналады. Қиыннан қиысқан аталы сөздердің ұрпақ тәрбиесіне тигізген рөлі орасан. Ендігі жерде сол қазынаны дұрыстап игеріп, жақсылық жолында жұмсау кезек күттірмес ізгі істер қатарына жатады. Алла ел-жерімізді аман, жұртымызды тыныш етіп, басымыздан бағымызды тайдырмасын!

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

 

0 пікір